Северо-Казахстанская область

СҚО құс фабрикалары жұмыртқаны қай елдерге экспорттайды

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыртқа өндірісімен айналысатын 6 құс фабрикасы бар. Былтыр кәсіпорындар толық қуатының тек 74% ғана өндірді.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғындары орта есеппен жылына 150 млн дана жұмыртқа тұтынады.

Облыстың құс фабрикалары қажеттілікті толық жабуға қауқарлы.

Мәселен 2022 жылы СҚО-да 705,7 млн, соның ішінде құс фабрикалары 530,7 млн дана жұмыртқа өндірген.

2023 жылы 680 млн дана саудаға шығарылса, соның 504,9 млн-ы — құс фабрикаларының өнімі.

«Күз-қыс мерзімінде үй шаруашылықтарында тауық жұмыртқаламайды, бұл — саудаға шығарылатын бағаға әсер етеді. Қазіргі уақытта құс фабрикалары 1 санатты жұмыртқаның онын 520 теңгеден беріп жатыр. Сондай-ақ бағаға жемазық, дәрі-дәрмек, электр қуаты, су, қондырғы аммортизациясы, еңбекақы мөлшері де әсер етеді», — дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары.

СҚО құс фабрикалары артылған өнімді Ауғанстан мен Қырғызстанға экспорттайды. Былтыр кәсіпкерлер шетелге 23 млн дана жұмыртқа сатқан.

Әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарында 1 санатты жұмыртқа да бар. Сондықтан оған күнделікті сониторинг жүргізіледі.

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта жұмыртқаның осы санатының ондығы өңірде орта есеппен 479 теңге тұрады.

«Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылы „Солтүстік“ ӘКК» АҚ «Якорьская ПТФ» ЖШС-ге қарыз берді. Келісім нәтижесінде қазір құс фабрикасы бөлшек сауда желісіне жұмыртқаның онын бекітілген баға — 380 теңгеден ай сайын 900 мың дана береді. Ол сауда орындарында 400 теңгеден сатылады. Мұндай арзандатылған жұмыртқаны «Magnum Cash& Carry», «Северный», «Семейный», «Аймер» сауда желілерінен және «Солтүстік» ӘКК» АҚ арнайы сауда орындарынан алуға болады», — делінген СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарламасында.

Другие новости

Back to top button