Госорганы

ҰЭМ басшысы әкімдердің халықпен кездесуінде алдын ала дайындалған сұрақтар қойылатынын сынға алды

Сол сияқты кейбір әкімдіктер кездесудің жаңа форматына толық көшпегенін айтты

Биылғы бірінші жартыжылдықта әкімдіктер тұрғындармен 8,5 мың кездесу өткізген. Тұрғындар тарапынан түрлі мәселелерге қатысты барлығы 29,2 мыңнан астам ұсыныстар мен сұрақтар көтерілген. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жергілікті атқарушы органдармен кездесулердің қорытындысы бойынша 12,6 мың мәселе шешілді, ал әкімдіктердің бақылауында қалған сұрақтарды шешу үшін 515 млрд теңге қажет.

«Өңірлер бөлінісінде 6 өңірде жергілікті бюджет қаражатымен қамтамасыз ету деңгейі орта республикалық деңгейден аз, ең төмен көрсеткіш Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарына тиесілі. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді қажет ететін түйткілді мәселелердің тізбесі қалыптастырылды. Бұл тізім 140 мәселеден тұрады. Сұрақтардың басым бөлігі республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажеттілігіне байланысты», — деді министр

Қаржыландыруды талап етпейтін 54 мәселенің 42-сі мемлекеттік органдарға жүктелгені белгілі болды. Мысалы, кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша салалық министрліктер тиісті жұмыс жүргізуде.

«Әкімдіктердің өз құзыретіне кіретін сұрақтарды орталық денгейдегі шешілетін түйткілді мәселелер тізбесіне енгізу жағдайлары бар екенін атап өтеміз. Осыған байланысты, 140 сұрақтың ішінен мемлекеттік органдар 28 мәселені қолдамады», — деді Қуантыров.

Сонымен қатар, кейбір әкімдіктер әлі де кездесу өткізудің жаңа форматына толық көшкен жоқ. Министрдің айтуынша, кездесуге азаматтарды белгілі тізіммен жіберу, кездесу орнын әкімдікке қатысты мекеме қызметкерлерімен толтыру немесе алдын ала жоспарланған сұрақтарды көтеру секілді кемшіліктерге жол берілуде.

«Сондай-ақ әлеуметтік желілерде төмен денгейдегі ақпараттық хабарламаға да қатысты шағымдар бар. Азаматтардың көпшілігі әкімдердің жоспарланған кездесулерінен бейхабар екенін айтуда. Осыған байланысты өңір әкімдері тұрғындармен кездесуін Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өткізуі қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын одан әрі қалыптастыру мақсатында, сондай-ақ халық көтеретін мәселелерді шешу үшін орталық мемлекеттік органдарға, Қаржы министрлігіне және әкімдіктерге бұдан әрі республикалық және жергілікті бюджет жобаларын қарау кезінде халық көтеретін мәселелерді ескеруді сұраймын. Әкімдіктер қажеттілігіне қарай тиісті құжаттаманы әзірлеуді жеделдетіп, орталық мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс атқаруы қажет», — деді ол.

 

Другие новости

Back to top button