СҚО-да 150 елді мекен үш күннен бері жарықсыз отыр
СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде әлі күнге дейін 18 қараша күні болған боранның салдарымен күресіп жатыр.
«Сол күні СҚО бойынша республикалық жолдарда 9 учаске жабылды. Сондай-ақ аудандық бөлімшелер, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы өз күшімен облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды жапты.
Шал ақын ауданында Газель көлігі жолдан шығып кетті. Сол күні 60-тан астам адамды үш аудандағы 4 жылыту пунктіне орналастырдық», — дейді департаменттің бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.
Боранды күні малын іздеуге шыққан үш адам жолдан адасып кеткен. Олардың бәрі аман-есен табылды.
«18 қараша күні 11 ауданда электр желісі істен шықты. Салдарынан 217 елді мекеннің 33 мыңнан астам абоненті жарықсыз қалды. Бүгінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 21 мың адам тұратын 150 елді мекенде жарық жоқ», — дейді Сәкен Ағзамов.
Естеріңізге салайық, СҚО-да бір тәулікті айдың нормасындағы қар жауғанын айтқан едік.
Жабысқақ қар мен қатты жел салдарынан электр тарату желілеріне мұз қатып, үзілді. Қазір апат орнында электрмен жабдықтаушы компанияның бригадалары жұмыс істеп жатыр.