«Он алты-ақ жыл ойнақтаған, қарғам-ай»: Серікзат Дүйсенқазы қапыда қаза тапқан ұлына жыр арнады
Белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазы қапыда қаза тапқан ұлына арнап жыр арнады. Жалғыз ұлынан айырылған ақын жүрегінен шыққан жыр жолдарын әлеуметтік желідегі парақшасына салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Ей, жүрегім, сабыр, сабыр, сабыр де,
Жасамайын күпіршілік Тәңірге.
Құлынымды қиып бердім, қайтейін,
Қабырғасы қара суық қабірге.
Тура келген не істей алам ажалға?
Сөз таба алмай қор болдым-ау жазарға.
Қаламымнан қара сия төгілді,
Ақ парақтың бетіндегі ғазалға.
Қапелімде ой да келмей орамды,
Тоқтата алмай көзден аққан сорамды.
Қаңтар туа қаңтарылдым баса алмай,
Ішімдегі алай-түлей боранды.
Жылаймын ғой, қайтем енді жыламай,
Тағдыр мені жібермеді сынамай.
Күңіренген шығар бәлкім осылай,
Әбішінен айрылғанда ұлы Абай.
Зор қайғыдан көтере алмай еңсемді,
Көз алдымда аспан мен жер теңселді.
Он алты-ақ жыл ойнақтаған, қарғам-ай,
Сенен де әттең, өтті-ау жалған өлшеулі.
Ғалым болар, ақын болар деп едім,
Көз тиді ме дара туған бөбегім?
Өң мен түстің арасыңда отырмын,
Түсім қашып түсіне алмай себебін.
Дүниенің өлшей білген парығын,
Адалдықты жүрегіңнен таныдым.
Зау биікте аппақ қардың үстінде,
Заулап келіп жаны үзілген жарығым.
Әулетімнің маңдайдағы бағы едің,
Әкесінен ассам дейтін бала едің.
Арманыңа жетпей кеткен жаныңды,
Тыныштықта әлдилесін ақ өлім.
Ауырлығы қара жердей сынақтың,
Қасіретіне қарсы тұрып шыдаппын.
Құлыншағым шапағатшы болар деп,
Бақшасында сегіз түрлі жұмақтың», — деп жазды ақын.
Еске салайық, 4 қаңтарда айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы Әлихан есімді ұлы оқыс жағдайда қайтыс болғаны белгілі болған.