«Ердің құны – екі ауыз сөз». Күні кеше Жанболат Мамайдың сотында қорғаушылар тарапынан куәгер ретінде сөйлеп, тараптардың – адвокат пен прокурордың – сауалдарына жауап бердім. Бұған өзім ниеттендім. Өйткені жарты әлемнің назарына іліккен сот процесінде ісі қаралып жатқан «Саяси қалам. Трибуна» газетінің тұрақты авторы болдым. Оның үстіне жап-жас жігітке қарсы шыққан күллі мемлекеттік машинаға қатысты қоғамдағы көзқарасты сот отырысында айтып, жұртшылыққа, билікке жеткізгім келді.
Алматыда Жанболатқа қатысты өтіп жатқан сот процесінің негізгі бір себебі (сылтауы!) бар. Мәселе мынада: осыдан біраз уақыт бұрын билік БТА банктің экс-төрағасы Мұхтар Әблязовті қайткенде де қолға түсіріп, елге қайтарудың жаңаша бір амалына көшеді.
Яғни бұрын Мәскеу, Алматыда өткен сот үкімдерін «шығармашылық жағынан дамытып», оның «қылмыстық жолмен жымқырған қаржысының» енді қандай жолмен заңдастырылып, жылысталғаны жайлы әңгімені қозғап, Әблязовтің «алаяқтығын» одан әрі дәлелдей түсу, сол арқылы банкир бастаған ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың қатарын көбейтуді қолға алады.
Бұл сценарийді ойластырған тұста «құланның қасуына мылтықтың басуы» боп, Әблязовтің бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов өзінің кешегі әріптесінен түңіліп, теріс айналып шыға келеді.
Сөйтіп, биліктің көктен іздегені жерден табылады. Сол кәсіпкердің «ағынан жарылған» әңгімесінің ішінде Жанболаттың да аты аталып қалады. Жер астынан жеті қоян тапқандай қуанған тергеушілер осы дерекке желімдей жабысып, тас кенедей айырылмайды.
Біріншіден, бұл бояу Әблязов ісін одан сайын қоюлата түспек. Екіншіден, жас болса да бас болып қалған қайсар Жанболат «Ашық алаң. Трибуна» газетімен биліктің мазасын әбден қашырып біткен-ді. Оған тиісерге қара таппай, тістерін қайрап жүргендер дереу тергеуді бастап жібереді.
Әйтпесе сот шешімімен 7 миллиард доллар (!) жымқырды деп танылған Әблязовтің сол капиталының заңдастырылып, қайта айналымға, өз қожайындарының шоттары мен қалтасына түсуі туралы мәселені билік шағын газетті шығаруға қиналған Жанболаттан емес, қайта майшелпекке бөккендерді сол жағалаудан іздеулері керек емес пе еді?!
Бірақ олардың олай етпесі хақ: мұндай жағдайда көп дөкейдің арты ашылып масқара болады. Бір-бірінің көзін шұқымайтын қарғалар ондайға жол бермейді.
Сот отырыстарында Жанболаттың тәуелсіз газетін шығаруға Жарымбетовтен ақшалай көмек алғаны белгілі болды.
Осыдан біраз уақыт бұрын Жанболат маған «газетіміздің тұрақты авторы болыңыз» деп қолқа салғанда: «Басылымды кім қаржыландырып жатыр?» – деп сұрағанмын. Сонда ол: «Олардың аттарын атай алмаймын, бірақ олар өз мүдделерін ғана қорғап жүрген олигархтар емес, сөз бостандығына демеу жасағысы келетін отандық кәсіпкерлер.
Газетті мейлінше еркін, қоғамдағы бар пікірді ашық талқылайтындай етіп жасағымыз келеді. Өз ойыңызды қалауыңызша жазып тұрыңыз. Кез келген пікіріңізді жариялауға дайынбыз», – деді. Ол осы сөзінде тұрды.
Қазіргі нарық заманында газет сияқты эксклюзивті өнім, тауар шығарып, оны оқырманға жеткізу – қиынның қияметі. Ол – өте күрделі бизнестік жоба, тұтас технологиялық процесс. Яғни нақты әрі қомақты қаржысыз газет шығару мүмкін емес. Ешбір компания тектен-тек қағаз бермейді, ешқандай баспа газетіңді тегін баса салмайды.
Тәуелсіз, оның ішінде саяси сынды бұрқыратып, биліктің бет-жүзіне қарамай ащы шындықты шырқырата жазатын баспасөзге мемлекеттік тапсырыс бұйырмайтыны айтпаса да түсінікті. Сонда ауадай қажетті қаржыны атын атағысы келмейтін жанашыр бизнесмендерден алмағанда, кімнен алады?! Бұған дейінгі тәуелсіз басылымдар да осы жолмен жүріп өтпеді ме?
Қаржы табу әр редактордың ең басты міндеті. Яғни Мамайдың таңдауының өз қисыны мен реті бар.
Назар аударатын аса маңызды дерек: Мамай Жарымбетовпен байланысып, қаржы мәселесін шеше бастаған тұста Жарымбетов Әблязовпен ат құйрығын кесісіп кеткен. Яғни дәл сол тұста «Жарымбетовтен Мамайға келген қаржы Әблязовтікі» деу еш қисынға келмейді.
Прокурор болса әртүрлі қитұрқы әрекетпен осы деректі жоққа шығармаққа әлек. Сот барысында прокурор екі сөзінің бірінде Жарымбетовтің атын, оның қаржысын Әблязовқа теліп, сонымен ғана байланыстырғысы келетіні анық сезіліп тұрды.
Өйтпей қайтсін: олай болмаса, Әблязовтің банктегі қимыл-әрекетін, оған тағылған ауыр айыптарды сол Әблязовті өмірінде тірідей көрмеген әрі оған таңылған миллиардтардан бейхабар Жанболатпен «қылмыстық арақатынасы» туралы жорамалдың да быт-шыты шықпай ма?!
Сот барысында бір байқағаным: негізгі фактінің қайнар көзі мен темірқазығына айналған, сөйте тұра «суға кеткен тал қармайдының» күйін кешкендей көрінетін Жарымбетовтің өзі Мамайға тағылған айыптарды шын ниетімен қолдайтын адамға ұқсамайды.
Бірақ өткендегі сотта (Әблязов 20 жылға бас бостандығынан сырттай айырылған істе) шартты жазамен оңай құтылған оның билікке бір қарызы мен парызы бары сезіліп-ақ тұр...
Осылай дей келіп, айтарым мынау: «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дейді. Бұқаралық ақпарат құралдарында қалыптасқан қатаң заңдылық бойынша, шығаруға қаржыны кім берсе, сол адам туралы баспасөзде ешқандай сын айтылмайды. Өзін сынайтын газетке кім қаржы береді?! Қаржылық демеушінің «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болмақ.
Бірақ «Ашық алаң. Трибуна» газетіне келсек, бұл басылым о бастан жалпыұлттық, жалпыдемократиялық тақырыптар мен тұлғалар, оқиғалар мен деректерді негізге алды.
Ол шын мәнінде шындық, әділеттілік және демократия құндылығына қалам тербеген кез келген авторға мінбесін ұсынды. Газет бетінде солшыл мен оңшыл, «центристер» мен әсіреәсершілдердің пікірлері теңдей жарияланып тұрды. «Ашық алаң. Трибуна» газеті қоғамдық-саяси плюрализмнің нағыз үлгісі болды.
Әблязовқа келер болсақ, басқасын білмеймін, дәл өз басым әлеуметтік желілердегі арнайы парақшамда оның оппозициялық қимыл-әрекетіндегі кейбір асырасілтеушіліктері мен ортақ іске кедергі қадамдарын апта сайын ашық жаздым.
«БТА банкінен қыруар қаржы жымқырды» деген ауыр айыптарға, сот отырыстарында айтылған офшорлық және офшорлық емес компанияларға қатысты деректерге Әблязов ресми түрде нақты әрі жан-жақты жауап беруі керек» деген менің талаптарым да «Ашық алаң. Трибуна» газетінде ешбір өзгеріссіз жарық көрді. Егер Мамай Әблязовтан қаржы алса, оған бағынышты болса, редактор ретінде демеушісіне қатысты сынды газетіне басар ма еді?!
Демек, құзырлы органдардың Жанболат Мамайдың таза журналистік әрі қоғамдық қызметін миллиардтаған қаржыны сапырылыстырды дейтін банкир Мұхтар Әблязовпен байланыстыруы көпе-көрінеу сорақылық әрі барып тұрған арандату деп білемін.
Осы тұста антимамайлық күреске мұрындық боп жүрген азаматтарға айтар бір сөзім бар: бәлкім, сіздердің Әблязовқа деген реніштерің бар шығар, мүмкін, оны жек көретін шығарсыздар немесе оған қатысты басқа да айыптарың болуы ықтимал.
Күрессеңдер, кеше ғана өздеріңмен дастархан басында бірге отырып, дәм-тұздас, әріптес болған Әблязовтің өзімен күресіңдер. «Аққа қара жұқпайтыны» секілді БТА банкте болуы мүмкін былықтармен Мамай сияқты таза жігітті ластай да, қаралай да алмайсыздар.
Енді ғана жұлдызы жанып, қаламы мен қайраткерлігі, батылдығы һәм батырлығымен, екінің біріне Құдай бере бермейтін тектілігімен көзге түсіп, қазақ жастарының үлгі тұтар жетекшісі боп қалыптасып келе жатқан 29 жастағы Жанболат Мамайдың не жазығы, не айыбы бар?!
Мемлекет тұтастығы, ұлттың ұпайы, тәуелсіздіктің тұғыры үшін «сен тұр, мен атайын» деп жанып тұрған жастың қанатын қайырып, түрмеге жапқаннан не табамыз?
Осындай жағдайға жеткенімізден-ақ Жанболат Мамайдың миссиясы анық көрініп тұр. Ол – сөз бостандығына деген әр азаматтың, қала берді, күллі қоғамның құқын қорғап қалу және постназарбаев кезеңі қарсаңындағы саяси жүйенің іріп-шіріп, осындай масқара сот ісіне дейін құлдырап кеткенін көрсету болса керек.
Мақаланың басында айтқан ойымды сабақтай түсейін, бәлкім, о баста осы іс әлдекімнің саналарында пісіп-жетілген кезде Мамай арқылы Әблязовті саяси құбыжық етіп көрсету керек болған шығар.
Бірақ болар іс болды, бояуы сіңді емес пе? Әблязовқа үкім шығып, қылмыскер атанды ғой. Енді Әблязовті елге қайтарам деген билік үшін Мамайдың ісі не бермек? Керісінше, егер күні ертең сот «Әблязов «Ашық алаң. Трибуна» сияқты оппозициялық газетті өз қалтасынан қаржыландырыпты» деп ресми түрде таныса, ондай үкім шетелден өзіне саяси баспана іздестіріп жүрген экс-банкир үшін таптырмас тарту болмай ма?!
Өйткені атының өзі айтып тұрғандай: «Саяси қалам. Трибуна» атты газеттің редакторына қарсы қозғалған іс, сөзсіз, саяси процесс болмақ. Сөйтіп, батыс қауымдастығының алдында Әблязовтің ісін одан әрі саясиландырмақ. Осындайда тал қармап жүрген экс-банкирдің қолына тегін саяси көзір таратып беріп жатқан Ақорда маңындағы күштік құрылымдардың пиғылына таңғаласың. Әлде олар оның астыртын жанашырлары емес пе?
Осындай күдіктен келіп біздегі құқық қорғау органдарының кәсіби жағынан азып-тозғанын, тоқырауға ұшырағанына, біліктіліктен айырылғанына қарның ашады. Басқасын айтпағанда, олар жоғарыдан түскен саяси тапсырыстың өзін дұрыстап орындай алмайтындай. Өйткені сотта қаралып жатқан Мамайдың ісінде қателіктер мен жөнсіздіктер көзге ұрып тұр.
Мәселен, ресми түрде зардап шеккен деп сипатталған БТА банк өкілінің алғашқы күнгі түсініксіз сөздері мен жауаптары сотқа келген жұртты еріксіз күлдіріп, ызасын туғызды. Зардап шегуші өкілінің адам түсінбеген сөзіне қарап-ақ Мамайға қарсы тағатын жөні түзу уәж табылмағандай көрінеді.
Сосын «Мамай пәленше-түгеншеден ақша алды» деген айыптардың өзі ешбір құжатпен расталмаған. Егер Жанболаттың өзі «Жарымбетовтен ақша алған емеспін» деп қасарысып тұрып алғанда, прокурордың құжатталған дәлелі де табылмас еді.
Олай болса, ертең кез келген адам сотқа барып, «мен оған ақша беріп едім» деп көңілі қалаған оппозиционерді масқара етуі мүмкін ғой. Мына сот та соған ұқсап бара жатқандай.
Соттың өзінде бостандық жоқ бүгінгі саяси жүйеде Жанболаттың ісі әділетті шешіледі деп болжаудың өзі қиын. Біздің елде «сүттен ақ, судан таза» періште болсаң да, тиісті тапсырма түссе, құйрығыңа қоңырау байлап итжеккенге айдап жібереді емес пе!? Әсіресе саяси процестерге келгенде...
Дегенмен жоғарыда айтылған уәждерге және Әблязовқа қатысты айыптар Мамайдың осы ісіне қатыссыз-ақ жүзеге асқанын ескерсек, «жақсы сөз – жарым ырыс» деп жақын күндері шығуы тиіс үкімге үмітпен қарауға болатын сияқты. Солай болғай да!
Әміржан ҚОСАНОВ
Дереккөз: Жас Алаш
Просмотров материала: 2 517