Психикалық денсаулық орталығы балаларға ашық есік күні мен мереке ұйымдастырды.

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының кішкентай емделушілері ата-аналар мен медицина қызметкерлерге өнерлерін паш етті.
Емделушілер мереке шымылдығын қойылыммен бастады. Ертегі әлемінің кейіпкерлерінің жолын бөгеген кедергілерді еңсеріп, қиындықты жеңіп, мейірімділік , адамгершілік, нағыз достықтың құдіреті мен күшін көрсетті. Психологтар мұндай театрландырылған қойылымдар балаларға көпшілікпен тіл табысуға, еркін ойлауға, эмоционалдық қысымын (стрессті) азайтуға және ортаға тез бейімделуге көмектесетін таптырмас арт-терапия құралы дейді.
-Бүгін бізде мереке. Балаларды қорғау күні. Біздің бөлім сүйікті балаларымызға мерекені ерекше ұйымдастырамыз. Балалар өздері өнер көрсетеді. Тәтті сыйлықтар болады. Шеберлік дәрістері өтеді. Олар асфальтқа сурет салып, байқауға қатысады. Біз бүгін ғана емес әрқашан бақытты болсын деп, барлық күш-жігерімізді жұмсап, кішкентай емделушілерге арналған мерекелік шараны қызықты өткізуге тырысамыз.
Қазіргі таңда біздің бөлімде 45 бала емделіп жатыр. Әр баланың өз түйіткілі бар. Өзекті проблема суицид жасауға ұмтылуы. Бұл қазіргі таңда ең басты түйіткіл. Жалпы адам қуанышпен өмір сүру керек. Өз өмірін қиюға әрекет ету оқиғасы көбейіп жатыр. Біз оны шешуге көмектесеміз. Бұл жерде балалар әлеуметтік ортаға бейімделуге, сөйлесуге үйренеді. Өзара сұхбаттасады. Буллингті қабылдамауға үйренеді. Олармен психологтар жұмыс істейді,- дейді балалар бөлімінің меңгерушісі Ольга Александрова.
Бұған қоса , Алматы қаласының штаттан тыс бас балалар психиатры Ольга Александрова қазіргі жасөспірімдердің ата-анамен әңгімелесу мүмкіндігінің болмауы, күні бойы гаджеттерге телміріп, адамдармен қарым-қатынастың шектелуі, сұхбаттасуды ұмытуы, ата-ана жұмыста, ал үйде балаға ешқандай міндеттің жүктелмеуі олардың дамуын тежейді деп алаңдаушылық білдірді.
Дегенмен бүгінгі шараны ұйымдастырушылар психикалық денсаулығында кілтипан бар балаларға ұмытылмас әсер сыйлады. Көңілі аппақ парақтай кішкентай емделушілер үшін сурет салу жанға дауа. Себебі, мың түрлі бояу, қиялдағы әр қимыл, сезімді, қорқыныш пен жүрек түкпіріндегі арман, көзқарасын қыл қалам арқылы білдіруге тырысады. Әр туындының астарында әр емделушінің әлемі менмұндалап тұр. Бүгін ең үздік туынды авторларын орталықтың қызметкерлері тәттілер тарту етіп, марапаттады.
Ал таңғы сағат 8-ден бастап орталық кішкентай емделушілерге есігін айқара ашты. Ата-аналар мен жеткіншектер ешқандай кедергісіз, балалар психологтары мен психотерапевтерге жолығып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Әрі орталықта пациенттерге қатысты барлық ақпарат құпия сақталады. Психологтар баланың психикалық саулығына бей-жәй қарамауға кеңес береді. Себебі, барлық баланың бақытты болуға құқығы бар.



Жазира Бегалы


