Біз аграрлық ғылымды үнемі сөз етеміз, жиі жариялаймыз. Ғылымдағы мәселелер мен жемқорлық туралы да жазамыз. Бірақ жақсы жағы да бар екенін айтпай кетуге болмас. Биыл әйгілі қазақ ғалымы, академик Аймақ Жанғалиевке 100 жыл, ол негізін қалаған Институтқа 60 жыл толады. Осыны әңгімеге арқау қылып Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу ғылыми зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, профессор Нұғман Аралбаймен сұхбаттасып қайтқан едік.
- Нұғман Күлдәрбекұлы, әңгімемізді сіздің аграрлық ғылымға ауысқаныңыздан бастасақ. Сіздің бұрыннан айналысқан ботаника ғылымынан айырмашылығы қандай, қазір немен айналысып жүрсіз?
- Осыдан 1-2 жыл бұрын «Аграрлық ғылым қайта жүктеуді қажет етеді (Аграрная наука нуждается в перезагрузке)» деген мақала жазып жариялағанмын. Мен енді биолог болған соң, көп жағдайда аграрлық ғылымның биологиялық жақтарын әңгіме қылып, бірқатар ұсыныстар айтып едім. Бәлкім менің сол мақалам түрткі болды ма екен, білмедім.
Әйтеуір, осыдан 4-5 ай бұрын қазіргі «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының басшылығынан ресми шақыру алдым. Бір-екі рет ғылыми семинарларда, дөңгелек столдарда жолығып пікір алыстық. Содан кейін ғана мен ол шақыруды қабыл алып, 2018 ж. желтоқсан айынан бастап осы институтқа жұмысқа қабылдандым.
Ақпанның басынан (2019) бері тиісті процедуралардан өтіп, төрағаның ғылым жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Бұл институттың зерттеу нысаны жеміс-жидек, жүзім, картоп, көкөністің барлық түрлері. Түптеп келгенде олардың бәрінің атасы – өсімдік. Сондықтан, өзім бұрыннан айналысып жүрген ботаника ғылымынан соншалықты алшақтаған жоқпын, өз орнымдамын-ғой деп ойлаймын. Қайта көп нәрсеге қайта қарап, көзім ашылып жатыр деп айтуыма болады.
Ал енді «қазір немен айналысып жүрсіз?» - деген сұрағыңызға келсек, институтта жұмыс істеп жүрген мамандармен бірігіп жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылымының (Бау-бақша ғылымы деп аталғаны дұрыс болар еді) ғылыми-әдістемелік құжаттарын жүйелеп, бір тәртіпке келтіріп жатырмыз. Биылғы жылы институт қайта құрылып, көптеген жас мамандар алып жатырмыз. Ендігі жерде сол жас мамандардан майталман ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар өсіп шықса деп армандаймын.
Екінші бір мәселе – біздің институтың нәсілдік қорында отандық селекцияның нәтижесінде алынған жеміс-жидек, жүзім, картоп пен көкөністің сұрыптары мен будандары бар. Олардың басым көпшілігіне авторлық құқық пен патенттер алынған.
Бірақ, біздің шаруалар мен бағбандар шеттен келген сұрыптарды игеріп, егіп жатыр. Әрине, шетелдерден әкелінген сұрыптар мен будандарды да жерсіндіру өте маңызды мәселе. Дегенмен де біздің отандық селекцияның сұрыптары мен будандарының сапасы шетелдік сұрыптардан артық болмаса, кем түспейді.
Өкінішке орай, біздің шаруа-бағбандар осыны түсіне алмай жүр. Әлде, білмей жүр ме? Қалай болғанда да біз мойындайтын факт біреу – тиісті ақпаратқа қолжетімділік мардымсыз. Осы тұйықталған шеңберді қалай үземіз? Қазір мені мазалап жүрген осы ойлар.
- Аграрлық ғылымның қазіргі жағдайына баға бере аласыз ба? Бүгін баға беру қаншалықты орынды деп ойлайсыз?
- Жоғарыда айтып өткен «аграрлық ғылым қайта жүктеуді қажет етеді» деген тезис, аграрлық ғылымды бүгінгі қоғам өміріне, бүгінгі өмір талабына икемдеуді көздеген ұмтылыс деп ойлаймын. Біздің қазақта «жемесең де май жақсы; бермесе де бай жақсы; бәрінен де бар жақсы» деген әфсаналық мәтел бар.
Ең бастысы – Қазақстанның аграрлық ғылымы бар. Ол аграрлық ғылымның өткен тарихы бар, бүгіні бар. Даңқты тарихы бар аграрлық ғылымның келешегі де жарқын болады деп үміттенемін. Ең маңыздысы – біз бармыз.
Ғылыми қауымдастықтағы, жалпы қоғамдағы аграрлық ғылымның айналасындағы пікірталастар мен дискуссиялар – барлықтың көрінісі, һәм проблемасы. «Ораза, намаз – тоқтықта» деген, бабаларымыз. Осы пікірталастар мен дискуссиялардың нәтижесінде бір мәмілеге келіп, бір сара жолға түсетінімізге кәміл сенемін.
Себебі, қазақтың аграрлық ғылымының тарихы терең тектілігі бар. Қазақтың аграрлық ғылымына талай текті азаматтар қызмет етіп жүр, айтысып-тартысып та жүр. Бәрі аграрлық ғылымның болашағы мен келешегі үшін.
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы осыдан 1-1,5 жыл бұрын еліміздегі аграрлық ғылымды трансформациялау бағытын қолға алды. Бұл ұғымға халықаралық байланыстар, технологиялар трансферті, аграрлық бизнестің талаптарына икемделу енгізілген сияқты. Бұл бастамашылыққа сіздің көзқарасыңызқалай және де бұл ретте институтқа қандай міндеттер жүктелген?
- Маған «трансформация» дегеннен гөрі «қайта жүктеу» деген тезис көбірек ұнайды. Сіз айтып отырған халықаралық байланыстарды, технологиялар трансфертін және т.б. міндеттерді «қайта жүктеу» аясында да реттеуге болады.
Жалпы алғанда осы іс-әрекеттердің барлығы жан-жақты ғылыми негізделіп, сарапталынып, сұрыпталып іске-асып жатса құба-құп болары сөзсіз. Ал бұл шаруаларды ғылыми негіздейтін, бағыт-бағдар беретін аграрлық ғылымның өткен жылдардағы зерттеулері мен сараптамаларының нәтижесі десек, ақиқаттан алыстамайтынымыз хақ.
Өмір мен уақыт бір орында тұрмайды. Сондықтан алыс-жақын көрші елдермен араласып, «жақсысын үйреніп, жаманынан жиреніп» жатсақ, оның еш сөгеттігі жоқ-қой деп ойлаймын.
Мен жұмыс істеп жатқан 4 айда біздің институтқа бірнеше халықаралық аграрлық ұйымдардан, Европадағы аграрлық ғылымның лидері – Голландиядан бірнеше делегациялар келіп, біздің институттан делегациялар барып, көптеген мәселелер бойынша мәмілеге келіп, келісім-шарттарға қол қойылып жатыр.
Бізге керегі – бүгінгі күні ауыл шаруашылығын шырылдатып тұрған фитосанитария және биологиялық, азық-түліктік қауіпсіздік мәселелері бойынша Европадағы тәжірибені өзімізге икемдеу. Бұл салада институт нақты қадамдар жасауда.
- Институтта бұл іс-шаралар айтарлықтай алға басып, ілгерілегенге ұқсайды. Не істелінді, ғылымды дамыту туралы қандай жоспарлар бар?
- Үкімет шетелдік технологияларды трансферттеу мәселесіне баса назар аударып отыр. Бұл талап орындалып та жатыр. Ол трансферттедің кейбірі тәп-тәуір нәтиже беріп жатса, бірқатары нәтижесіз, ал кейбірі тіпті зиянды болып отыр.
Біздің салада, алыс-жақын шетелдерден әкелініп жатқан көшеттермен, жемістермен және тұқымдармен бірге бұрын белгісіз зиянкестер мен өсімдік аурулары пайда болды. Осыған тосқауыл қойып, реттеу үшін Институт бүкіл Қазақстанға қажетті көпфункционалды сынақтан өткізіп, аккредитациялау орталығын ашуға талпынып, нақты әрекеттер жасап жатыр. Бұл күрделі, әрі жүйелі жұмыс өзінің мәресіне 1,5-2 айда жетеді деп күтудеміз.
Осы орталық ашылған соң, Қазақстанға әкелініп жатқан көшеттер, жемістер мен тұқымдар фитосанитарлық, фитопатологиялық, микробиологиялық, биохимиялық, молекулық және т.б. сынақтардан өтіп, біздің елімізде аграрлық секторда қолдануға рұқсат алады деп күтілуде.
Ал ғылым саласына келетін болсақ, ең бірінші міндет – қолдағы бар нәсілдік қорды толық сақтап, толықтырып, ары қарай дамыту, әрі ұқсату.
- Жақын арада сіздің ғылыми-зерттеу институтыңыз қазақ алмасының атасы, академик Аймақ Жанғалиев атамызды құрметтеп, әспеттеуге арналған ресми іс-шара өткізейін деп жатыр екенсіздер. Осы туралы толығырақ әңгімелеп берсеңіз.
- 3-і сәуір күні қазір біздің институттың құрамына кірген «Жеміс және жүзім шаруашылығы» ҒЗИ-ның құрылғанына 60 жыл толды. Осы институттың негізін қалаушы, әрі алғашқы директоры болып 11 жыл жұмыс істеген А.Жанғалиев болатын.
Оның бұл дүниеден озғанына да биыл 10 жыл толыпты. А.Жанғалиев 96 жасында 2009 жылы қайтыс болды. 16 жасында Н.И.Вавиловтың 1929 жылғы Үлкен Алматы өзенінің шатқалында жұмыс істеген экспедициясында атқосшы болып бастаған екен.
Егер А.Жаңғалиевтің ғылыми жұмысы осыдан бастау алады десек, өз өмірінің 80 жылын жабайы жеміс-жидек пен жүзімді зерттеуге арнаған болып шығады. Оның кандидаттық диссертациясы жабайы жүзімге арналса, докторлық диссертациясы жабайы алмаға арналған.
Бүгін бәріміз мақтан тұтатын – «Алматы бүкіл алманың отаны» деген тезистің ғылыми негізін қалаушы А.Жаңғалиев, ал оның құжаты - 1977 және 2001 жылдары жарық көрген А.Жаңғалиевтің екі үлкен монографиясы.
Атамыздың осы екі үлкен монографиясы ағылшын тіліне аударылып, АҚШ-та 2003 жылы басылып шықты. Бұл бүкіл дүние жүзі ғалымдары мойындаған ғылыми факт болды.
«Ұлы даланың жеті қыры» атты тұғырнамалық мақаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп жариялады, әлемге паш етті. Сондықтан, алма мен қызғалдақ аграрлық ғылым үшін тек зерттеу нысаны емес, қасиетті ұғымға айналды.
Осының барлығы А.Жанғалиевтің ғылыми мұрасының арқасында мүмкін болды. Түптеп келгенде А.Жаңғалиев Қазақтың аграрлық ғылымының текті өкілдерінің бірі, әрі бірегейі. Себебі, ол Қазақтың ғылымын ғана емес, ҚАЗАҚТЫҢ өзін де әлемге паш еткен ойшыл ғалым, ірі тұлға.
Сұхбаттасқан Әмір Әлімжан
Просмотров материала: 2 190