Бизнес

АҚШ ФРЖ саясаты теңгеге, мұнай бағасына және инвестицияларға қалай әсер етеді

AMarkets компаниясының талдаушысы Дәурен Жәңгір

АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) шешімдері дәстүрлі түрде әлемдік қаржы нарықтарындағы басты оқиғалардың бірі болып саналады. Америкалық реттеуші тек АҚШ-тың ішкі ақша-несие саясатын айқындайтынына қарамастан, оның шешімдерінің ықпалы ел шекарасынан әлдеқайда асып түседі. Қазақстан үшін де ФРЖ саясаты маңызды, өйткені ол доллар бағамына, шикізат тауарларының бағасына, инвестициялық ағындарға және сыртқы қаржыландыру құнына әсер етеді.

2026 жылғы маусымда ФРЖ базалық пайыздық мөлшерлемені 3,5–3,75% деңгейінде сақтап, алдағы шешімдер инфляция мен экономиканың жай-күйіне қатысты жаңа деректерге сүйене отырып қабылданатынын растады. Қазіргі таңда нарық қатысушыларының назары америкалық реттеушінің пайыздық мөлшерлемелердің алдағы бағытына қатысты беретін сигналдарында болып отыр, себебі дәл сол инвесторлардың күтулері көп жағдайда нарықтарға қабылданған шешімдердің өзінен кем әсер етпейді.

ФРЖ саясаты Қазақстанға қалай әсер етеді

Қазақстан экономикасы негізінен ішкі факторлардың ықпалымен дамығанымен, әлемдік қаржы үдерістерінен толықтай оқшаулану мүмкін емес. Сондықтан ФРЖ шешімдері елімізге бірден бірнеше бағыт бойынша әсер етеді. ФРЖ саясатының ұлттық валютаға ықпалын жанама әсер деп атауға болады, себебі ФРЖ саясаты ең алдымен DXY доллар индексіне әсер етеді, ал ол өз кезегінде валюта жұптарының, соның ішінде USD/KZT бағамының өзгеруіне ықпал етеді.

Теңге бағамы

АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелер жоғары деңгейде сақталған кезде, америкалық мемлекеттік облигациялар тәуекел деңгейі төмен әрі кірістілігі салыстырмалы түрде жоғары болғандықтан инвесторлар үшін анағұрлым тартымды бола түседі. Соның нәтижесінде халықаралық капиталдың бір бөлігі долларлық активтерге бағытталып, долларға деген сұраныс артады, бұл өз кезегінде дамушы елдердің валюталарына қосымша қысым түсіруі мүмкін.

Қазақстан үшін бұл, өзге жағдайлар тең дәрежеде болғанда, доллардың нығаюы теңге бағамының серпініне де әсер етуі мүмкін екенін білдіреді. ФРЖ саясатының ұлттық валюта бағамына ықпалының айқын мысалы ретінде 2015 жылды атауға болады, сол жылы ФРЖ 10 жылда алғаш рет базалық пайыздық мөлшерлемені 0,25%-дан 0,5%-ға дейін көтерді. Бұл шешім еркін бағамға көшумен және мұнай құнының төмендеуімен қатар келіп, нәтижесінде теңгенің бір доллар үшін 185 теңгеден 300 теңгеден астам деңгейге дейін әлсіреуіне әкелді. 2022 жылы ФРЖ пайыздық мөлшерлемені қысқа мерзім ішінде 0,25%-дан 4,5%-ға дейін көтеріп, бұл да теңгеге қысым жасап, оның әлсіреуіне әсер етті, алайда мұнай бағасының жоғары болуы ұлттық валюта бағамын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте ФРЖ ықпалы жалғыз фактор болып табылмайды. Ұлттық валюта бағамына сондай-ақ экспорттық түсім көлемі, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер, төлем теңгерімінің жағдайы және Қазақстан Ұлттық Банкінің саясаты да елеулі ықпал етеді.

Неліктен Қазақстан үшін шешімдер ғана емес, нарықтық күтулер де маңызды

Іс жүзінде қаржы нарықтары көбіне ФРЖ қабылдаған шешімнің өзіне емес, реттеушінің алдағы қадамдарына қатысты қалыптасқан күтулерге көбірек назар аударады. Егер инвесторлар пайыздық мөлшерлемелердің алдағы уақытта төмендейтінін күтсе, бұл әдетте дамушы елдердің акцияларына, шикізат тауарларына және активтеріне деген қызығушылықты арттырады. Ал егер нарық қатаң ақша-несие саясаты сақталады деп күтсе, долларға және америкалық облигацияларға деген сұраныс, әдетте, жоғары деңгейде қалады.

Дәл сондықтан да ФРЖ отырыстарының хаттамаларының жариялануы, реттеуші өкілдерінің мәлімдемелері және АҚШ-тағы инфляцияға қатысты жаңа деректер тұрақты түрде әлемдік қаржы нарықтарындағы қозғалыстың драйверлеріне айналып отырады.

Қорытынды.

ФРЖ-ның монетарлық саясатқа қатысты шешімдері теңге бағамын айқындайтын негізгі фактор болып саналмайды, дегенмен ФРЖ-ның негізгі пайыздық мөлшерлемесінің теңге бағамына, сәйкесінше, импортқа тәуелді Қазақстан экономикасына жанама ықпал ететінін жоққа шығаруға болмайды. Себебі импортталатын тауарлар үшін есеп айырысу америкалық валютамен жүргізіледі. АҚШ ФРЖ шешімдері инвесторлар үшін де маңызды, өйткені нарықтағы жағдай көбіне макроэкономикалық көрсеткіштерге, соның ішінде ФРЖ отырыстарының хаттамаларына байланысты қалыптасады және мұндай деректер әлемдік қаржы нарықтарына жанама ғана емес, тікелей де ықпал етуі мүмкін екені айқын.

Другие новости

Back to top button