Госорганы

Аграрлық несие корпорациясы несие серіктестіктерді қаржыландыру көлемін арттырмақ

Аграрлық несие корпорациясы АӨК субъектілерін қаржыландырудың жалпы көлемінің 40%-дан астамын несие серіктестіктері арқылы рәсімдейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақтау қаласында АӨК несие серіктестіктерінің қауымдастығы мен Аграрлық несие корпорациясы ұйымдастырған «Несие серіктестіктердің IV форумында» айтылды.

Шағын және орта бизнеске несие беру, оның ішінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту елдің қаржы секторы үшін басты басымдық болуға тиіс. Бұл туралы Президент былтыр қараша айында Алматыда өткен жетекші қаржы және банк құрылымдарының өкілдерімен кездесуде мәлімдеді.

Шағын және орта бизнесті қолдау «Бәйтерек» холдингінің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазына Капитал Менеджмент және Аграрлық несие корпорациясы сияқты еншілес ұйымдары арқылы жүргізіледі. Корпорация несие серіктестіктері жүйесі арқылы қаржыландырудың тиімді тетіктерін жасап, қолжетімді несие өнімдерін ұсынуда. Бүгінде несие серіктестіктері Қазақстанның барлық дерлік облысы мен ауданында бар, олар 17 мыңнан астам кәсіпкерге қызмет көрсетіп отыр. Несие серіктестіктері жүйесінің артықшылығы көп. Солардың бірқатары: ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жақын орналасуы, несиелендірудің бүге-шүгесіне дейін жолға қойылған жүйесі мен несие серіктестігі мүшелерінің өзінің өңірінің дамуына қызығушылығының артуы, — дейді «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев.     

Аграрлық несие корпорациясы тікелей қаржыландыру немесе несие серіктестіктері, екінші деңгейдегі банктерді, микроқаржы ұйымдарын, лизингтік компанияларды қорландыру арқылы АӨК субъектілеріне қолжетімді несие беруді ұсынатын ірі қаржы институты.

Былтыр Корпорация несие серіктестіктеріне 109 млрд теңге бөліп, 6,4 мың жоба қаржыландырылды. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына 26,5 млрд теңге, техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға 29,6 млрд теңге, төрт түлік сатып алуға 35,7 млрд теңге және өзге де мақсаттарға 18,1 млрд теңге бөлінді.

Биылғы жылдың жарты жылдығында жеті мыңнан аса шаруаға 182,5 млрд теңгенің несиесі берілді. Бұл ретте қаржыландырудың 43 пайызы немесе 78,8 млрд теңгесі несие серіктестіктеріне тиесілі болып отыр. Биыл несие серіктестіктерін қаржыландыруға 129 млрд теңге, ал келесі жылы 140 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз, — дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Маңғыстау облысында үш несие серіктестігі жұмыс істейді. Соның бірі 140-тан аса мүшесі бар «Мұнайлы несие» НС. Жыл басынан бері қаржы институты жалпы сомасы 344,3 млн теңгеден асатын 18 жобаға несие берді.

Бүгінде еліміздің 158 ауданындағы 206 несие серіктестігі 23,5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісін біріктіреді. Алайда несие серіктестіктерінің оң көрсеткішіне қарамастан, жаңа заман жаңа жағдайды талап етеді. Ауылдық жерлер мен моноқалаларда шағын және микробизнесті қаржыландыру үшін несие серіктестіктерінің әлеуетін кеңейту бойынша жұмыс жүргіземіз. Бұл қосымша қорландыруды іздеуді, апекс қорын құруды, сонымен бірге, несие серіктестіктеріндегі үдерістерді оңтайландырады, — деді АӨК НС қауымдастығының Басқарма төрайымы Альмира Сағатова.

Несие серіктестіктердің IV форумы кезінде Корпорация мен несие серіктестіктердің өзара іс-қимылының неғұрлым өзекті мәселелері, бизнес үдерістерді жетілдіру стратегиясы мен оңтайландыру талқыланады. Форумға 140-тан астам несие серіктестігінің басшылары, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің, Аграрлық несие корпорациясының өкілдері, жақын және алыс шетелдегі несие кооперациясының жетекшілері қатысады.

Другие новости

Back to top button