Госорганы

Қазақстан биылғы егін есебінен өзін астықпен толық қамтамасыз етеді

Республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысы барысында жем-шөппен қамтамасыз ету және егін орағы науқанына дайындық туралы тапсырмалар берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жем-шөп астығын сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталы ұлғайтылғанын, 1 қазанға дейін ҚР аумағынан бидай шығаруға квоталардың қолданысы ұзартылғанын мәлім етті.

Бұдан басқа, әрбір өңір бойынша жүйелі шараларды қамтитын Азық өндірісі саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, бекітілді.

Сондай-ақ министр республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталғанын айтты.

«Бүгінде барлығы 2,2 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар (13,9%) жиналды, орташа өнімділік 14,6 ц/га жағдайында 3,3 млн тонна астық бастырылды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған алаң 23,4 млн гектарды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 387,1 мың гектарға артық», — деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудан күтілетін көлем республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа өткізу және дәстүрлі нарықтардағы сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, биыл күзгі дала жұмыстарына 423,5 мың тонна дизель отыны бөлінді.

«Шілдеде 106,6 мың тонна тиелді, тамызда 148,2 мың тоннаға төленіп, 87,4 мың тонна тиелді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылады. Олардың бағалары өңірге байланысты бөлшек сауда бағасынан 15-25% төмен», — деді Болат Ақшолақов.

Баяндамашыларды тыңдап болған Премьер-министр Үкіметтің егін орағын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдағанын айтып өтті.

«Биылғы болжам бойынша, астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің басты міндеті – егін орағын уақытында және сапалы өткізу. Сондай-ақ элеваторлардың астықты қабылдауға және сақтауға дайын болуын қамтамасыз ету керек», — деді Әлихан Смайылов.

 

Другие новости

Back to top button