Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы мен оны кезең-кезеңмен жүзеге асырудың жолын көрсеткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында елдің әлеуметтік ахуалын айтарлықтай жақсартудың межелері көрсетілген болатын. Ұлт жоспарына жүгінсек, тұрмысқа қажетті таза ауыз су, көгілдір отын, тұрақты электр энергиясы халыққа қолжетімді болуы тиіс.
Бұл мақсатта судың сапасы барлық белгіленген санитарлық нормаларға жауап беруі қажет екендігі, сонымен қатар жерасты суларының әлеуетін кеңінен пайдалану, сумен қамтудың жаңа желілерін салу кезінде жүйелілік қағидатын қолдану керектігі айтылып, «2020 жылы орталықтандырылған сумен қамтуға қол жеткізу қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 80 пайызға жетуі керек», делінген еді.
Алайда, Мақтарал ауданы Құрбан ата ауылы тұрғындарының шағымына зер салсақ, Елбасы тапсырмасына сәйкес атқарылатын міндеттемелердің жергілікті жерде сапасыз орындалып жатқанын аңғарамыз. Өкініштісі, бұл келеңсіздік аудандағы сайлаушылар қолдап дауыс берген Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Шералы Қаныбеков басқаратын «Мақтарал-Сервис» кәсіпорнындағы жауапсыздықтың салдарынан орын алып отыр.
Арызшағымның азаюына соңғы жылдары жаңа форматта жұмыс істеп жатқан жергілікті әкімдіктердің өңірде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, әкімшілік кедергілерді жою мақсатындағы «Ашық әкімдік» қызметі де септігін тигізуі тиіс еді. Алайда Мақтарал ауданы әкімдігі сайтындағы ақпараттың кейбірі күмән тудырады.
Аудан әкімдігінің ресми сайтында «Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде 182 елді мекеннің 60 елді мекені (33%), 165 мың халық (54%) табиғи газбен қамтылса, 350 мың халық 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген» деген ақпарат бар. Бірақ аудандағы елді мекендердің тұрғындары әлі күнге ауыз суды көрші ауылдардан тасып ішетінін айтады.
Мақтарал аудандық прокуратурасы анықтаған деректер де тұрғындардың ауыз сумен толық қамтылмағанын айғақтайды. Яғни аудан халқы 100% ауыз сумен қамтамасыз етілгені жөніндегі мәлімет көзбояушылық, тек қағаз жүзіндегі көрсеткіш болып отыр. Мақтарал ауданы Құрбан ата ауылы тұрғындарының сапалы ауыз суға зәру екені жүз пайыздық көрсеткішке күмән келтіріп тұр. Ауыл тұрғындары бұған дейін де құзырлы органдарға, атқарушы билікке арызданғанымен, одан еш нәтиже болмағанын айтады.
Сапасыз су берген басшылар халықтың денсаулығын неге ойламайды?
Кейбір жерлерде сол сапасыз судың өзі де жоқ. Мақтарал ауданындағы ауыз судың жағдайы тиісті талаптарға жауап бермейді. Биыл 19 мамырда аудан прокуратурасы біздің жазған арызымыз бойынша тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге жауапты «Мақтарал-сервис» мекемесінің жұмысындағы заңсыздықтарды анықтап, аудан әкімі Ғ.Исмаиловқа ұсыныс хат жолдаған болатын.
Алайда арада төрт ай өтсе де кінәлі азаматтарға шара қолданылмай келеді», дейді шағымданбасқа шарасы қалмаған тұрғындар. Мақтарал ауданы прокурорының міндетін атқарушы А.Досаевтың аудан әкімі Ғ.Исмаиловқа 19 мамыр күні жолдаған ұсыныс хатында Құрбан ата ауылы тұрғындарының жазған арызы бойынша «Мақтарал- Сервис» кәсіпорнына тексеру жұмыстары жүргізілгені, бірқатар фактілердің анықталғаны баяндалған.
Құзырлы орган анықтағандай, Абибулла, Құрбан ата, Алғабас, Таубай ата, Қазыбек би, Жамбыл, А.Оспанов елді мекендеріне судың берілу уақыты 12 сағаттан аспайды. Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, су 8-10 сағат қана беріледі.
Судың сапасы төмен, тұзды. Құрбан ата ауылындағы жағдай тіптен нашар. Тексеру барысында Т.Мергенбаев көшесінде орналасқан су мұнарасының тесілгені, нысанның есігі жоқтығы, ішінде сиырлардың жүргені анықталған. Ауыз су ауылдағы 323 абоненттің 150-ге жуығына ғана жетеді. Қалған абоненттерге су жетпегендіктен, олар көрші жатқан Алғабас, Абибулла елді мекендерінен тасып ішеді.
«Мақтарал-сервистің» қызметі сапасыз болғанымен төлемақысы қымбат. Адам басына 220 теңгеден белгіленген. Ал кейбір отбасылардан айына 500-1000 теңгеден жинап алады. Ауыз су қызметіне жауапты оператор бақылаушылардың жалақысы да мардымсыз.
Бір оператор 23 мың теңге, ал келесісі айына бар-жоғы 12 мың теңге жалақы алады. Ауылда екі «Омега» су қондырғысы жұмыс істейді.
Бір литр су 1 теңгеден сатылады екен.
Сонда тұрғындар 1 текше метр су үшін қанша ақша төлейтінін есептей беріңіз. Облыстық мәслихат депутаты Шералы Қаныбеков басқарып отырған «Мақтарал-Сервис» кәсіпорнының жұмысын бұған дейін аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы да тексеріп, кемшіліктерін көрсеткен. Тексеру барысында Құрбан ата, Жамбыл елді мекендеріндегі су нысандарының санитарлық жағдайы талапқа сай еместігі анықталды.
Судың сапасын бақылау, су құбыры желілеріне дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін лицензиялық құқығы бар арнайы мекемемен келісімшарт түзілмеген. Бұдан басқа да көптеген келеңсіздіктерді көрсете келе, тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы Әкімшілік кодекстің 462-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырады. Бірақ хаттамада көрсетілген ескертулер орындалмаған. Ескертулерге құлақ аспаған соң басқарма сотқа жүгінген.
Мақтарал аудандық соты «Мақтарал-Сервис» кәсіпорнына қатысты арнайы қаулы шығарып, әкімшілік айыппұл салады. Қаулыда 2016 жылдың 21 қазанына дейін бұзушылықтарды жою туралы 13.09.2016 жылғы №206 санды нұсқаманың орындалмағаны, яғни Қазыбек би ауылдық округінің Құрбан ата, Жамбыл елді мекендері, Жаңа ауыл ауылдық округінің Ынтымақ, Жаңа ауыл елді мекендері, Жылысу ауылдық округінің Байқоныс, Баққоныс елді мекендері, Ділдәбеков ауылдық округінің Күрішті елді мекені, Жаңа жол ауылдық округінің Фердоуси елді мекені су ұңғымаларында су жинағыш мүкаммаларының санитарлық қорғаным аймағы толығымен қоршалмағаны, жөндеу жұмыстары жүргізілмегені жазылған.
Барлық елді мекендердегі жабдықтау көзінің бірінші белдеу аумағы санитарлық талапқа сәйкес көгалдандырылмаған, күзетпен қамтамасыз етілмеген. Ауыз су сапасының гигиеналық нормаларын сақтауды және қауіпсіздігін, санитарлық-техникалық жағдайын бақылауды қамтамасыз ететін іс-шара жос-пары жасалмаған. Құзырлы мекемелер анықтаған кемшіліктер жетерлік. Қысқарта айтсақ, көптеген бұзушылықтарды назарына алған сот «Мақтарал-Сервис» кәсіпорнына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (212 100 теңге) айыппұл салады. Кәсіпорынның жұмысы екі күнге тоқтатылады.
Тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы әкімшілік хаттаманы кәсіпорынның басшысы Шералы Қаныбековтің үстінен толтырған. Демек кәсіпорын басшысы Ш.Қаныбеков жауапкершілікке тартылуы тиіс еді. Бірақ жұмысты ұйымдастыра алмаған, өз міндетіне жауапсыз қараған басшы емес, кәсіпорын «кінәлі» болып шығады. Ақпанда шыққан соттың қаулысынан кейін де «Мақтарал-Сервистегі» жағдай оңалмаған. Мамырда тексеру жүргізген прокуратура жағдайдың бәз-баяғы қалпында екендігіне көз жеткізеді.
Мұндай жауапсыздық ауыл тұрғындарын ашындырып, жергілікті биліктің жұмысына қатысты күмәнді ойларға жетелеп отыр. Осы арада айта кетелік, тұрғындардың арыз-шағымына негіз болған кәсіпорын басшысы әрі облыстық мәслихаттың депутаты Шералы Қаныбеков кезінде сайлаудың үгіт-насихат шаралары басталмай жатып басы дауға қалғанымен, додадан сол жолы шеттетілмеген еді. Шеттетілмегені былай тұрсын, сайлауда тағы да бағы жанып, кезекті рет депутаттық мандатты иеленді.
Ал депутаттық мандат дегеніңіз халықтың аманаты емес пе? Алайда ауыл тұрғындары халық қалаулысының аманатқа адалдық танытпай, өзі басшылық ететін «Мақтарал-сервис» кәсіпорны жұмысына жауапсыз қарап, жұрттың наразылығын тудырып отырғанын айтуда. Қайбір жылдары жергілікті ақпарат құралдарында Мақтарал ауданындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін «Мақтарал-сервис» кәсіпорны ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қомақты қаржы алғаны, қаржының бір бөлігінің құрдымға кеткені жазылған еді.
Нақты цифрларға тоқталсақ, «Мақтарал-Сервис» құбырларды жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 2012 жылы 192 миллион теңге, 2015 жылы 273 миллион теңге алған. Бірақ қазынадан алынған қомақты қаржының нәтижесі байқалмайды. Ауыз суға зәру ауыл тұрғындары Ш.Қаныбеков депутаттық мандатты жауапкершіліктен жалтару үшін де пайдаланып отыр, сайлаушыларының талап-тілегін орындаудан қызмет орнын сақтауды көбірек ойлайды деп есептейді. – Жергілікті атқарушы биліктегілер Ш.Қаныбековті шектен шыққан кемшіліктер үшін жұмыстан босатудың орнына оған қолдау көрсетіп келеді.
Ералы Қаныбеков былтыр 5 қарашада зейнеткерлік жасқа толды. Аудан әкімдігі онымен арадағы келісімшартты 1 жылға ұзартты. Бір қызығы келісімшарт арада екі айдай уақыт өткенде 2017 жылдың 5 қаңтарында жасалады.
Бұл жерде де заң талаптары бұзылып тұр.
Оған қоса мемлекеттік мекемелерде басшылық қызмет атқаратын талай адам зейнеткерлік жасқа тола салысымен қызметімен қош айтысып жатқанынан хабардармыз. Ендеше баршаға ортақ дейтін заң күші Қаныбековке келгенде пәрменсіз болып қала ма? – дейді Құрбан ата ауылының тұрғындары. Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша хабарласқанымызда, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Асанов ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жерасты суларын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Сондай-ақ келесі жылы жобалау-сметалық құжаттарын жасауға қаржы қаралмақ. Демек ауыл тұрғындарына сапалы ауыз суды тағы екі жылдай күте тұруға тура келеді. Тұрғындар ауыз суды көрші ауылдан тасымалдап, амалдай тұрар. Алайда ауылдағыларды ашындыратын және арыздануға мәжбүр еткен – тиісті органдар анықтаған кемшіліктердің жойылмауы, заң бұзушылықтарға жол бергендерге шара қолданылмауы дер едік.
Егер кемшіліктер бо-йынша жұмыс атқарылып, шара қолданылғанда, ауылдағылар Астанаға арыздануға құмбыл болмас та еді. Елбасы Н.Назарбаев тамыз айының соңында Ақордада өткен Ұлттық комиссия кеңесінде халықтың Президент Әкімшілігіне арыз-шағымы азаймай тұрғанына қатысты сын айтқан болатын.
Ал арыз-шағымның азаймауы-на елдің жанайқайына қызметтің құлағын ұстаған адамдардың еті өліп кеткендіктен елең етпеуі, бұған жергілікті атқарушы биліктегілер жете назар аудармауы, дер шағында шара қолданбауы септігін тигізуде. Жоғарыда айтылған халықтың жанайқайы осыған дәлел.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Просмотров материала: 2 213