«Майор Мырза» қайта оралады: қазақстандық комедияның екінші маусымының трейлері шықты

3 желтоқсанда Freedom Видео платформасында кездейсоқ полиция бастығы болып шыға келген қылмыскер туралы комедиялық сериалдың жалғасы жарық көреді. Алғашқы маусым YouTube желісінде алты миллионнан астам қаралым жинаған. Бұл жолы Талғат Қылидың жаңа өміріне Астанадан келген тергеуші қауіп төндірмек. Ол жалған майордың өткен өміріне үңіліп, оның кім екенін анықтауға кіріседі.
Қылидың құпиясы ашыла ма?
Сериалдың алғашқы маусымында кәнігі ұры Талғат Қыли соңғы ұрлығын жасап, елден қашып кетуді жоспарлайды. Алайда ойламаған жерден полиция формасын киіп, Бес-Қоңыр шағын қаласындағы полиция бөлімінің бастығы атанады. Заңды да, полицияның жұмыс тәртібін де білмейтін Қыли қылмыстарды өз әдісімен аша бастайды.
Екінші маусымда Қыли жаңа қызметіне әбден төселген. Елдің сеніміне ие болып, сүйген жанын жолықтырған ол ұрлықпен біржола қоштасқандай еді. Бірақ Астанадан келген тергеуші оның тыныштығын бұзады. Тергеу барысында Қылидың шын мәнінде кім екені белгілі болуы мүмкін. Енді жалған майор қол жеткізген бар жақсылығынан айырылып қалмау үшін бұрынғы айла-амалдарына қайта жүгінуге мәжбүр.
Сериал авторлары жаңа маусымда көрерменге етене таныс әзіл сақталатынын, ал оқиға желісі бұрынғыдан да шиеленісіп, күтпеген бағытта өрбитінін айтады.
Көпшілік сүйіп көрген комедияның жалғасы
«Майор Мырза» сериалының алғашқы маусымы көпшіліктің көңілінен шықты. Бірінші бөлімнің өзі YouTube желісінде үш миллионнан астам қаралым жинаған. Басты кейіпкердің ерекше болмысы мен тапқырлығы, қылмысты ашудағы өзгеше тәсілдері, сондай-ақ әзіл мен шытырман оқиғаның үйлесімі көрерменді баурап алды.
Екінші маусымда да басты рөлді Нышанбек Жұбанаев сомдайды. Сериалда Нұргүл Мыңғатова, Роза Мұқатаева, Жасұлан Айтен, Ержан Түсіпов, Айшолпан Байтүгел, Бейбарыс Нұркенұлы және өзге де актерлерді қайта көреміз. Бұл жолы актерлік құрамға Эльмира Қалбай мен Қуантай Әбдімәди де қосылды. Олар сомдаған кейіпкерлер алғаш рет трейлерде таныстырылды. Жаңа кейіпкерлер оқиға барысын қалай өзгертеді? Қылидың тағдырына қандай әсер етеді? Бұл сауалдардың жауабы екінші маусымда белгілі болмақ.
«Екінші маусымда Қыли полиция бастығы болуға әбден үйренген. Ол алғаш рет өзі құрған жаңа өмірінен айырылып қалудан шын қорқады. Қылидың осал тұстары көрініп, оқиға шиеленісе түседі. Десе де, көрерменнің көңілінен шыққан әзіл жаңа маусымда да сақталады», — дейді басты рөлді сомдаған Нышанбек Жұбанаев.
«Майор Мырза» сериалының екінші маусымы 2026 жылғы 3 желтоқсанда жарық көреді. Сериалды тек Freedom Видео платформасынан тамашалауға болады.



