Госорганы

Қазақстаннан Қытай мен Өзбекстанға қатынайтын әуе рейстерінің саны артты

Бүгінде халықаралық әуе тасымалы 28 мемлекетке 115 бағыт бойынша аптасына 518 жиілікте орындалады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңындағы» кезекті жиынында әуе тасымалындағы өзекті сауалдар талқыланып, тұрақты халықаралық жаңа әуе рейстерін ашу мен осы орайда туындаған түрлі мәселелер назарға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, бейнебайланыс режимінде өткен жиында «Эйр Астана», «SCAT әуе компаниясы» және «Qazaq Air» сынды отандық авиакомпаниялардың өкілдері пандемияға байланысты тоқырауға ұшыраған халықаралық тұрақты әуе желілерін қайта қалпына келтіру және ұшу географиясы аумағын кеңейту барысындағы іс-шараларды атап өтті.

Әуе компаниялары өкілдерінің айтуынша, бүгінде ұшуды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылуда.

«Бүгінде халықаралық әуе тасымалы 28 мемлекетке 115 бағыт бойынша аптасына 518 жиілікте орындалады. Әуе қатынасы орнықты жолға қойылған елдер қатарына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Греция, Египет, Үндістан, Иран, Италия, Катар, Қытай, Кувейт, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Моңғолия, Нидерланды, БАӘ, Польша, РФ, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Чехия және Оңтүстік Корея кіреді», — делінген ИИДМ хабарламасында.

Қазақстандық авиа тасымалдаушылар 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында халықаралық әуе желілері арқылы 1,2 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға жоғары (0,7 млн).

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті отандық әуе тасымалдаушы компанияларға ұшу географиясы аумағын кеңейтуді талап етуде. Қазір бұл тарапта бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, Пәкістанмен әуе қатынасын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ сұраныстың артуына байланысты Қазақстан, Өзбекстан және Қытайдың бірқатар қаласына жаңа бағыттар ашу көзделген. Десе де жолаушылар сұранысын тиісті деңгейде қанағаттандыру мүмкін болмай отыр.

Мәселен, карантиндік шектеулерге байланысты бүгінде Қытайға аптасына 3 рейс қана жасалады. Ал пандемияға дейін 40-тан астам әуе тасымалы жүзеге асырылатын. Өз кезегінде сұраныстың артуы билет бағасына да өз әсерін тигізуде.

«Біз Қытайдың азаматтық авиация билігіне рейс санын арттыру бойынша бірнеше рет сұраныс хат жолдадық. Сонымен қатар жаңа әуе бағыттары мен рейстер санын көбейту бойынша өзбекстандық әріптестерімізге де ұсыныс білдірдік. Жуық арада Қытай, Өзбекстан және Пәкістанның авиация билігіне аталған мәселелерді жедел шешуге ықпал етуді қайта сұраймыз», деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.

 

 

Другие новости

Back to top button