Госорганы

Нұр-Сұлтан мен Сарыағашта перинаталдық орталық салынады

Қазіргі уақытта әкімдіктер бюджет қаражаты есебінен Нұр-Сұлтан қаласында және Түркістан облысының Сарыағаш қаласында салынатын 2 перинаталдық орталықтың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп жатыр.

Елордадағы перинаталдық орталық 250 төсекке, Сарыағаштағы 240 төсекке шақталған, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Сондай-ақ Алматы облысының әкімдігі мен Катар Даму қоры арасында жасалған меморандум аясында Алматы облысының Іле аудандық орталық ауруханасы жанынан перзентхана (125 төсек) салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

«Бірінші кезекте жобаларды перинаталдық орталықтары жоқ және перзентханалары 1960-1980 жылдары салынған ескі ғимараттарда орналасқан Атырау, Орал, Қостанай, Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Қонаев қалаларында іске асыру жоспарлануда», — делінген хабарламада.

Бұл ретте көпбейінді ауруханалар құрамында перинаталдық орталық корпусын салуға «үлгілік» жоба әзірлеу көзделіп отыр, бұл қаржы шығындарын оңтайландыруға, сондай-ақ объектілерді жобалау, салу және пайдалану кезінде бірыңғай халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.

Стационарлық көмек көрсетудегі қазіргі заманғы үрдістерді ескере отырып, бұл жобалар көпбейінді ауруханалардың жекелеген корпустары ретінде іске асырылмақ.

 

Другие новости

Back to top button