Выбор редакцииГлавноеОбразованиеТуркестанская область

Бүгін қазаққа тайпалық сана емес, ұлттық сана қажет!

АШЫҚ ХАТ

Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Хатшысы;

Түрксой жазушылар ұйымының хатшысы;

ҚР ҰҒА-ның құрметті мүшесі,

Ш. Айтматов атындағы гуманитарлық ҒА-ның академигі,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық ТҮРКСОЙ және Алаш сыйлықтарының лауреаты, ҚР «Парасат» (2012), «Құрмет» (2021) ордендерінің иегері

Құлбек ЕРГӨБЕК мырзаға!

 

«Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық»
Хакім Абай

«Біріңді қазақ, бірің дос,
Көрмесең, істің бәрі бос»
Хакім Абай

«Бүгін қазаққа тайпалық сана емес, ұлттық сана қажет!»
Академик Р. Бердібай

Facebook жүйесінде жарияланған Сіздің Түркия Президентіне жолдаған хатыңызбен, «Наука Казахстана» парақшасында (Маргарита Өмірбекова) жарияланған 2-3 постпен, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісі Р.В. Склярға жолдаған өзіңіз бастап қол қойған ұжымдық хатпен танысып, осы ашық хат жолдауды жөн көріп отырмын. Тіпті, азаматтық парызым деп санаймын!

Ең бастысы, Сіздің ХҚТУ-нің басшысы Ж.А. Темірбекова ханымды ол университет өміріндегі олқылықтар мен «әттеген-ай»-лары үшін кінәлап, тіпті қылмыскер деп атап, бүкіл ұжымның атынан айып тағып сөйлеуіңізді дәйексіз, дәлелсіз оғаш қылық деп есептеймін.

Себебі, осы университеттің профессоры ретінде мен сізге мұндай өкілеттік ұсынған емеспін, сіз де менен сұраған емессіз. Ал, сізбен біргешағымдарға қол қойып жүрген 7-8 адам университет оқытушы-профессорлық құрамының 0,01%-індей ғана.

Президент әкімшілігіне жолдаған хатыңыздың негізінде Мемлекет басшысының қабылдауында бола қалсаңыз, сіздердің не айтатындарыңызды түсіне алмай далмын. Себебі, сіздер қылмыс деп жариялаған оқиғалар мен мәселелер тиісті мемлекеттік құзырлы органдармен бірнеше рет зерделеніп, тексерілген.

Сондықтан, Ж.А. Темірбекова ханымға «Құрмет» орденін берер кезде ҚР Президент әкімшілігі сіздердің арыз-шағымдарыңыз бен құзырлы органдардың шешімдерін таразыға салып қарамады деуге орын жоқ.

Оның үстіне — әлеуметтік желіде жарияланған профессор Сапарбек Ергөбек атындағы аудиторияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзіңізде Ж.А. Темірбекова ханымды ғылым мен білім ордасы ретіндегі университеттің рухани жетекшісі деген мәлімдемеңіз де көпшілікке мәлім.

Ойшыл, терең өнер иесі, әнші Роза Әлқожа айтатындай: «Уыстап беріп уыңды, ұнатқаның не еткенің!…» дегеннің кері келіп тұрғандай.

Ұлы абыз Асан Қайғының: «Тарыдай ақиқат таудай аңызды басады…» — дегені бар екен. Сіздің ойларыңыздың қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін ең алдымен өзіңіз бағамдап алсаңыз игі болар еді. Әйтпесе, жүйелі сөз болып жүйесіне түспей тұрғандай.

«Көпшілік ақиқатқа жақын шындықты мойындайды» — деген сөз бар. Әзірге, сіздің шындығыңызды университет ұжымының 0,01%-і ғана қолдап тұрғандай.

Екіншіден, 2024–2025 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-інде өткен «Қазақ тілі — ғылым тілі» атты екі халықаралық симпозиумның табысты өткенін Сіздің білмеуіңіз мүмкін емес. Осы симпозиумдардың идеялық тұтқасын ұстаған, олардың концептуалдық-тұжырымдарын қалыптастырып, саяси-ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен университет басшылығы, оның ішінде Ректор — Ж.А. Темірбекова ханымның еңбегін ерекше атап өткен жөн.

40-тан аса университеттер өкілдері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, ҚР Парламенті өкілдері, Үкіметтік ұйымдар, Түркістан облысының әкімшілігі мен облыстық мәслихат депутаттары бұл симпозиумдарды ҚАЗАҚ ғылымындағы мемлекеттік тілдің салтанат құруы деп, Ректор Ж.А. Темірбекова басқарған ХҚТУ-ін мемлекеттік — қазақ тілінің бенефециары деп, жалпы алғанда — ұлттық жоба деп бағалады.

«ҚАЗАҚ ТІЛІ — ҒЫЛЫМ ТІЛІ» ұстанымының Ұлы Тұран идеясымен ұштасқанының көрінісі мен дәлелі ретіндегі «Түркі дүниесінің І-ші биологиялық және І-ші географиялық конгрестері» де осы ХҚТУ-інде Ректор-ханымның бастамасымен және тікелей қолдауымен табысты өтті. Түркі халықтарында «Түйені қой ішінде жасыра алмайсың» деген мақал бар екен.

Бұл табысты өткен, Түркі әлемінде өз жалғасын тауып, алға ұмсыну үстіндегі халықаралық ғылыми форумдарды Сіз бастаған топтың көрмеуі, білмеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан, Сіз бірінші болып қол қойған арыз-шағымдар ҚАЗАҚ тілінің салтанат құруына ашық қарсылық деп есептеймін.

Нақтырақ айтқанда, ұйымдасқан топтың мемлекеттік тілді дамыту ұлттық жобасына қарсы жоба демеске амалым жоқ. Сонда, бұл қарсылық идеясының бенефециары кім?

Әзірге, көзге көрініп тұрғаны сізсіз. Бәлкім, көп шығарсыздар. «Мемлекеттік тіл — тәуелсіздік символы» деген Қ.К. Тоқаевтың саяси тұғырнамалық мәлімдемесін есіңізге салғанды жөн көріп отырмын. Сонда сіздер кімсіздер? Отпен ойнап жүрсіздер ме, әлде?

Үшіншіден, Сіз бастап қол қойған шағым-арыздың жалпы саны — 5. Соның алғашқы 4-інде менің ар-намысыма тиіп, қоқан-лоқы жасап, қорқытып-үркітетін дүниелер жазылып, орынсыз қауесет-өсек айтылыпты. Ең ұяты — бұл дәйексіз ақпарат Министрдің деңгейіне де ресми жетіпті. Бәлкім, «адамдарыңызды» ертіп кешірім сұрағаныңыз жөн болар ма еді?

Сабырға келіңіз, сабаңызға түсіңіз. Осы хаттың алғы сөзі ретіндегі хакім Абай мен Түркістандық ойшыл ғалым Рахманқұл Бердібайдың өсиеттеріне зер салсаңыз дeймін.

Аралбай Нұғман — биол. ғыл. докторы, профессор,
ҚР ҰҒА, ПҒА-ның академигі,
«Асыл ағаш, асыл шөп» танымдық энциклопедиясының жетекшісі, бас редакторы,
«Үздік ғалым-2025» номинациясы бойынша «Халықтың сүйіктісі» ұлттық премиясының лауреаты.

Другие новости

Back to top button