Түркістан қаласында референдумды қолдау мақсатында «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» акциясы ұйымдастырылды. Спорттық шараны «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесі мен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп өткізді. Алғаш рет өткізілген акцияға Төлеби ауданы, Кентау қаласы, тіпті мегаполис қала Шымкенттен де азаматтар қатысу үшін арнайы келді.
Акцияға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, мәслихат депутаты, кеңес төрағасы Ғалымжан Елшібай қатысып, шараның мақсатын түсіндірді. Заң шығару процессіндегі өзгерістерге тоқталып, шара қатысушыларын алда өтетін референдумды қолдауға шақырды.
- Мемлекет басшысы ұсынған Екінші республика құру идеясы елдің дамуына үлес қоспақ. Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар билік пен халықты барынша жақындатады. Өзім заңгер ретінде әрбір заң баптары мен тармақтарына шолу жасадым. Бұл референдум болашаққа нық қадаммен жету үшін өте маңызды деп сеніммен айта аламын. Сондықтан Жаңа Қазақстан идеясын қолдағанымыз абзал, — деді Қ.Балабиев.
Акцияға облыстық мәслихат депутаттары Қ.Жантөреева, Б.Шойбеков, И.Намазбаева, Н.Атаева, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары, білім және денсаулық сақтау саласының өкілдері, мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары, туризм университетінің ұжымы мен студенттері, БАҚ өкілдері, партия белсенділері мен қызметкерлері, жастар, жалпы саны 800-ге жуық азамат қатысты. Оларға қойылған басты талап – 7 шақырым яғни орта есеппен 10 000 қадам жасап, межені орындау болды. «Керуен сарай» ойын сауық орталығынан басталған маршрут Кесене аймағы, Тұңғыш Президент саябағы, Визит орталығын қамтыды.
Акцияның ашылуында сөз сөйлеген Б.Тәжібаев салауатты өмір салтын қалыптастырудағы жаңа бастамаға сәттілік тіледі. Сондай-ақ реформалардың бастауы саналатын референдумды жаппай қолдауға шақырды.
— Қоғамдық кеңестің отырысында «Денсаулыққа 10 000 қадам» акциясын өткізуге шешім қабылдадық. Акция аясында Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту, спорттық орта қалыптастыруды көздедік. Осы бастама бүгін жүзеге асып, адамдардың денінің саулығын сақтауға, бірқатар аурулардың алдын алуға және жаяу жүру арқылы белсенділікті арттыруға ұйытқы болсақ дедік. Түркі әлемі көз тіккен Түркістанда басталған осы игі дәстүр республиканың басқа өңірлерінде жалғасын тапса, қолдаймыз, — деген Ғ.Елшібай жиналған қауымды референдумда белсенділік танытуға шақырды.
Шара соңында межені орындаған 30 қатысушыға акцияға қатысқаны үшін сертификат табысталды. Олардың арасында 5 жастағы Мансұр Серікбай ең жас қатысушы ретінде марапатқа ие болды.
1998 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасында «Президентке үміткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдаудың қоғамдық штабы» қоғамдық қозғалысы тіркелді. Штаб сайлау науқаны кезінде саяси партиялар және қозғалыстармен бірге қызмет істеді. Штаб жұмысына белгілі мемлекет және саясат қайраткерлері – Терещенко С.А, Дунаев Г.И., Такуов Х.Ш белсене ат салысты. Тап сол кездері қоғамдық қозғалысты саяси партияға айналдыру туралы идея дүниеге келді.
1999 жылғы 19 қазанда жиналыс өтіп, «Қоғамдық штабты Республикалық «Отан» саяси партиясы» етіп өзгерту туралы шешім қабылданды. 1999 жылғы 12 ақпанда партия Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеуден өтті. Осы күн Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы партия қызметінің өз жұмысын бастаған уақыты болып есептеледі.
Партия мұрағатында Республикалық «Отан» саяси партиясының мүшесі Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылдың 22 ақпанымен белгіленген есеп кітапшасы мұқият сақтаулы.
1999 жылғы 1 наурызда партияның І құрылтай сьезі өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланып, Саяси кеңес, Орталық ревизия комиссиясының құрамы бекітіліп, партия Жарғысы қабылданды. Сонымен бірге сьезд делегаттары маңыздылығы жағынан тарихи болып саналатын «Отан» республикалық саяси партиясының, Қазақстан халықтар бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясымен, Қазақстанның либералдық қозғалысы, «Қазақстан – 2030» қозғалысымен бірігуі туралы қарарды қабылдады.
2002 жылғы 9 қарашада Алматы қаласында «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IV съезінде «Отан» РСП-на Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы мен Республикалық еңбек саяси партиясының қосылуы туралы шешім қабылданды.
2006 жылғы 4 шілдеде Астанада Республикалық «Отан» саяси партиясының кезектен тыс IX- съезі өтіп, «Асар» партиясының, ал, 2006 жылғы 22 желтоқсанда өткен кезектен тыс Х-сьезде Азаматтық және Аграрлық партиялардың «Отан» РСП қатарына қосылуы туралы шешім қабылданды.
Партияның Х-съезінде көпшілік дауыспен Қазақстанның жетекші саяси күшін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы етіп өзгерту туралы шешім қабылданды.
2008 жылғы 17 қаңтарда Елбасы – Партия Лидері Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, партияның халықтық платфомасын іске асырудың бағдарламасы қабылданды.
2008 жылғы 15 мамырда «Жас Отан» жастар қанатының І сьезі өтті.
2009 жылғы 9 қаңтарда Партия Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің бірінші ұйымдық отырысы өтті.
2013 жылғы 18 қазанда «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы «Нұр Отан» партиясы болып өзгертілді. Сол күні партияның жаңа Доктринасы қабылданды.
2022 жылы 1 наурызында президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партияның атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынады. Сол жылдың 26 сәуірінде ол партиядан шығып, төрағалық Ерлан Қошановқа беріледі.
«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Жаңа Қазақстанды құру жолында жаңарған партияға берілген айрықша жауапкершілік пен көрсетілген зор сенім туралы айтты.
«Бүгін партиямыздың кезектен тыс 22-ші Съезі онлайн форматта өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 393 делегат қатысты. Тура 23 жыл бұрын 1 наурызда партияның құрылтай Съезі өткенін білесіздер. Дәл осы күнге орайластырылған бүгінгі жиынның партия тарихындағы орны бөлек. Себебі біз бүгін Партия Төрағасының 28 қаңтарда өткен Съезде модернизациялау бойынша берген тапсырмасы аясында дайындалған бағдарламаны талқыладық, оны Съезд делегаттары бірауыздан мақұлдады. Осыған орай Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы Фракциясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов партия атауын «AMANAT» деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл ұсынысқа қолдау білдірді, партияның жаңа атауын Съезд делегаттары да бірауыздан қолдады. Съезд шешімімен партияның Жарғысына тиісті өзгерістер енгізіліп, жаңа атауы мен белгісі бекітілді. Бұл – Жаңа Қазақстанды құру жолында жаңарған партиямызға берілген айрықша жауапкершілік пен көрсетілген зор сенім деп санаймын», - деп жазды А. Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осы орайда ол партияның «AMANAT» деп аталуының себебін қысқаша түсіндіріп өтті.
«Біріншіден, «AMANAT» – мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілікті алған партия. Тәуелсіз мемлекетіміз, еліміз бен жеріміз – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы аманатты халық игілігі үшін сақтап қалу, келер ұрпақтарға жеткізу – ел тұтқасын ұстаған бас партия үшін ең үлкен жауапкершілік.
Екіншіден, «AMANAT» – халық мұрасын сақтаушы партия. Тамыры терең тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тіліміз бен салт-дәстүріміз – Тәуелсіз Қазақстанның барша азаматтарының мұрасы. Осы мұраны біртұтас елдің ортақ мүддесі үшін аманат ретінде көздің қарашығындай сақтап, дамуына жағдай жасау – партияның ірі міндеттерінің бірі.
Үшіншіден, «AMANAT» – мемлекеттік мүддеге адал, қоғам игілігіне жұмыс істейтін партия. Халық ұғымында «аманатқа қиянат жасалмайды», яғни аманатты сақтаушы партия мүшелері – ең әуелі мемлекет мүддесіне адал азаматтар», - деді партияның атқарушы хатшысы.
Төртіншіден, «AMANAT» – сайлаушылар аманатын орындайтын, халық үніне құлақ асатын партия. Халықтың үні – сайлау кезінде азаматтардың талап-тілегі мен партияға тапсырған аманаттары. Олар сайлауалды бағдарламаға енгізілді. Партия сайлаушылардың аманатын орындау арқылы елге қызмет етеді. Барлық аймақтардағы қабылдау бөлмелері мен қоғамдық кеңестері арқылы халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, билік органдарына жеткізіп, оң шешім қабылдануына ықпал етеді.
«Бесіншіден, «AMANAT» – қоғамдағы әлеуметтік әділдікті жақтайтын, барша азаматтарға тең мүмкіндік беруді қолдайтын партия. Біз бір-біріне қолдау білдіретін, мықтылары әлсіздерге жәрдем беретін, әлеуметтік әлсіз топтардың мүддесін қорғайтын қоғам құруға ұмтыламыз. Аманат сақталған жағдайда қоғамда адамдар арасындағы бауырмалдық, сенім мен мейірім күшейеді, ел ішінде ырыс-береке ұялайды.
Алтыншыдан, «AMANAT» – отбасы құндылықтарын, қоғамдық бірлікті насихаттайтын партия. Тәуелсіз Қазақстанды өркендететін келер ұрпақ болғанда, зиялы, көзі ашық, тәрбиесі көркем ұрпақты тәрбиелеу – ата-ананың, қоғамның және мемлекеттің мойнындағы аманат. Сондықтан партия отбасы институтының берік болуына, ұлттық бала тәрбиесіне, ана мен баланың құқығының қорғалуына баса назар аударады.
Жетіншіден, «AMANAT» – мемлекетті басқаруға көрсетілген сенім. Бір ұжымның қызметкерлері – басшыға, сайлаушылар – партияға, халық – Президентке аманат», - деді А. Оралов.
«Парламентте, жергілікті мәслихаттарда конституциялық басымдыққа ие, Үкімет пен жергілікті атқарушы билікті қадағалайтын партия ретінде мемлекетті дамытуға, оны озық елдердің қатарына қосуға, халық тұрмысын жақсартуға күш саламыз. Осы мақсат жолында партия Президенттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын толықтай жүзеге асыру үшін оған жан-жақты қолдау көрсетеді. Жаңарған партиямыз атына заты сай болады деп сенемін. Алғыс айту күні құтты болсын! Мемлекет пен халық игілігіне жасаған қызметтеріңіз үшін мың алғыс!», - деді ол.
Просмотров материала: 715