Госорганы

Алматыда онкодиспансерден 53 млн теңге жымқырған есепшіге сот үкімі шықты

Ол ұрланған ақшаға жер телімін алып, сол жерге үй салып, қымбат көліктер сатып алған 

Алматыда 53 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған онкологиялық диспансердің бұрынғы есепшісі сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған Алматы қаласы облыстық онкологиялық диспансерінің бұрынғы есепшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы қызмет бабын асыра пайдаланып, бірнеше жыл бойы аса ірі мөлшерде қаражат жымқырып келгендіктен, оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағымен іс қозғалды.

«Сот бұрынғы есепшінің 2012 жылдың қаңтар айынан бастап 2015 жылға дейін кәсіпорынның есеп айырысу шотындағы электронды жүйеге қол жеткізіп, бас есепші қызметін атқара отырып, үшінші тұлғалардың шоттарынан бюджет қаражатын негізсіз аударып келгенін, кейін ол ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып келгенін анықтады.

Бұрынғы қызметкер «Алматы облыстық онкологиялық диспансері» мекемесіне 53 000 000 теңгеден астам шығын келтірген», — делінген сот хабарламасында.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталушы М.-ның ұрланған ақшаға жер телімін алып, сол жерге тұрғын үй салып, қымбат көліктер сатып алғаны анықталды.

Сотта сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Прокурор айыпталушыға тағылған айыптар бойынша оны кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының өз кінәсін толық мойындағанын әрі балалары барын ескеріп, жазасын жеңілдетті.

«Сот үкімімен М. Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған мүлік тәркіленіп, бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға шектетіліп, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Другие новости

Back to top button