Қызылорда облысы Арал ауданында 500-ге тарта мал қыстан аман шығып, көктемде көкке аузы тимей қуаңшылықтан қырылды. Қазір қалған малдарды аман алып қалу үшін Аралға көрші аудандардан тонналап жемшөп тасымалданып жатыр. Бірақ тығырықтан шығуға бұл әрекет аздық ететіні анық.
Сыр елінде биыл қыста қар, көктемде жауын-шашын аз болуы салдарынан көктің шығымы көңіл көншітпей отыр. Сол себепті Аралдағы жайылымдық жерлер тұзданып, сорға айнала бастады. Оның үстіне Сырдария өзеніндегі судың аз болуына байланысты көлдерге де су жіберілмеген. Бүгінде Ақшатау мен Қамбаш көлдері жағалаудан 500-600 метр қашықтап кетті. Мамандардың сөзінше, малдардың көбі көл жағасындағы батпаққа батып өлген. Әзірге Арал аудандық ауыл шаруашылығы мамандары жүргізген есеп бойынша, 159 бас сиыр, 321 жылқы, бір түйе шығын болған.
«Мал басы қырылуының бірнеше себебі бар. Алғашқысы – қуаңшылық, екіншісі – жайылымдық жерлердің тозуы. Салдарынан бүгінге дейін ауданда барлығы 481 бас мал өлген. Мал саны мен мал азығының балансын ұстап тұру үшін аудандағы шаруашылық құрылымдары мал бастарын қысқарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Ауыл тұрғындары, еріктілер және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды. Қазір мал өлімі жоқ», – деді аудан әкімінің орынбасар Еркін Әбішев.
Осы жағдайдан кейін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданындағы шаруашылықтарға жемшөп жеткізу жөнінде шұғыл тапсырма берді. Күні кеше қуаңшылық орын алған өңірге 116 тонна жоңышқа шөбі апарылса, алдағы күндері 518 тонна мал азығы жіберілетін болды. Бұдан бөлек, ауданға жәрмеңке ұйымдастыру, жерасты су көздерін ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды.
АРАМ ӨЛГЕН МАЛДА АУРУ БАР МА?
Мамандар өлген малдарда әзірге ауру белгілері анықталмағанын айтады.
«Өлген малда ешқандай жұқпалы ауру белгілері байқалған жоқ. Оны ветеринария мамандары анықтап, тиісті хаттамасын жасады. Күрделі жағдай қатаң қадағалауға алынды», – деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Е.Әбішев.
Қазір жемшөп қорын жасақтауда көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және өз өңіріміздегі аудандармен осы мәселеге байланысты келісім жасалып жатыр. Осы мәселеге қатысты Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп былай деді:
«Біз тығырықтан шығатын жолды іздеуге тиіспіз. Өзге өңірлерден жемшөп тасымалдау арқылы түйінді толық тарқата алмаймыз. Бұл бірсәттік мәселе емес. Оған жан-жақты қарауымыз қажет. Рас, облыстың көптеген ауданында малға қажетті жоңышқа өсіріледі. Дегенмен аталған шөппен өзімізді толық қамти аламыз ба? Облыста өндірілген жоңышқаның еліміздің өзге өңірлеріне қымбат бағаға сатылып жатқанын білеміз. Мәселен, Жаңақорған, Шиелі аудандарының шаруалары шөпті көршілес Түркістан облысына сатып жатыр. Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өндірілген жоңышқаға еліміздің өзге аймақтарынан сұраныс зор. Десек те, олардан жеткізілген жоңышқа Арал және Қазалы аудандарындағы қаншама бас малды азықтандыруға жете ме? Бұл –үлкен мәселе», – дейді ол.
Әзірше белгілісі өлген малда ауру жоқ. Десе де, далада қырылған өлікселердің өзі түрлі дерттің ошағына айналуы мүмкін. Сол себепті өлген малды жою мәселесі де назарға алынғаны жөн.
МАЛ ШЫҒЫНЫНА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕ МЕ?
Аралдағы жағдайдың шығыны аз болмай отыр. Қазір көрші аудандардан жемшөп жеткізілгенімен, бұл мәселені түбегейлі шешпейтіні анық. Сырдария, Жалағаш аудандарында өндірілген жоңышқа шөбінің бірінші орымы Арал ауданына тасымалдана бастады. Алдағы уақытта оған көршілес өңірлерден тасымалдау арқылы қажетті шөп қоры жасақтала бермек. Ал өлген малдың өтемі бола ма? Малынан айырылған тұрғындар шығынға батқандарын айтып, өтемақы сұрады. Бұған қатысты Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева былай түсініктеме берді:
«2000 жылы шыққан «Сақтандыру қызметі туралы» заң бар. Аталған заңға сәйкес, барлық заңды және жеке тұлғалар өз меншігіндегі мүліктерді сақтандыруға құқылы. Арал ауданында малы шығын болған шаруалар осындай талаптарға сай жұмыс істеген болса, олар сақтандыру компаниясынан өтемақы талап етуге құқылы. Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан сол өңірдегі қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралып отыр. Аудандағы мал шаруашылығы саласын қиын жағдайда қалдырмау мақсатында тиісті мәселелер пысықталуда», – деді А.Тілеулеева.
Жоғарыда айтқан 500-ге жуық малға тіркеуге алынбаған түліктің өлім-жітімін қоссақ, бұл цифрдың тіпті еселей түсуі мүмкін. Өйткені биыл Қызылқұм мен Қарақұм қойнауында жатқан малдардың да күйі мәз болмай тұрған сыңайлы. Шабындық жерлерге су жетпей, көлдердің қүрделі күйге түсуі жағдайды қиындатып жіберді. Жайылымдық жерлердің суаттардан қашықтығы 20-25 шақырымға жуық. Оған қоса, мамырдан бастап күннің күрт ысуы жайылымы жайсыз болып тұрған малды одан әрі әлсіретіп жіберген.
ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚТЫҢ БАСЫ МА?
Қазіргі есепте Арал ауданы бойынша 104 мыңнан астам уақ мал, 54,2 мың мүйізді ірі қара, 43,5 мың жылқы, 32,4 мың бас түйе бар. Олардың 175 мыңнан астамы жеке тұрғындар қолында болса, қалғаны шаруа қожалықтарының үлесінде.
«Кейінгі кездері төрт мезгілдің түрленіп, қыс ұзаққа созылып, көктем шыға қоймайтын кездерге де душар болып қаламыз. Сондықтан көктем келгенде көк шөптің бірден шыға қоймайтынын ескеріп, қылышын сүйретіп келетін қыстан қысылып қалмаудың қамын жазда ойлап, шаруа қожалықтарымен бірге осы мәселені шешіп алуды қарастырамыз» деп жазды Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өзінің Facebook парақшасында.
Облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп те бұл жағдайды су тапшылығымен байланыстырады. Экологиялық апат аймағында тұратын халықтың зоры жоқ, зары көп деген ол судың жоқтығынан көлдер жүйесінің барлығы тартылып кеткенін айтады.
«Көпшілік есігінің алдында көкөніс егіп, бақша ермек ететін. Оған тағы су жоқ. Ендігі қалғаны – қарап отырған мал болатын. Оның да ахуалы мынадай жағдайға келді. Осының бір жолын іздеу қажет. Сырдария өзені арқылы келетін судың деңгейін көтермей, күрделі жағдайды оңалту қиын. Сол арқылы аталған аймақтарда шабындық, жайылым мәселесін қалпына келтіруге болар еді. Мынаған назар аударайық: Арал және Қазалы аудандары тұрғындарының негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Қолдағы төрт түліктен көз жазып қалса, ертең олардың жағдайы қалай болады? Бұл – күрделі мәселе, – деді Ибадулла Тілеп.
КЕЛІССӨЗ: ТҮЙТКІЛДІҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАСА ИГІ
Сырдария өзеніндегі күрделі ахуал Тәжікстанда талқыланды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Д.Джумамен кездесіп, тәжіктің «Бахри Точик» су қоймасынан маусым-тамыз аралығында 315 млн текше метр суды қосымша жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Ал бұдан бір апта бұрын Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Қырғыз елінің бірнеше министрлік басшылығымен кездесіп, бірқатар келісімге келді. Осыған сәйкес «Тоқтағұл» су қоймасынан 330 млн текше метрден, яғни жыл сайын маусым-тамыз айлары аралығында қосымша су жіберуді жүзеге асыру белгіленді.
Демек, жоғарыдан келетін судың көлемі Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде су тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Әрине, тегін дүние жоқ. Жоғарыда аталған келісімдерге сәйкес Қазақстан осы жылы Қырғыз Республикасына 900 млн кВт/сағ электр энергиясын жеткізуді міндетіне алып отыр. Сол секілді Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қолдау көрсетеді.
Енді сұрап алған суымыз Сыр-анаға толық түсіп, қуаңшылық болған Арал көлдеріне құйылса игі. Судың мұрты бұзылмай толық жетуі үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі енді өзбек тарапымен жұмыс жүргізуді бастады. Нәтиже береді деп сенеміз.
Қысқасы, «Шардарадағы» су биылғы егінге жеткіліксіз болғандықтан, Қырғыз еліндегі «Тоқтағұл» және Тәжікстандағы «Бахри-Точик» су қоймасынан қосымша алуға мәжбүр болдық. Енді сарқылған Сырдария мен тартылған көл-сайлар қайта толса игі.
МАЛ АРЗАН, ЖЕМ ҚЫМБАТ
Қуаңшылыққа ұрынған шаруалардың бірқатары қолдағы малын түгел қырып алмаудың қамымен сатудың амалына көшіп отыр. Олардың қатарында Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдарының тұрғындары бар. Жергілікті жұрт жылқы, сиыр және қой түлігін қазіргі нарықтан төмен ұсынуға мәжбүр.
«Қазір шаруаның жағдайы тоқырап жатыр десек болады. Халық қиналып кетті. Қиналғанын мынадан-ақ байқауға болады. Аналығын сақтап қаламын деген мақсатта ерте туған құлынын 40-50 мың теңгеден сатып жатыр. Қайсыбір күні бір шаруа 20 бас жылқыны көлігіне тиеп шығады. Ол Аралдың төңірегіне келемін дегенше жалғыз айғырын жеткізіпті. Яғни, көтерем мал жолға да жарамай жатыр. Қазір халық құлынды байталдарын 200-250 мың теңгеден сатып жатыр. Оны сатып алатын адамдар 20-30 мың теңгенің жемшөбін апарып, үш-төрт күн ана жылқыны бағып, содан кейін жолға тиеп алып кетеді», – дейді облыстық мәслихат депутаты И.Тілеп.
Оның үстіне малдың азығы да қалтаны қағып тұр. Мәселен, аралдықтар жоңышқаның әр бауын 1 000-1 400 теңгеден сатып алуда. Жасыратыны жоқ, биыл қай өңірде болсын көктің шығымы мәз емес. Сырдария суының аздығына байланысты жоңышқа шығыны да төмендеп, атызға су жеткізудің өзі қиындап кетті. Жердің тозуы мен сорлануы тағы бар. Ауыл шаруашылығы мамандарының сөзінше, осының бәрі жемшөптің қымбаттауына әкеліп тіреген жайы бар. Дегенмен бағаны бір бақылап қоймаса, жемшөптің құны күннен-күнге шарықтап барады…
Дереккөз: Aikyn.kz.
Просмотров материала: 975