Кейбір өңірлерде басшылардың халықпен кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесу кестесі бекітілді. Жаңа форматқа сәйкес кездесулер «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізіледі. Оған дейін баспасөзде және әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өңірлерге жұмыс сапары кезінде министрлер азаматтарды жеке қабылдайды, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездеседі. Жоспарланған кездесулерге орай азаматтардың өтініштеріне арнайы алдын ала талдау жүргізілді. Мұның барлығы проблемаларды мұқият зерделеуге, оларды әкімдік деңгейінде немесе ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді», — деді Ә. Смайылов.
Осы орайда Үкімет басшысы министрлерге қалалар мен ауылды елді мекендердегі ұялы байланыс пен интернеттің сапасы, электр қуатын беру, газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік проблемалар бойынша біраз сұрақ қойылғанын атап өтті.
«Жаңа форматқа сәйкес аталған проблемалардың шешімі мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында да орналастырылатын болады. Халықпен кездесуден соң, барлық деңгейдегі әкімдер проблемаларды жүйелейді, ал оларды қаржыландыру мүмкіндіктері мәслихат сессияларында қаралады. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Кездесулерге еркін кіру принципі сақталуы керек», — деді Премьер-Министр.