Госорганы

Өңірлерде Бала құқығы жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп жатыр

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, енді әр аймақтың өз өкілі болады, олардан балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Үкіметтің қаулысына сәйкес, қазір бұл лауазым барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада енгізіліп жатыр. Балалардың құқығын қорғау жөніндегі облыстық уәкілдерді облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері тағайындайды. Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкілдерді іріктеудің негізгі критерийлері – үміткердің балалармен жұмыс істеу тәжірибесі, үкіметтік емес ұйымдардағы тәжірибесі немесе қоғамдық қызметі, сонымен қатар тағайындау кезінде балалардың құқығын қорғауда үміткердің қандай үлес қосқаны ескеріледі. Бұл балалардың құқығын қорғау саласында тәжірибесі және өз ұстанымы бар ел құрметтейтін адамдар болуға тиіс, – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Қазірдің өзінде жеті облыста бала құқығы жөніндегі уәкілдер тағайындалып үлгерді. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен заңгерлер бар.

Бала құқығы жөніндегі уәкілдер баланың құқығы мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе бейәрекетіне қатысты шағымдарды қарайды. Сонымен бірге олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобасын дамытуға, ілгерілетуге қатысады.

Сонымен қатар бала құқығы жөніндегі омбудсмендердің мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына кедергісіз қол жеткізуі қамтамасыз етіледі. Министрлік бала құқығы жөніндегі уәкілдер қоғамдық негізде жұмыс істейтінін хабарлады.

 

Другие новости

Back to top button