Госорганы

Қазір мен бір жерде өмір сүремін, балаларыммен өмір бойы бірге тұрамын деген ұғым әбден ескірген — Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуінде халқымыз үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтарға тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы орайда, мен халқымыз үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтарға қысқаша тоқталайын.

«Біріншімаңызды мәселе. Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Түрлі қаржы пирамидасына, құмар ойындарға әуес адамдар ақшаның оңай жолмен келмейтінін түсінуі керек. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады.

Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті еңбекқор адамдар.

Қазіргі жағдайда мен бір жерде өмір сүремін, балаларыммен өмір бойы бірге тұрамын деген ұғым әбден ескірген. Сондықтан, құрметті ағайын, бәріміз озық болайық! Сонда ғана жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, ойлары ұшқыр болады, көптеген сын-қатерге төтеп бере алады. Өз жағдайын өздері жасап, жақсы өмір сүре алады» ,- деді Президент.

Сонымен қатар Президент жиында еңбегіміз өнімді әрі берекелі болуы білімпаз болу керектігіне тоқталды.

«Еңбегіміз өнімді әрі берекелі болуы үшін біз білімпаз болуымыз керек. Біз өзгелерден білім, ғылым, қарым-қабілет арқылы ғана оза аламыз. Ол үшін жастарымыз жасампаздыққа және жаңашылдыққа ұмтылуы қажет. Әлем елдерінің жақсы қасиеттерін үйреніп, оны халыққа дәріптеу керек. Сондай-ақ, тек үйренетін емес, өзгеге үйрететін ұлтқа айналатын кез келді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жастарға білім мен тәрибенің дұрыс берілу мәселесіне тоқталды.

«Үшінші. Біз жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беруге тиіспіз. Ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетті сіңіре алмасақ, білімнің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Қанша жерден білімді болса да, жақсылыққа ұмтылмаған адамнан еш қайыр жоқ. Қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаяды. Қатігездік, немқұрайлық, жалқаулық – ұлттың болмысына теріс әсер ететін жағымсыз әдеттер. Қазіргі алмағайып заманда біз сабырлы, байыпты болуымыз қажет. Түрлі арандатуға ілеспей, әр нәрсеге ұстамдылықпен қарауымыз керек. Барлығын бір сәтте өзгертемін деуге болмайды. Халыққа қажетті шараларды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Ойланбай жасалған бір қадам, аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ашумен істелген бір әрекет бүкіл елге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, әрбір адам ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуге тиіс. Біз әрдайым өзара бауырмалдық пен тілектестікті, мейірімділікті дәріптеуіміз керек. Азаматтардың бір-біріне қамқорлығы елге деген жанашырлыққа ұласады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде туған жеріңді сүюден асқан бақыт жоқ екенін жеткізді.

«Төртінші. Біз отаншыл және мемлекетшіл болуымыз керек. Шын мәнінде, туған жеріңді сүюден асқан бақыт жоқ. Жүрегі Отаным, Елім, Жерім деп соққан адам ештеңеден қаймықпайды. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Ең басты байлығымыз – туған еліміз. Сондықтан, мемлекет мүддесі қашанда барлығынан биік тұрады», — деді Президент.

Другие новости

Back to top button