Госорганы

Полицейлер алаяқтардың қандай схема бойынша әрекет ететінін түсіндірді

Тәртіп сақшылары жеке деректерді ешқандай жағдайда ешкімге бермеуді ескертеді

Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Болатбек Ақшауов интернет-алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткенін ескертті, деп хабарлайды  ІІМ баспасөз қызметі.

Облыстық ПД бастығының орынбасары қылмыскерлер қандай схема бойынша әрекет ететінін айтты.

«Олар сіздің ұялы телефоныңызға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкерлері ретінде ұсынады, солардың ішінде менің атыммен де өздерін таныстырып жатқандар бар. Содан кейін олар қазіргі уақытта сіздің атыңызға несие алуға тырысқан алаяқтарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын түсіндіреді. Жалған полицей қазіргі кезде ҚР Ұлттық банкімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлайды және Ұлттық банк қызметкерімен байланыстыру үшін желіде қалуды сұрайды», – деді Б. Ақшауов.

Ары қарай телефонның арғы жағындағы дауыс сіздің картаңыз бойынша рұқсатсыз ақша аудару әрекеттері жүріп жатқанын және ақшаңызды үнемдеу үшін белгілі бір соманы банктік шотыңызға немесе үшінші тұлғалардың шотына салу керек екенін түсіндіреді. ПД бастығының орынбасары тұрғындардан қырағы болуды сұрайды.

«Есіңізде болсын, полиция қызметкерлері ешқашан телефон арқылы арнайы операциялар мен тергеу әрекеттерін жүргізбейді. Мұндай мақсаттар үшін біз полиция бөлімшесіне келуге шақырамыз, бұл ретте келетін күн мен уақытты белгілейміз. Сонымен қатар, есіңізде болсын, банк қызметкерлері сіздің картаңыз туралы деректерді ешқашан сұрамайды, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келетін кодтарды беруді талап етпейді», – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Б. Ақшауов.

Оның айтуынша, мұндай жағдайларда телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банк сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қоңырау шалу керек. Болатбек Ақшауов өзіңіздің банк картаңыз, сондай-ақ жеке басыңыз туралы деректерді ешқандай жағдайда ешкімге бермеуді ескертеді.

 

Другие новости

Back to top button