Госорганы

«Самұрық-Қазына» басшылығына 18 үміткер детекторлық сынақтан өте алмаған

Полиграф сынағын арнайы кәсіби мамандар жүргізеді.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында басшылық лауазымына үміткер болған 18 адам жалғандық детекторы, яғни полиграф аппараты арқылы жүргізілген сынақтан өте алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қордың қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, аталған сынақтар үміткердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында жүргізіледі.

«Бірінші басшылар, басқарушы директорлар және құрылымдық бөлім басшылары лауазымына үміткерлер комплаенс-тексеруден өтеді. Ондағы мақсат – үміткердің қор компанияларының жоғары лауазымды басшыларына туыстығының бар-жоғын, сыбайлас жемқорлық және репутациялық тәуекелдерді анықтау», — деді Ғибрат Ауғанов «Самұрық-Қазына» қорында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, полиграф сынағын арнайы кәсіби мамандар жүргізеді.

«Самұрық-Қазына» қорында биыл наурыздан бастап сатып алу саласында басшылық лауазымға тағайындалатын үміткерлерді полиграф аппараты, яғни жалғандықты анықтайтын детектор арқылы тексеру енгізілді. Үміткерлерді тексеруді Қазақстан полиграфологтар қауымдастығының мамандары жүргізеді. Қазіргі таңда қор тобындағы 38 компанияда 96 үміткер полиграфтан өтті. Оның ішінде 18 үміткер аталған сынақтан өтпей қалды», — деді спикер.

Другие новости

Back to top button