Павлодар өңірі еліміздегі тіл мен діл майданындағы «ыстық нүкте». Біз бүгін сол қос тілді мекеннің көзі қарақты азаматтарын әңгімеге тартуға тырыстық. Сұхбатымыздың қонағы әйгілі Мәшһүр Жүсіптен қалған тұяқ - Ертай Қуандықұлы Мәшһүр Жүсіп.
Дереккөз: abai.kz
Аға, жақында қалада өткен бір жиында «оқшау ой» айттыңыз. Соның жалғасы іспеттес бір-екі сауалымызға жауап беруге қалай қарайсыз?
- Сұра бауырым, білгенімізше жауап беруге тырысайық.
Қазіргі Кереку өңіріндегі тіл ахуалына республика жұртшылығы алаңдаулы. Осыған не айтасыз?
- Қазақ тілінің көсегесі тек қана Кереку-Баян өңірінде көгермей отыр деп айта алмаймын. Бүкіл Қазақстан елінде жетім қозы сияқты маңырап қалған ана тіліміздің жағдайы мәз емес. Олай дейтінім, Үкімет тарапынан өтетін барлық жиналыстар, ресми кездесулер, қуыршақ Мәжілісіміздегі отырыстарымыздың дені ресми тіл деген мәртебеге ие болған, бірақ әлемде өшіп бара жатқан, қайдағы бір орыс тілінде жүргізіледі.
Павлодар облысы осы үрдістің көшбасшыларының бірі. Облыс басшылары Кеңес Одағы тарқағаннан кейін жиырма алты жыл өтсе де, өздерінің қазақ екенін мойындай алмайтын, сана сезімі төмен екендіктерін осы тіл мәселесінде айрықша білдіртіп қояды. Оларды қолпаштап, маңайында топталып жүрген саны бар да, сапасы жоқ, атқосшы-мемлекеттік қызметкерлер де өз ана тілінде сөйлей алмайтын мақаулардың қатарында.
Қаладағы қазақ мектептері мен бала-бақшаларындағы оқушылар, бүлдіршіндер қоңырау кезінде көпшілігі өз ара орыс тілінде былдырлап түсініседі. Бұған кінәлі кім десеңіз билік деп айтар едім. Неге билік деген қарсы сұрақ туындауы мүмкін.
Біріншіден, теледидардағы жүзден аса каналдың біздің елімізде орыс тілінде бағдарлама жүргізуіне рұқсат берген осы билік. Екіншіден, еліміздің идеологиясына қатысты бағдарлама жасамай елді ары-бері қалдырған да осылар. Үшіншіден, қазақ тілді азаматтарымыздың айтқан талап-өтініштерін ұлтшылдыққа балап, олардың артынан шам алып түсуі дер едім. Төртіншіден, Қазақстанды өз Отаны деп санайтын басқа ұлт өкілдерінің өте аз екендігі.
Бұдан бөлек, санай берсек санына жетпейміз. Оның барлығын басқалар да айтып жатыр ғой.
Бұл мәселені шешудің қандай жолы бар?
- Бұл мәселені қаржы, тіл комитеті, Үкімет, Парламент те шеше алмайды. Бұл мәселені тек қана бір адам шешеді. Ол Кісі таңертең тұрып, жанындағы көмекшісіне «сен неге қазақша сөйлемейсің, оңбаған?» деп бір зекісе, түстен кейін бүкіл шенеуніктер қазақша мақал-мәтелмен сөйлеп кетеді деп ойлаймын. Әрине, бұл жүздеген заң қабылданып, миллиардтаған ақша шығындалып, бір бағы ашылмаған сорлы Тілімізге деген оң ниеттен туындаған ой ғой.
«Нұрлы Жол», «Нұрлы Жер», «Нұрлы Ел» сияқты «Нұрлы Тіл» деген бағдарлама қабылдау керек сияқты. Бірақ, оның бәрі тіліміздің көсегесін көгертпейді. Тіліміздің мәртебесі тек қана бүкіл халық талап еткен жағдайда ғана биікке көтеріледі. Өйткені, тарихтан белгілі бір қағида «халық қаласа, хан түйесін сояды». Бірақ, біздің халқымыз «қалау» деген құқығын «ас үйде отырып армандау» деген дағдымен алмастырып алған сияқты. Осы екеуінің орны ауысса тіл мәселесі шешіледі.
Павлодар қаласында тілден кейінгі «күйіп тұрған» тақырып ол – ономастика. Кутузов, Ломов, Ленин, Суворов көшелерін өзгертуге кім кедергі? Не кедергі?
- Осы Павлодар қаласына келген барлық қонақтарымды темір жол бекетінен қарсы алып, үйге бара жатқан кезде айтатын бір әзілім бар. «Кутузов, Суворов деген жігіттер біздің ауылдың балалары ғой. Солардың тараған ұрпақтары облысымызды жиырма алты жыл бойы басқарып келе жатыр. Қалай олар өз аталарының есімін сызып тастайды?» Бұл көшелердің атын өзгертуге орекеңдерден бұрын, осы Керекудің керең қазақтары кінәлі.
«Құлағымыз үйреніп қалған, айтуға оңай, басқа ақша шашатын нәрсе таппадыңдар ма?» деп байбалам салатын да өзіміздің сүмелектер. Әйтпесе, қаламыздағы кәрі-құртаңы қалған орыс өкілдері көшелерді өзгертуге қарсы емес. Тағы да кінәлі тарап, кедергі келтіруші барлықтарыңыз білетін билік өкілдері.
«Рухани жаңғыру» деген сөз бұл күні журналистердің аузында «брендке» айналды. Екі мәдениеттің маңдайы тоғысқан Кереку қалай «рухани жаңғыруда?»
- Өз басым екі мәдениеттің тоғысқан мекені деген сөзге қарсымын. Өйткені, бұл елде тек қана қазақтың мәдениеті бар. Өзге елдің әкелген «мәдениеті» қылмыс, түрме, боғауыз, арақ-шарап, арсыз қылықтар. Ал, енді «Рухани жаңғыру» дегенге айтарым, әуел бастан осы тіркесті қалай түсінерімді білмей, дал болдым. Қазақта жаңғыру деген тау арасында жүріп сөйлегенде пайда болатын жаңғырық деген сөз бар. Сол ма деп ойладым. Оған ұқсамайды. Сосын, ойладым әлде жас тоқал алғандар төсек жаңғырту деп айтушы еді, сол ма деп қалдым. Есі дұрыс, көзі қарақты, қазақ тілін бір адамдай білетін азаматтар руханиятты жаңғырту мүмкін емес екенін түсінуі тиіс. Өйткені, әр елдің руханияты ғасырлар бойы қалыптасады. Ол жаңғыртатын төсек емес.
Менің ойымша, руханиятымыздың негізгі діңгегі асыл дініміз – Ислам. Шынар бұтағы – әдебиетіміз. Халықтың басын неше түрлі боққа тұрмайтын жалаң ұрандармен қатырғанша, әлеуметтік-экономикалық ахуалын жөндеген дұрыс болар еді. Елдің жағдайы жақсы болса, өздері-ақ руханиятты ары қарай дамытып алып кетеді. Ал, енді, Кереку өңірі қалай рухани жаңғырып жатыр деген сұраққа айтарым, «қалай болса солай» деп жауап берер едім. Көшедегі жазуларын дұрыс жаза алмайтын қалада қандай рухани жаңғыру болуы мүмкін? Қол жетімді әртістерді шақырып, анда-санда жаңғырып, саңғырып қоямыз. Біздегі рухани үрдіс осындай. Оған біздің керекуліктердің еті үйреніп кеткен.
Осы рухани жаңғыруға қатысты «Сакральді Қазақстан» деген бағдарламаға жергілікті журналистер айдаладағы өліп қалған аң-құстардың сүйегі табылған «Қаз қонағы» аңғарын қосыпты. Бұл дегеніміз, әр ауылдың жанындағы «скотомогилниктердің» бәрі автоматты түрде қасиетті мекенге айналады деген сөз.
Просмотров материала: 2 798