Қазақстан шекарасын бұзып өтпек болып, оқ атқан шетел азаматы ұсталды
Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады
ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері Алматы облысында шекараны заңсыз бұзып өтпек болған шетел азаматын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, 24 тамызда кешке ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің шекарашылары Кеген ауданындағы Іле Алатауы жотасының таулы шатқалдарының бірінен Мемлекеттік шекараны бұзып өткен шетел азаматын ұстады.
«Шекара нарядының тоқта және құжатыңды көрсет деген талабын естіген шекара бұзушы өзінің аңшы қаруымен әскери қызметшілерге қарай оқ атып, қарсылық көрсеткен және ізін суытуға тырысқан», — делінген хабарламада.
Ұсталған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Шекарашылардың өмірі мен денсаулығына зиян келмеді, олар шекараның таулы учаскесін күзету бойынша қызметтерін жалғастырды.
«Әскери қызметшілердің ұстау кезінде көрсеткен ержүректігі мен батылдығын ескере отырып, оларды көтермелеу мәселесі қаралып жатыр», — делінген хабарламада.