Шерзат соты: полицияның ағасы Нұрқанаттан видеомен жауап алғаны заңсыз болып шықты

Полиция Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевты заңсыз видеоға түсіріп, жауап алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесінде полиция қызметкері Медет Әділжаннан жауап алынды. Әділжан Шерзаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтан жауап алу кезінде ешқандай хаттама толтырылмағаны айтылды. Видео түсірілім жасалғаны жөнінде де ешқандай құжат толтырылмаған. Сотта прокурор Әділжаннан «Осыншама заң бұзушылық бола тұра видеоны не үшін түсірдіңіз?» деп сұрады.
– Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін азамат Ғайыпбаев айтып отырды. Заңның нақты бабын айта алмаймын… Қылмысты ашу мақсатында. Нақты адамдарды анықтау мақсатында осы видеоны түсірдім. Барлығы осы қылмысты ашу мақсатында істелген болатын, – деді Әділжан.
БҰҒАН ДЕЙІН
6 мамырдағы сот отырысы іс бойынша куә деп танылған Талғар аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің басшысы Медет Әділжаннан жауап алудан басталған болатын. Ол оқиға болған күні марқұм Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтан жауап алған.
КУӘГЕРЛЕР
Бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді.
Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры.
Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
Сонымен қатар, Шерзат сотында Қаржаубайға сыра үшін ақша жіберген куәгер Бекнұр Асқарбек жауап берді. Ал Шерзат мерт болған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты. Одан бөлек, Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыды. Нұрқанат тергеу кезінде оқиға орнында болған екі қызға қатысты күтпеген деректер айтты.
Автор: Есдәулет Қызырбек
Шерзат Полат ісі бойынша тікелей эфирді Ұлыстың Youtube-арнасынан көре аласыздар.