
Unico Play онлайн-кинотеатры Азиядағы телевизия индустриясының ең ірі әрі беделді алаңдарының бірі саналатын 31-ші Шанхай телевизия фестивалінің (Shanghai TV Festival) бағдарламасына қатысты. Фестиваль аясында Unico Play-дің бас продюсері Бексұлтан Қазыбек халықаралық панельдік сессияға спикер ретінде қатысып, «Бикеш» атты жаңа сериалдың kiалғашқы бөлімін таныстырды.
STV Forum аясында әлемдік сериалдар нарығының дамуына, контентті халықаралық деңгейде таратуға және продюсерлер, хабар таратушылар мен стримингтік платформалар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне арналған Chinese Stories, Global Buyers: The International Marketplace for Long-Form and Short-Form Drama атты халықаралық панельдік пікірталас өтті.
Пікірталасқа Rakuten TV, FPT Play, RTV, Tencent Video (WeTV) және басқа да жетекші халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты. Қазақстан атынан алаңда Unico Play онлайн-кинотеатрының бас продюсері Бексұлтан Қазыбек сөз сөйледі.
Талқылау барысында сарапшылар телевизия нарығындағы негізгі үрдістерді, халықаралық аудиторияның жергілікті оқиғаларға деген қызығушылығының артуын, контент экспортын дамыту перспективаларын, сондай-ақ жоба авторлары, цифрлық платформалар мен дистрибьюторлар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады.
Фестиваль бағдарламасы аясында «Бикеш» сериалының алғашқы бөлімі көрсетілді. Жоба XVII ғасырдағы қазақ ауылында өмір сүретін текті әулеттен шыққан үш апалы-сіңлінің тағдырын баяндайды. Олар салт-дәстүр мен қоғамдық қағидалар тағдырын айқындап қойған заманда өз орнын табуға ұмтылады. Сериалдың халықаралық кәсіби аудиторияға таныстырылуы қазақстандық сериал өндірісін шетелде ілгерілетудегі маңызды қадамдардың бірі болды.
«Бүгінде стримингтік платформалар индустрияның дамуына айрықша ықпал етіп, жергілікті оқиғалардың халықаралық аудиторияға жол ашуына мүмкіндік беріп отыр. Шанхай телевизия фестивалі секілді алаңдар тәжірибе алмасуға, жаһандық трендтерді талқылауға және әртүрлі елдердің өкілдері арасында ынтымақтастық орнатуға жағдай жасайды. Қазақстан үшін бұл үдерістердің бір бөлігі болып, контент индустриясының болашағын қалыптастыруға белсенді қатысу маңызды», — деді бас продюсер Бексұлтан Қазыбек.

Шанхай телевизия фестивалі жыл сайын әлемнің жетекші продюсерлерін, телехабар таратушыларын, стримингтік платформаларды, дистрибьюторлар мен контент жасаушыларды біріктіреді. Фестивальге қатысу халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және ұлттық аудиовизуалды контентті жаһандық нарықта ілгерілетудің жаңа мүмкіндіктерін ашуға ықпал етеді.


