Госорганы

Президент Павлодар облысының суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырды

Президент Павлодар облысының суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы облыс тұрғындарымен кездесуі барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат БОРТ №1 Telegram каналына сілтеме жасап.

 «Павлодар өңірі үшін Ертістің орасан зор маңызы бар. Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артты. Алдағы уақытта оны тағы 2 есеге, яғни, 300 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Облыс әкімдігі осы мәселеге баса назар аударуға тиіс.

Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырамын. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, халықты жұмыспен қамту үшін де өте маңызды. Судың тапшылығы экономиканы дамытуға кедергі келтіреді. Сондықтан, Ертістің суын тиімді, үнемді пайдалануға айрықша мән берілуі керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Другие новости

Back to top button