ГлавноеГосорганы

ҚР СІМ Лаоста құлдыққа түсті деген бойжеткен оқиғасына қатысты пікір білдірді

Сондай-ақ ҚР ІІМ аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді

Қазақстандық актриса Әнел Бермағанбет Лаоста жұмыс берушілердің өзін қамап ұстап отырғанын айтып, Қазақстаннан көмек сұраған еді. Осы жайтқа байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі пікірі білдірді, Azattyq Ruhy.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ханойдағы Қазақстан елшілігі Лаос Сыртқы істер министрлігіне Әнел Бермағанбетті құтқаруға барынша көмек көрсетуді сұрап, тиісті нота жолдағанын хабарлады.

«19 тамызда жерлесіміз консулдыққа хабарласып, өзі тап болып отырған жағдай туралы айтып берді. Қазақстан Республикасының Ханойдағы елшілігі Лаос Сыртқы істер министрлігіне Қазақстан азаматы Әнел Бермағанбетті құтқаруға барынша көмек көрсетуді сұрап, тиісті нота жолдады. Лаос полициясы бұл мәселемен қазірдің өзінде айналысып жатыр, Лаос Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігі өкілдерімен келіссөздер жүргізіледі. Бұл мәселе Вьетнамдағы елшілігіміздің ерекше бақылауына алынған. Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Вьетнамдағы елшілігі Қазақстан азаматының еліне оралуына қажетті көмек көрсетеді», — деп атап өтті ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Ведомство сондай-ақ қазақстандықтардан шетелде жұмыс істеу үшін тиісті құжаттар мен келісімшарттарға қол қоймас бұрын мұқият зерттеу жасап, сондай-ақ шетелдік әлеуетті жұмыс берушілерді тексеруді ұсынады.

Белгілі болғандай, отандасымыздың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, ол дипломаттармен және өз туыстарымен үнемі байланысқа шығып отыр.

Еске салсақ, Әнел Бермағанбетті қытайлық компанияда жұмыс істеп, өз брендін қалыптастыру мақсатында Таиландқа ұшып барған. Содан кейін оны жұмыс берушілер қайыққа отырғызып, басқа жағаға алып кеткен.

Тақырыпқа орай: Қазақстандық актриса алаяқтарға алданып, Лаоста еңбек құлдығына түскен

Бойжеткеннің айтуынша, оның құжаттары мен телефонын ешкім алып кетпеген, телефоны мен интернет байланысына шектеу қойылмаған, күш қолданбаған. Алайда ол Лаостағы пәтерде 4 күннен бері жасырынып отырғанын, ешқайда шыға алмайтынын айтып, Қазақстаннан көмек сұраған.

Осы жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу нәтижесі кейінірек белгілі болады. Бұл оқиға туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне хабарланды. Жәбірленушінің ағасымен байланыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ҚР Консулдығының департаментіне хат жолданды», — делінген ІІМ хабарламасында.

 

Другие новости

Back to top button