Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев
Соңғы уақытта интернетте діни рәсім жасаумен айналысатын агенттіктердің жарнамасы жаңғырып тұр. Кез келген жерлеу бюросының сайтына кіріп хабар жіберсеңіз, менеджерлері бірден хабарласып, қандай қызмет көрсете алатынын тәптіштеп түсіндіріп, бағасын айтып береді. Ақшасын берсең жерлеу рәсімін толықтай ұйымдастырып беруге дайын агенттік өкілдері «өлген адамның жақындары тек дайынға ғана келеді» дейді. Айта кетерлігі, мұндай агенттіктер мұсылманша жерлеу, православ христианша жерлеу, яһудилік жерлеу рәсімдерін ұйымдастырады. Осындай агенттіктердің жұмысы қаншалықты заңды? Олардың жұмысын кім қадағалайды? Мұсылманша жерлеумен айналысатын қандай агенттік бар? Azattyq Ruhy тілшісі діни рәсім жасайтын агенттік өкілдерімен хабарласып, аталған сауалдарға жауап іздеп көрді.
ДІНИ БАСҚАРМА ЖЕРЛЕУДІ ҚАЛАЙ ӨТКІЗУ КЕРЕКТІГІН ЕШКІМГЕ МІНДЕТТЕЙ АЛМАЙДЫ
Дінтанушы Мұқан Исаханның айтуынша, республика бойынша наиб имамдардың бірі мәйітті жуындырудан бастап, қабірдің мұсылманша қазу мәселесі, молалардың тазалығы сияқты жұмыстарға қарайды. Жаназаны шығаруға қатысты әр имамның қызмет көрсетуіне берілетін бейресми ақысы болады. Бірақ жағдайы жоқ, қаражат төлеуге шамасы жетпейтін адам болатын болса, бұл қызметті олар тегін жасайды.
«Мәйітті мейрамсумен жуудан бастап кебіндеп, жаназасын шығарғанға дейін барлық қызмет әр өңір бойынша бір имамның мойнында. Қазір мәйітті жууға туған-туыстары, жолдасы, бауырларынан үш адам кіреді. Бірақ олар шариғаттағы мәйіт жуудың тәртібін білмейді. Шариғат заңы бойынша қайтыс болған адамның ішек-құрылысында нәжіс қалмауы керек. Соның бәрін тазарту керек болады. Осының ережесін имам айтып тұруы тиіс. Бір адам су құйса, екіншісі тазалайы. Ең соңында спирті жоқ арнайы сумен жуып, кебіндейді. Осының бәрін шариғатты білетін адам болмаса, жай адам істей алмайды. Істесе де шала істейді. Мәйітті көтерген және жерлеген кезде денесі бүгіледі сонда ішінде нәжіс болса, шығып кетеді. Ондай жағдайда негізі жерлеуге болмайды. Кейде шариғаттың тәртібін білмей имам шақырмай өздері жуындыру рәсімін жасай береді», - дейді теолог.
Ол өз сөзінде жерлеу рәсімін ұйымдастыратын агенттіктерді қадағаламайтын себебі, бұл қызмет түрі – ерікті. Яғни әр адамның наным-сеніміне байланысты. Осы ретте, қоғамда түрлі қарама-қайшылықтардың тууына себеп болатын жағдайлар да аз емес. Мысалы кейбір адамдар өзін қалай жерлеу керегін алдын ала жазып кетеді екен.
«Марқұм дүниеден өтер алдында хат жазып қалдырып, онда шариғаттың шартын емес, өзге діннің жоралғысы сияқты табытқа салып, мәйіттің бетін ашып қою сияқты мұсылманға жат жөн-жоралғыны айтады. Ал имамдар мұның дұрыс емес екенін айтады. Туыстары болса, өсиетте жазылғандай жерлейміз дейді. Міне осыдан барып түсінбестік туындайды. Ал жерлеу рәсімін ұйымдастырумен айналысатын агенттікке жүгінген адам мәйітті қалай жуу керек, қандай жөн-жоралғы жасау керек, ол жағын өзі қалағанындай жүргізе алады. Яғни марқұмның өсиетхатында мәйіттің беті қоштасарда ашық болсын, табытқа салып жерленсін дегенді қызмет көрсететін агенттіктер орындайды. Себебі бұл қызмет үшін ақша алып отыр», - дейді Мұқан Исахан.
Дінтанушының айтуынша, жерлеуді қалай өткізу керектігін діни басқарма ешкімге міндеттей алмайды. Бұл жерде туындап отырған түйіткілді мәселе – жерлеу рәсімін әркім өз білгенінше жасайды.
ЖЕРЛЕУ РӘСІМІНІҢ БАҒАСЫ – 80 МЫҢНАН БАСТАЛАДЫ
Мәйіттерді жерлеу жөнінде қызмет көрсететін агенттік жұмысы мен қызметін білу үшін бірнешеуіне хабарласып көрдік. «Мәңгілік естелік» агенттігінің жетекшісі жерлеу рәсімін ұйымдастыру бағасы 150 мың теңге екенін айтты. Бұл бағаға табыт, тақта, мата және көлік кіреді. Егер мәйітті ауылды жерлерге жерлеу керек болса, километріне 300 теңгеден есептейді. Ал «Амон» агенттігінің жетекшісі жерлеуге қатысты барлық діни рәсімді ұйымдастыратынын, өзінде жұмыс істейтін жігіттердің діни білімін жетілдіріп отыру үшін мұсылман және христиан дінінің өкілдерімен кездесіп, барлық жөн-жоралғыларды үйрететінін айтты.
«Қазір қоғамда адамдардың діни көзқарасы өзгерді. Діни рәсімге немқұрайлықпен қарайды. Осы ретте, біз имамдар мен христиан діндерінің өкілдерінен үйренгенімізді түсіндіреміз. Біздің агенттікте мұсылманша жерлеудің бағасы – 80-100 мың теңгенің шамасында. Мәйітті жуындыратын адамды да өзіміз дайындап береміз. Негізі бұл міндетті туысқандары өз мойнына алатын. Бірақ кейде біздің көмегімізді сұрап жататындар бар. Мұның сыртында материал бағасы әйелдер үшін 5 метрі 14 мың теңге, ер адамға 12 мың теңге болады», - дейді ол.
Шереметьев салттық қызметтер бюросының директоры мекеменің қызметін былайша түсіндіріп берді:
«Менің агенттігім негізінен Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қызмет көрсетеді. Пандемия кезінде тапсырыс көп болатын. Қазір бізге хабарласатындар саны азайып кетті. Біздің ұсынып отырған бағамыз қымбат деп айта алмаймын. Бағаның қаншалықты қымбат болатыны клиенттің тапсырысына байланысты. Мысалы 20 мың теңгенің табытына тапсырыс беретіндер бар және 500 мың теңгенің табытын таңдайтындар да болады. Түрлі жағдайдың куәгері боламыз. Мәселен жақынына қаражатын аямай, барлығын жоғары деңгейде, жоғары сапада өткізетіндер бар. Кейде алыс туысы қайтыс болып жатса, ол кісінің жерлейтін ешкімі болмаса, туыстары жоқтан бар жасап, аз сомаға жерлеу рәсімін өткізеді», - дейді агенттік директоры.
Оның сөзінше, қазір барлық заттың бағасы жаппай қымбаттап жатыр. Бұл қымбатшылық агенттік қызметіне де әсер етеді.
«Мысалы зират орнату үшін темір керек. Оның бағасы да соңғы уақытта қымбаттады», - дейді ол.
Ольга есімді жерлеу агенттігінің өкілі:
«Мәйітті жуындыруға қажет заттар: темір табыт, кленка, тегеш, құман, жуындыратын адамға және жуындыруға кіретіндерге де алжапқыш, қолғап, бахила, бетперде беріледі. Ақыреттің заттарына қажет 25 метр ақ мата, 8 метр вафельді орамал, марлі, духи, сабын, крем, 3 метр қызыл плюш мата кіреді. Қажет десеңіз, мәйітті жуындыратын адамды мешіттен әкелеміз», - деді.
«ҚАМҚОР-ШАРАПАТ» САЛТТЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Нұр-Сұлтан бойынша «Қамқор-шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының өкілі, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Саят Серікұлының айтуынша, жерлеу рәсімін ұйымдастыратын агенттіктердің қызметі – қабір қазу, мәйіт таситын көлікті ұйымдастыру, ақыретке аттандырардағы мата сияқты қажетті заттарды дайындап беру, мәйітті жуындыратын адам болмаған жағдайда өздері осы қызметті атқаратын адам тауып беру.
«Мұндай агенттіктермен Діни басқарманың бұйрығымен бекітілген ресми түрде қызмет ететін имамдар жұмыс істемейді. Сондықтан мұндай агенттіктер намаз оқымаса да, шариғаттың шартын білмесе де, өз таныстарын шақырып, рәсім жасай береді. Сол сияқты жұрт арасында аты танылған молдалардың көмегіне жүгінеді. Бұл агенттіктер қабір көтерумен де айналысады», - дейді.
2021 жылдың қаңтар айында ҚМДБ-ның ғимаратында өткен кеңейтілген төралқа жиынында Бас мүфти Мүфтияттың жанынан «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығын ашу туралы шешім қабылдады.
«Бұл оратықты ашудағы мақсат – дініміз көрсеткен жеңілдікті пайдалана отырып, қабір басындағы мазар салып жарысудағы бәсекелестікті тоқтатып, ысырапқа жол бермей еліміздегі мұсылман зираттарын бірізділікке келтіріп, дәстүрімізге сай салттық қызмет көрсету. Қазіргі таңда, жергілікті әкімшіліктер тарапынан зираттардың ішінен «Qamqor-Sharapat» орталығына арнай жерлер бөлініп, Зират және зиярат мәдениеті құжаты негізінде жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, аймақтардағы үлкен мешіттердің жанынан мәйітханалар ашылуда және мәйітті жуындыратын, кебіндейтін, қабір қазатын мамандар даярланды», - дейді ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы.
«ЖЕРЛЕУ РӘСІМІ – СОҢҒЫ САПАР, ДҰРЫС АТҚАРМАСАҚ АЛЛАНЫҢ АЛДЫНДА ДА СҰРАЛАМЫЗ...»
Белгілі болғандай, Нұр-Сұлтан қаласында «Қамқор-шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының жерлеу рәсімін өткізу бойынша әкімшілікпен бекітілген баға бар.
«Соның негізінде қабір қазу – 97 мың теңге. Оның ішінде қабір қазу кезіндегі құрылыс материалдары кіреді. Оңтүстік жақта қабірді 90% туыстары қазады. Ал Солтүстікте әсіресе елорда маңында жақындары қайтыс болған кезде қабір қазу қызметіне мұқтаж. Өйткені туған-туыстары жан-жақта, әсіресе қыста қабір қазатын адам таппай қалатын жағдай болады. Бізде қабір қазуға алатын 97 мың теңгені «қымбат алып отырсыңдар, бизнес жасап жатырсыздар» дейтіндер бар. «Онда қабір қазуға қажетті барлық заттарды береміз, осы қызметті өздеріңіз атқарыңыздар» деп айтамыз. Бірақ оған ешкім келіспейді. Айта кетейін, жерлеу рәсімін ұйымдастыруда баға әр өңірде әртүрлі. Тек Алматы мен астанада қымбат», - дейді «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Саят Серікұлы.
Оның сөзінше, әр өңірдің топырақ ерекшелігі әртүрлі. Мысалы Торғай, Қостанай облыстарында қабір қазарда жарма емес, лақап қазады да ағашпен тіреп қояды.
«Ал Ақмола облысында лақап қазуға келмейді. Себебі жер құмды болған соң құлайды. Оның үстіне көктемде су басады. Сол үшін жарма қазамыз. Одан кейін кірпіш қойылады. Қазір нарықта кірпіштің де бағасы қымбаттап жатыр. Одан кейін плита салынады. Жалпы 97 мың теңгеге кірпіш, плита, тақтай, екі қабіршінің еңбегі кіріп отыр. Егер жағдайы жоқ деген кісілерге 80 мың теңгеге жасап береміз. Орталық енді ашылғаннан кейін ауқымды қаражатымыз жоқ. Сол үшін екі жекеменшік катафалка иелерімен келісімшартқа отырдық. Қала бойынша осындай қызмет көрсететін 20 көлік бар. Бізбен келісімге отырғандар басқаларға қарағанда арзан бағада қызмет көрсетеді», - дейді наиб имам.
Оның сөзінше, жерлеу рәсімі кезінде мата таңдау мәселесі де аса маңызды.
«Біз сапалы, соған сай бағасы да қымбаттау мата қолданамыз. 16 ниткалық мата қолданамыз. Бұл мата түрі ақырет киімді пішкен кезде матаны жыртқанда түп-түзу жыртылады. 12 ниткалық маталарды жыртқанда қисайып кетеді. Сапалы мата қалың болады. Мәйітті ораған кезде денесі көрініп тұрмайды. Басқа жерлеу рәсімдерін көргенімізде матадан үнемдейтінін байқап жатамыз. Бірақ мәйітті кебіндейтін матаның бағасы 23 мың теңге болса, бізде де сол баға. Бірақ сапасында айырмашылық бар», - дейді Саят Серікұлы.
Оның сөзінше, қазір интернетте қаптап кеткен жерлеу рәсімдерін ұйымдастырумен айналысатын агенттіктер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз қызметін ұсына береді.
«Агенттіктер адам өлімі тіркеле салысымен сол маңайдан бірден табыла кетеді. Оның себебі, аурухана қызметкері мен құзырлы органдар адам өліміне қатысты құжатты тіркегеннен кейін қайтыс болған адамның отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыратын агенттіктің қызметін ұсынады, визиткасын береді немесе өздері агенттікке хабарласып, қайтыс болған жердің мекенжайын айтады. Яғни агентіктерге клиент тауып береді. Сол үшін оларға ақшасын төлейді. Бұл мәселе талай рет әкімшілік жиналыстарда да көтерілді. Осы бойынша ұсталғандар да болды. Бірақ бұл жағдайды тоқтату өте қиын. Мұндай агенттіктердің жұмыс көрші Ресей елінде жақсы дамыған. Біздегі агенттердерің де дені орыс ұлтының өкілдері. Олар бірнеше діннің жерлеу қызметін, салтын қатар атқара береді. Осыдан барып, шатасу, әр діннің ережесін дұрыс сақтамау туындайды. Жерлеу рәсімі ˗ бұл соңғы сапар. Оны дұрыс атқармасақ Алланың алдында да сұраламыз», - дейді найб имам.
Аталған орталық артында іздеушісі жоқ аталар мен апаларға, жетім-жесірлерге тегін қызмет көрсетуге дайын. Бұған қоса, бұл орталық тек мұсылмандық жерлеу рәсімімен ғана айналысады.
Просмотров материала: 1 230