Госорганы

Әлем туристері арнайы келетін жерлерімізді жиі жарнамалау керек – Абаев

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Баянауыл ұлттық паркі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Баянауыл ұлттық паркі – табиғаты әсем, топырағы тарихқа тұнған таңғажайып жер. Көздің жауын алардай төрт бірдей жауһар көлі, жақпарлы таулары мен жасыл желек орманы кез келген адамды өзіне бірден баурап алады. Әлбетте, мұндай мекенде дүниеге келген адамның осал болуға еш хақысы жоқтай. Баянауыл бесігінде тербелген ғұлама ғалымдарымыз, әулиелі тұлғаларымыз, ақын-жазушыларымыз осынау тұмса табиғаттың ерекше күшімен ер жетіп, оның аңыз-әпсаналарын бала жасынан саналарына сіңіріп өсті, — деді Абаев.

Ол отандық туризмді дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, сапалы қызмет көрсету мәселелері бойынша жергілікті кәсіпкерлермен кездескенін айтты.

Бір қуантарлығы, бұл өңірге бизнес өкілдері ерекше қызығушылық танытып, қазақстандықтардың аймаққа демалып келуі жыл санап артып келеді екен. Сонымен қатар сапар барысында жергілікті туристік ақпараттық орталықта болдым. Әлбетте, Баянауыл жері – киелі орындарға өте бай. Олардың ішінде Қоңыр әулие үңгірін ерекше атағым келді. Аңыздарда Қыдыр атаның мекені делінетін қасиетті үңгір әлі күнге дейін зерттеушілердің назарын ерекше аударып келеді. Бүгінде Қоңыр әулиеге тілек тілеп келетіндер көп. Ең бастысы, ол жердің тазалығына баса мән беріп, ерекше қорғалуын қадағалауымыз қажет. Жолшыбай «Әулие бұлаққа» соғып, ол жердің де ерекше энергетикасын бойымызға сіңірдік. Жалпы айтпағым, бізде қойнауы қазына мен құпияға толы, тамсанып тамашалар көрікті жерлеріміз өте көп. Әлем туристері арнайы келіп демалатын осындай жерлерімізді жиі жарнамалап, қызмет сапасын жетілдіре беруіміз керек, — деді ол.

Абаев атағандай, табиғатына көз суарып, тағылымын бойымызға жинап, туған атамекенімізді әрқашан ардақтай білу керек.

Другие новости

Back to top button