Павлодар мұнай-химия зауыты қайта іске қосылады – бензин бағасы өзгере ме
Вице-премьер Ералы Тоғжановтың айтуынша, енді зауытта бір апта ішінде өнім шығару көлемі 1,5 мыңнан 9 мың тоннаға дейін артады
Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеуден кейін қайта іске қосылады, деп хабарлайды Primeminister.kz сайты.
Жөндеу жұмыстары кезінде технологиялық жабдықтарды тексеру, тазалау және ауыстыру іс-шаралары атқарылды. Вице-премьер Ералы Тоғжановтың айтуынша, енді зауытта бір апта ішінде өнім шығару көлемі 1,5 мыңнан 9 мың тоннаға дейін артады.
Осылайша, зауыт қалыпты жұмыс режиміне оралып, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді. Күзгі егіс жұмыстарына алдын ала дайындалуға мүмкіндік болады.
Ал, ең бастысы, бағаның көтерілуіне жол берілмейді.
«Энергетика министрінің ІІ жартыжылдыққа арналған жанар-жағармай материалдарының бағасы бойынша бұйрығы бекітілді. АИ-92 бензинінің бағасы бұрынғы деңгейде қалды (литріне 182 теңге), Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарын есепке алмағанда, мұнда логистиканың қымбаттауына байланысты бензиннің бір литрінің бағасы 187 теңге тұрады. АИ-95 маркалы бензиннің бағасы реттелмейді (бұрын 215 теңге болса, қазір де орташа баға сондай болып қалды). Дизель отынының бағасы өңірлердің ерекшеліктеріне қарай бұрынғы деңгейде сақталып қалды, литріне 230-260 теңге. 28 шілдеден бастап ПМХЗ жөндеуден кейін өз жұмысын бастайды», — дейді Тоғжанов.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта зауытпен аутсорсингпен жұмыс істейтін компания қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі. Қазіргі кезде 2 315 адам жұмыс істейтін 13 сервистік компаниямен 29 келісімшарт рәсімделген.
Олардың жалақысын көтеру бойынша шарт сомасын ұлғайту үшін қолданыстағы шарттарға қосымша келісімдер әзірленіп, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен келісілді.
Еңбекақы әрбір қызметкердің біліктілігіне дәне жұмыстың ауырлығына қарай 14-56 процентке ұлғайтылады.
Айта кетері, Павлодар мұнай-химия зауытында автомобиль бензині, РЖ маркалы реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, дизель отыны, мазут, мұнай коксы, жол битумы және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы газдар шығарылады.