Мейрамбек! Бұл хатты Кенжеғалиға, Бекжанға, Жанғалиға да арнап жазуға болар еді. Олар әр кезде айтарын айтып, жазарын жазып, ой-пікірін, көзқарасын түрлі кеңістікте батыл білдіріп жүретін жігіттер. Оның үстіне бұл оң мен солын танып-білген, қалыптасқан буын. Ал сен Мейрамбек бұл кеңістікте өзің айтқандай, саяқтау жүресің. Түнеукүнгі «Сенбілік серуенге» берген сұхбатың мені осындай ойға табан тіретті. Оның үстіне сенің ойыңды өлшеп-пішіп, талғам-танымға, парасат-пайымға иек артып сөйлейтін бейімділігіңді байқадым. Адамды тану, бардың бағасын білу қат болып тұрған мына күндерде ой кемелдігі, пікір салмақтығы ауадай қажет. Бұл қасиеттің сенің қатарыңның бойынан көрініс беруі маңызды. Бұл мінез тереңдігі сенің буыныңда өзің дұрыс аңғарғандай, жетіңкірей бермейді. Ендігі әңгіме осы тұстан тарқайды.
Әредіктегі жазғаныңнан бір аңғарғаным, сен кітап оқығанды жақсы көреді екенсің. Әсіресе әдеби кітаптарды. Бұл жазбаңнан үкілі үзіндіні «Алматы ақшамында» жариялап та жібергенбіз. Мен осыған қуандым. Қадыр ағамыз «мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» деуші еді. Сен, сірә, жақсы музыкант қана емес, жақсы оқырман да боларсың. Бұл ойымды тәптіштеп отырғанымның бір себебі бар.
Бұрынырақта кішкентай даусы бар, бір танымал өнерпазға бір белгілі қаламгер кітабын беріп жібереді. Кітапта ол туралы бір эссе бар. Әлгі неме беріп жіберген кісіден «қай бетінде?» деп сұрапты.
Ал енді осындай бір кітапты тауысып оқымаған адамдар (мен оған кәміл сенімдімін) хабар жүргізеді, жұртқа ақыл айтады. Жалпы, осы кезге дейін байқағаным қазіргі руханият адамдарының басым көпшілігі оқымайды (Бүгінгі А.Әшімұлы, С.Оразбайды айтпағанда, кешегі Н.Жантөрин, Қ.Жәкібаев көп оқитын, интеллектуал болатын. Жалпы, бұл осы буынға, одан кейінгілерге тән, ең керек қасиет еді). Оның ішіндегі таланттыларының тез тоқырауының басты себебі осы.
Содан соң «толыспаған толстойлар, шала шекспирлер» (М.Әуезов) болып қалу оп-оңай, аз-кем талантына сеніп, ұмыт қалады (ұлып қалады десек те болғандай ма қалай?).
Мейрамбек!
Алла тағала саған қуаты күшті әншілік дарын, орасан зор музыкалық қабілет берді. Оның үстіне сен көп оқитын болып шықтың. Әдебиетті көп оқыған адамнан әдепсіздік шықпайды, алысқа барады. Осы тұрғыдан келгенде сен өз буыныңның алды болуың керек деп болжаймын. Кейбіреулерде дауыс бар, дарын бар, бірақ мынадай даралықтар жоқ.
Ойды ой түртеді. Мынадай да жағдай болады. Таяуда бір концертке барып отырып, әлгінің сценарийінде тағы да бір танымал қаламгердің сөзінің өріп жүргеніне аса таңырқай қоймадым. Бұл сауатсыздық пен жауапсыздық қайдан бастау алып жатыр деп ойлайсың? Қазір телеарнаның көбі Мұхтар Әуезов айтқандай, қаптаған сәл пысықтар, сәл шенеуніктер (Жайдарманшылар, шоумендер, т.б.), демек, тиіп қашып оқығандар, дилетанттар десе болады.
Бұлардан тереңдік, зиялылық, бекзаттық күту қиын. Оларда елдік, ұлттық мүддеден гөрі, тобырлық мүддеге, санаға қызмет ету басым. Орта, бағыт, деңгей басқа. Сондықтан бұлардан есті сөз, тірі сөз шыға бермейді. Демек, телеарнаң қандай болса, халқың да сондай болады деген сөз ғой.
Телеарна – миллиондар аудиториясы емес пе? Бұған жол беріп отырған кейбір телеарна басшыларының да деңгейі сол шамалас деп түйін жасауға болады. Кешегі Илья Жақанов, Ақселеу Сейдімбек, Жәнібек Кәрменов, Әшірбек Сығай, Сағат Әшімбай, Жарқын Шәкәрім хабар жүргізгенде бұның бірі де болған жоқ. Кілең іргелі, іңкәр ізденістер ғана есімізде қалды.
Мейрамбек!
Бұдан шығатын қорытынды – ендігі жерде әнші болу аз, қайраткер, күрескер болуға тура келеді. Ұлт үшін. Жұтылып кетпес үшін. Жүсіпбек Аймауытовта «Мәдениет дегеніміз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген сөз бар. Өнердегі әлгіндей әлеңкідей жаланғандарды жалғанның жарығына шығару керек.
Сен «Жұлдызды жекпе-жекте» осы қадамды бастап кеткендей көріндің. Бірақ бұдан да тереңдеу керек. Кешегі алтын сағаларға, тұнық бастауларға оралып отыру керек. Атаусыз қалған аяулы дарындардың атын жаңғырту керек. Өз жолын, даусын таба алмай жүрген әншілердің бағын ашатын да қазіргі гүжілдеген «гөй-гөйлер» мен безілдеген «беу-беулер» емес, солардың әндері.
Сен оқуыңмен қоса «әнді ерттеп, күйді мінген» (Жарылғапберді) жігітсің. Бір сұхбатыңда тұлпар мен есек жайында айтыпсың. Тура, тұрпайылау айтылғанымен, ойың дұрыс. Дұрысы тұлпар мен мәстек дейікші. Тіпті тұздықтай түссек, ғалым мен залымның, қаймақ пен маймақтың, мақау мен сақаудың да заманы бұл.
Қазіргі қоғамда не әрі емес, не бері емес, орташа «таланттар» үстемдік құрып тұр. Олар билікке де, басқаға да қай жағынан тиімді. Өйткені бұлар ешқашан жел жағыңнан жүрмейді. Бәріне келіскіш, иілгіш. Демек, басқасын былай қойғанда, өнердегі ең қауіпті топ осы. Олар өнерді күнкөріс құралына айналдырып алған. Неге олай? Себебіне үңіліп көрейін.
Қазір қаптаған топ-топ әншілер көбейді. Қарап отырсаң келіскен, сымбатты жастар. Қайда барсаң да бұлғаң-бұлғаң билеп, бақырып-шақырып ән айтады, әсіресе тойларда жол бермейді. Бірде Сәбит Оразбай ағам: «Шіркін, осылардың ішінде елге керек қаншама құрылысшы, философ, математиктер жүр-ау» деп еді.
Расында солай ғой. Әркімнің өз ісімен айналысуы деген біздің елде көптен бері тоқтады. Себебі ақша табу керек. Ал қазір жеңіл жолмен, жан қинамай, мұрын қанамай ақша табатын жер – той-томалақ.
Сымбатты, салтанатты, текті, бекзат, ақсүйек өнер осылайша өз болмысынан алыстап бара жатыр. Бұл бізді өз-өзімізден алыстату деген сөз. Теледидар тойханаға айналып кетті. Тойда жүрген әншісымақтар теледидарда да өріп жүр.
Мейрамбек!
Шақырған жерге бара беретініңді дұрыс айтыпсың. Бәйге атын көкпарға салмайды есті қазақ. Кешегі өзіміз бала күннен өнері мен өресіне сүйсініп өскен талай таланттарды осы той-томалақ, көңілжықпастық, мақтау-мадақ жұтып жіберген. Олардың тағдырын той шешкен. Мақтау таудан құлаған тасқын тәрізді, оған сеніп қалу оңай, ал одан шығу қиын. Сондықтан өзің сұхбатыңда аңғартқаныңдай, орташа таланттармен, әбден шегіне жеткен дәлдүріштікпен күресті күшейтпей, ұлттың рухани кеңістігін «Авгийдің ат қорасынан» (Ғ.Мүсірепов) тазартуға қазірден кіріспесеңдер, ертең өздерің соның «жемісін» көресіңдер.
Бүгінде экономикалық қылмыспен күрес жолға қойылған. Ал рухани қылмыспен күресу неге ойымызға кіріп шықпайды. Өнері өспеген елдің өзі де өспей қалады. Өзің рухтас жігіттердің басын қосып, дербес, тәуелсіз қуатты көркемдік кеңес құру керек. Көркемдік кеңес түрлі сала өкілдерінің (музыка, әдебиет, бейнелеу, балет, сәулет, журналистика, т.б.) басын біріктіруі қажет. Оған «қабасақалдар» мен «көксақалдарды» жолатпаған жөн. Ұлттың рухани-мәдени тегін, төлтума болмысын терең бағамдайтын бағдарлама дайындап, оны тиісті министрлікке балама ретінде ұсыну керек. Елбасы айтқан «қазақстандық мәдениет» негізін осыдан алу керек.
Шерағаңның «ең алдымен халқыңа тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң соның ішінде» дейтіні бар еді. Бірен-сараны болмаса, қазіргі баспасөздің өзі бөспесөзге айналып барады. Сондықтан жеке тұлғалардың сөзі өтімді. Бір кісінікі – мақұл, екі кісінікі – ақыл. Қазіргі жастардың кейбірі «аға» деген аурумен ауырып, «бәтіңке бауға» айналған. Ағаның айтқанының бәрі ақыл бола бермейді. Өзгенің қателігінен үйрене отырып, өзіңе сену керек.
Өзгенің пікірімен өмір сүру өте қауіпті құбылыс. Руға емес – рухқа, ағаға емес, Алашқа қызмет ететін кездерің. Мағжан сенген жастар – сендер.
Қазіргі телеарнадағы жаңалықтардың тақырыбы – өртенген үй, жылаған бала-шаға, асылып, атылып өлген, қаңғыбас адамдар, нашақорлық, жезөкшелік, жемқорлық, т.б.
Ал көрермен болса соның арасынан жылт еткен сәуле іздеп шаршады. Одан қалаберді қаптаған шоу, сериалдар. Құдайақы осылардың ілуде біреуіне болмаса ешқайсысына көңіл толмайды. Сериалдарда өнер болмайды. Телеарналардағы әншілерге, әнге арналған хабарлар бір-біріне сыпыра мақтан айтып, тамсанумен тарқасады. Ғажап, керемет деуге қымсынбайтын болдық. Ілуде бір айтылатын аяулы сөздердің қадірі қашты. Одан қала берді бір жәй әнші жоқ.
Бәрі жұлдыз және олардың байлығы, ғажайып, ертегідей тұрмысы, көпқабатты үйлері, иті, мысығы, жыртық джинсиінің санына дейін сөз болады. Халыққа осы керек пе?! Отыздан енді асқан азғантай даусы бар, әлі оңы мен солын танып білмеген, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен ботатірсек біреулер үлкен арналардан, радиодан «халқым» деп сөйлейді. Міне, біздің деңгей осы. Мұны айтып отырған себебім, сен өзіңді тек өнерпазбын, жақсы музыкантпын деп есептейді екенсің.
Сонша танымал бола тұра осындай қанағатпен шектелесің. Кішілік, кісілік деген осы. Ал сендегі талантты әлгілерге берсінші, төбемізді ояр еді. Демек, сендер (С.Майғазиев, Ж.Жексенұлы, Т.Серіков, Р.Әлқожа, Е.Нұржан, «Қоңыр» тобы, т.б.) бардың бағасын, рухани қанағатты білесіңдер. Демек саған, сендерге енді өнерпаздықпен қоса, рухани күрескерлікті де құстың қос қанатындай алып жүру керек болады.
Кең талант, кем талант деген болады. Кең талант өзінің келешегіне алаңдамайды. Ал кем талантта танымалдылығымды жоғалтып аламын ба деген қауіп күшті болады. Сол себепті әр жерден жылтың-жылтың етіп жанталасады. Жанталастың соңы жағымпаздыққа, жарамсақтыққа ұласады. Бұл – өнердің ата жауы. Міне, талантты адамдардың кейбірі де қазір осындай жолды таңдаған.
Ал сендердің танымалдылықтарыңа енді қауіп жоқ, қайта ол қайраткерлікке, ағартушылыққа ұласып, елге қызмет етуі керек. Елбасының өзі бағдарламалық мақаласында айтқандай, «егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса ол адасуға бастайды». Сондықтан сендердің қасиетті жұмыстарың сол адасумен алысу.
Есіме бір жағдай түсіп отыр. 1995 жылы Жапонияда болдым. Он төрт шаһарын араладым. Бір күні Токиода келе жатыр едік, пошымы өзгеше үйге көзім түсті. Бастаушыдан «бұл не үй?» деп сұрап едім, «кіріп шығайық, сосын түсінесіз» деді. Әр тұста жамырап жастар отыр. Қызу пікірталас. Шамасы 25-35 арасындағы жастар.
«Бұлар не деп қызылкеңірдек болып жатыр» деймін ғой. Сондағы әлгілердің ойы «Жапонияны қайтсек алға сүйрейміз, мына дәстүр тозды, мына жаңалық ескірді, жаңасын ойлап табу керек» дегенге саяды. Ал біздегі клубтарда не болып жатқанын сендер жақсы білесіңдер.
Көрдіңіз бе, өрімдей жастар елдің келешегін ойлап шырылдап жатыр. Ал біздің осы жастағы адамдар «халқым» деп сөйлеп, сандалып жүр. Мемлекет басшысы жиі айтатын қазақстандық патриотизм, интеллектуалды ұлт тәрбиелеу үлгісі осы емес пе?
Әрине сендер ол жастан асып кеткен шығарсыңдар, бірақ дер шақтарың екенін түсіну керек. Ол үшін біреуден, құзырлы орындардан көмек сұраудың қажеті жоқ, өз ойыңды, пікіріңді іркіп қалмай, қоғамдық орта қалыптастыру қажет. Ой терең болсын. Интеллектуалдық биіктік басты нысана, өлшем болуы керек.
Қадыр айтқандай, «рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы». Өйткені біз отбасы, ошақ қасының әңгімесіне әбден тойғанбыз. Елбасының атақты бағдарламалық мақаласының негізгі мұраты да халқымыздың биік мәдениетіне, рухани кемелдікке қол жеткізуді көздеу емес пе?!
Журналист үшін әлдеқандай болмаса, жабық тақырып деген бола бермейді. Соның ішінде өнер менің негізгі стихияма айналған. Демек, мұрныма исі барады. Қазақта «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген белгілі сөз бар. Ал енді осы сөзге «Әнші көп болса, ән арам өледі» деп жиендік жасауға тура келіп тұр. Ән салған жақсы-ау, бірақ қазір солардың бәрі эфирге шығып кетті ғой. Тіпті одан-бұдан әуен құрап, ұрлықы тірліктермен айналысатын біреулерді Шәмшінің қасына апарып қойғанда бетіңнен отың шығады. Әрине халтура ешқашан өлмейді, бірақ оның бетін қайтаруға, ығыстыруға болады. Ол үшін өздерің сынды биік деңгейдегі жастар бірігуі керек. Бұл бір мансап, атақ, қызмет қуып саясатпен, не болмаса түсініксіз тірліктермен емес, өз ісіңмен, нақты іспен айналысу деген сөз.
Мақсат тек қана ұлт руханиятының жағдайы болуы қажет. Рухани өрісті кеңейтетін, барақаттандыратын арнайы клубтар құрылып, ән театры, басылымдар, т.б. ашылып ой-пікірдің қан базарына айналғаны жөн. Белгілі-белгілі, өзекті деген тақырыптарды алып, үлкен сөз, үлкен ой айтылып, тиісті орындардың назарын аударып, ұсыныс-пікірлерді екшеп, іріктеп сонда жіберген абзал. Егер оған жауап болмай жатса, түрлі әлеуметтік желілерді іске қосу керек. Сонда одан халық та хабардар болып отырады. Қоғамдық ойдың өрісі кеңейеді.
Кеңес тұсында Алматыда рухани қажетіңді өтейтін бірлі-жарым орта болатын. Соның бірі – М.Әуезов мұражайындағы Халық университеті еді. Университетті профессор Р.Бердібаев ағамыз басқарды. Онда талай марқасқалармен кездесулер, керемет қоңыр кештер өтетін. Бізді өсірген сол орта, сол әңгіме еді. Ал енді осы рухтағы ғажайып кештердің бүгінде өрісін кеңейту қолға алынса, қаптаған арам шөптермен күресудің бірден-бір жолы осы ғой. Рухани жаңғыру деген осы емес пе?!
Ұлт құндылықтары, ұлттық өнер жаңа форматта жаңғыруы тиіс. Ол өмірдің талабы, рухани сұранысқа орай өзінің алтын бастауына жаңарып, жаңғырып қайта оралып отырады. Бұл – заңдылық. Біздің ұлттық өнер қазақстандық мәдениеттің бастауында тұруы керек.
«Тірі даусымды сағындым» деп жылаған әжептәуір әншіні де көргенбіз. Аз күндік атақ пен даңққа малданып кеткен әлгінің жылағаны маған буырқанған бураның көз жасын көргендей әсер етіп еді. Сондықтан сенде Құдай берген талант пен танымалдылық бар, енді соны жанкешті еңбекпен жалғастыру керек. Демек, тек әншілік қана емес, түрлі аспектідегі салмақты ой, пікірдің өнерді одан сайын өрістетіп, елді рухтандыратынын бір сәтке естен шығармау қажет.
Ұстазымыз аяулы Ақаң – Ақселеу Сейдімбек өзінен керемет музыкант шығатынына көзі жете тұра, ұлт руханияты үшін оның әр саласына олжа салып, ғылымға, ұлт рухын биіктететін сан-салалы тірліктерге араласуға тура келгенін жиі айтушы еді.
Демек, саған Алла тағала берген өнерін қайтып алмайды, сенің рухани күрескер болуың да міндеттеледі. Бұл – Ақаңның бізге қалдырған аманаты да еді. Біз осы төңіректе талай күндер кеңес құрғанбыз. Есесіне Ақаң қазақ руханиятына бағыт-бағдар болар қаншама бекзат дүниелер беріп кетті.
Бұл хат («Өнер – адамдармен сырласу» – Мусоргский) ақылым асып-тасқаннан емес, ұлтты ұлы ететін, әкең мен шешеңдей дана дәстүрлі өнердің биігі аласарып бара жатқанына алаңдап, көңіл кеңістігін бұлт шалғанда жазылып қалды. Бәрі де өтеді, хан да өтеді, қара да өтеді. Халықты адастырмайтын, алға апаратын Темірқазық ол сенің атаның күшімен, ананың сүтімен сіңген саф өнерің, төлтума болмысың.
Ойланайық, шырақ!
Құрметпен, Қали СӘРСЕНБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Просмотров материала: 2 394