«Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, жанымда күнде жүрген атамның қазыналы қарт, ақылдың кені, өмір жолы қиындық пен қызыққа толы жан екендігіне ешқашан мән бермеппін. «Туған өлкем» байқауы туралы қазақ тілі мұғалімі хабарлама айтқанда, маған алдымен «Кім туралы шығарма жазсам?» деген ой келді. Мұғалімім «Өз атаң қаламыздағы ерекше жандардың бірі, сол кісі туралы жаз»,- деп кеңес берді.
Атам туралы осы кезге дейін соншалықты деректерді білмегеніме алғашқыда ұялдым десем де болады; ал ол кісінің нағыз ерекше адам екенін білгеннен кейін осындай сайыс ұйымдастырған жандарға алғысым шексіз болды.
Менің атам - Мұса Абдос 1935 жылы 11 ақпан күні туған.
«Менің балалық шағым елімізге тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс қарулы күштерінің тыныш жатқан отанымызға шабуыл жасаған кезіне тұспа-тұс келді. 5 жасқа қараған шағымда әкем Отан қорғау соғысына аттанады. Дәлірек айтқанда тамыз айынан бастап әкем үш ай бойы Ақмола қаласында (қазіргі Астана) дайындық курсынан өтті. Ол кезде Макинск қаласына машина жүретін жол болғанымен жолаушылар қатынасын жасауға автобус болған жоқ. Осы Макинск қаласына жаяулап жетуге тура келетін еді. Анаммен бірге Ақмолаға бару үшін темір жол станциясы болған Макинск арқылы 2 рет бардым. Бала кездегі арманым – неміс-фашист басқыншыларының соғысы бітіп, әкемнің үйге аман-есен оралуы болатын. Құдай тілегімді қабыл қылып 1945 жылдың 30 қарашасы күні әкем үйге оралды. 4 жылдан аса уақыт күткен әкені құшып сүюден артық арман болмайды екен»,- деп атам әңгімесін әріден, толғаныспен бастады.
Әкесі соғыстан оралғаннан кейін 3-интернационал шахтасында ұста болып жұмыс істепті. Ал атам заман қиындығынан шетке шығып оқуға баруға мүмкіндігі болмапты. Әкесінің жолын қуып алғашында Степняк автобазасында ұста болып істепті.
Кейін Степняк қаласында шопырларды дайындайтын курс ашылғанда сол курсты тәмәмдап, шопырлық куәлік алған. Ол кезде Степняк қаласындағы милицияның бастығы Сыздықов Қадыр деген кісі болған екен.
Сол кісі автобаздың бастығынан елгезек, өз ісін жетік білетін шопыр керектігін ескерте отырып, бір адам тауып беруін сұрайды. Сөйтіп, бастығының таңдауымен, аудандық милиция бастығының шопыры болыпты. Ол кісі соғысқа қатысқан чекист болған екен.
Атамның да майдангер баласы екендігін түсініп, Алматы жоғарғы мектебіне жолдау хатымен оқуға баруына мүмкіндік береді. Қабілетті, шығармашылыққа икемі бар атам С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.
Оны бітіргеннен кейін Көкшетау облыстық газеті « Көкшетау правдасында» жұмыс істейді. Жас маман халық шаруашылығының сан-саласындағы еңбек адамдары, өндірістердің дамуы туралы мақалалар жазып, газетке жариялайды.
Туған қаласы Степняктағы аудандық газеті редакторының сұрауы бойынша оған журналист болып орналасады. Ол кезде аудандық газет екі тілде шығатын болған. Соның қазақ тілінде шығатын бөліміне басшы болып тағайындалады.
Тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында ауданымызға Кеңес одағының түпкір-түпкірінен тыңгерлер келіп жатқан тарихи кез екен. Ауданымызда «Золотая нива», «Советский», «Қойтас», «Донской», «Невский». т.б. совхоздар ашылады.
Атам да тыңгерлермен тың игерушідей болып күнделікті дерлік іс-сапарға барудан жалықпай еңбек етеді.Тың игерушілердің қайнаған еңбегі газет бетіндегі атамның очерктерінде, мақалаларында жарық көріп жатады.
Бұлайша қолдау еңбек майданындағы, туған жерлерінен алысқа келіп тың игеріп жатқан еңбеккерлердің еңбегіне шабыт береді, еңбектегі ерлікке жетелейді.
Сол кезде тың жерде шаңырақ көтерген «Золотая нива» совхозының тың жерге түрен салғандары туралы повесть жазған. Сонымен қатар, ауданымыздың орталығы Степняк қаласы - алтын кендерімен атағы шыққан қала.
Сол кен орындарында, шахталарда жұмыс істеген шахтёрлар туралы да еңбектері бір төбе. Атам бұл кен игерушілері туралы әңгімелер жинағын жазып бітіріпті.
Мұса Абдостың Степняк қаласында
ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесу сәті. 1995 жыл
Атамның негізгі жұмысымен қатар тағы бір өнері - әке жолын қуып, зергерлікпен шұғылдануы. Ол жүзік, қапсырма, ілгек, білезік соққан. Тіпті, зергерлік жұмыстарды жүргізетін бөлек бөлмесі де болған екен. Жұмыстан кейін сол бөлмеде отырып, жаны сүйетін шаруасымен айналысқан, өнерін дамытқан, халықты қуантқан.
Атамның өкінішпен еске алатын оқиғасы бар. Бір жылы Нұргүл деген қызы Көкшетау қаласының жігітіне тұрмысқа шығады. Қазақ салты бойынша шешесін, жұбайын және ересек балаларын алып, құдалыққа кетеді. Үйде жасөспірім балалар ғана қалады.
Ересектер үйде жоқта, себебін кім білсін, үйдің маңайындағы қора-қопсысы, шеберханасы отқа оранады, көптеген дүние-мүлкі, кітаптары тып-типыл болып жанып кетеді.
Ең өкініштісі - баспаға әзірлеп қойған повесі мен әңгімелерінің қолжазбалары, журналистік қызметінде жиған-тергендері күйіп кетеді. Бірнеше жылғы еңбектің отқа оранғаны жүрекке ауыр тигендігі сондай - әлі де болса ұмыта алар емес.
Өзінің жастық шағынан бастап жұмыс атқарған газет редакциясынан зейнеткерлікке шығады. Зейнетке шыққан соң, «еліме қалай пайда келтірсем» деп ойланады. Атам арғы аталарынан бастап дін жолын қуған отбасынан. Сол дәстүрді жалғастырып, дінге деген көзқарасы әрқашан оң болған, жүрегіндегі иманынан таймаған.
Дәл сол шақта Қазақстан өз алдына дербес мемлекеттігін алды. Жаңа құрылған үкімет дінге бостандық берді. Ата дәстүрді жалғастырушы ретінде және ҚазМУ-де алған араб тілінен алған білімі көмек болып, ақсақалдар Алқасының шешімімен Степняк қаласындағы Мешіттің Имамы болып сайланады.
Содан бері дін жолынан бұрылған емес, дінді насихаттаудан, ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуден жалыққан емес.
1995 жылы қаламызға президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіпті. Ол кезде Мешіт Көкшетау - Степняк тас жолының кіре берісінде болатын. Президент қала кіре берісіндегі Мешітке ат басын тірейді. Сол жолы ауданымызға атақты жерлесіміз Біржан сал атын беру жайлы сөз қозғалады.
Сол ұсыныс биыл жүзеге асып, бұрын Еңбекшілдер аталған ауданымыз енді Біржан сал атындағы аудан болып аталады.
Атам 2008 жылы Назым деген қызының мұрындық болуымен Меккеге Қажылық сапарына барып қайтты, мұсылманның бес парызын толық атқаруда. Атамның арқасында зәмзәм судан дәм татқаным - мені үлкен жауапкершілікке, адалдыққа бастайтынын мойындап, болашаққа бағыт алам.
Бір күні атамнан «Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт-шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған. Сіз соның қайсысына жатасыз?» - деп сұрадым.
Атам «Өзімді абыз қарттар қатарына жатқызамын»,- деді ойланбастан.
«Өмірден көргені, білгенім, түйгенім көп, оны келер ұрпаққа беруден, оларды тәрбиелеуден ешқашан шаршаған емеспін. Күні бүгін де Құран Кәрімнен аят, сүрелерді жаттап, немерелеріме үйретіп жүрмін. Намаз оқыған сайын елімде, Отанымда бейбітшілік болып, деніміз сау болсын деп тілеймін. Алла жар болсын!»- деп аталық мейіріммен сөзін аяқтады.
Дариға МҰСА
7-сынып оқушысы
Абай атындағы
№2 қазақ орта мектебі
Ақмола облысы
Біржан сал ауданы
Степняк қаласы
Жетекшісі: Сәуле Сейдалина
Просмотров материала: 3 346