Алматы

Алматыда өртеніп жатқан үйде қамалып қалған жасөспірім қыз құтқарылды

Өрт сөндірушілер тапқан сәтте қатты шошынған қыз бала үнсіз ғана қол созып тұрған

Алматыда өртеніп жатқан үйдің ішінде қалған жасөспірім қыз құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 18 тамызда таңғы сағат 7: 59-да Жетісу ауданы Венецианов көшесінде болған.

«Кезекші диспетчерге жеке үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түсе салысымен, өрт сөндіру жасағы аталған мекенжайға жіберілді. Мамандандырылған жасақтың бірінші бөлімшесі 4 минутта жеткен сәтте жалпы ауданы 80 шаршы метрді шарпыған жеке тұрғын үйге жапсарлас мансардты үй-жайдың төбесі жалындап жанып жатқан», — деп атап өтті ТЖД өкілдері.

Бірнеше минуттан соң өрттің үйдің ішкі жағына өту қаупі туындаған.

«Өртті сөндіру барысында мамандандырылған жасақтың және № 8 өрт сөндіру бөлімінің мамандары 2008 жылы туған қызды тауып алды. Ол тұрғын үйге жапсарлас салынған үй-жайда қамалып қалған екен. Ол өрт ішінен шығатын жалғыз жол — металл тормен бекітілген терезеден шыға алмай қалған. Улы түтінге толы үйдің ішінде қатты қорыққанынан даусы шықпай қалған жасөспірім қыз үнсіз ғана қол созып тұрған», — делінген ТЖД хабарламасында.

Өрт-сөндірушілер авариялық құтқару құралдарымен есікті ашып, жасөспірімді қауіпсіз жерге шығарған соң жедел жеткен медициналық жәрдем бригадасына тапсырған.

Өрт 19 минут ішінде ауыздықталып, сағат 8.36 минутта толық сөндірілді.

Өртті сөндіруге 9 бірлік техника, жеке құрамнан 36 адам жұмылдырылды.

 

Другие новости

Back to top button