Мешітте ұйықтап қалған адамдарды аңдыған жас жігіт ұсталды
Алматыдағы мешіттерде ұйықтап жатқан адамдарды тонаған жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Медеу аудандық полиция басқармасына мешітте ұялы телефонның ұрланғаны туралы хабар түскен. Тәртіп сақшылары күдіктіні сол күні ұстады.
23 жастағы жігіт мешітте ұйықтап жатқан адамдарды аңдып, қалтадан бағалы заттарды ұрлап жүрген. Қазіргі кезде ұрының осы іспетті басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Себебі бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотты болған.
Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оған сәйкес, 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (3 180 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал осы қылмыстың бірнеше рет жасалғаны дәлелденсе, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Полиция ұсталған жігіттің әрекетінен зардап шеккен азаматтарды 254-48-72 телефонына хабарласуды сұрайды.