«Қайран да менің Еділім», - демекші, Еділов Тұрсынғали заманында боксты біз де сатып алғанбыз. Көңілмен, ықыласпен, пейілмен. Кешелі бері екі-үш жазбаны тіл табысу туралы қортындыға сүйегенбіз. Соған түсініктеме бере кетсек.
Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақ боксының тізгінін Бекет аға Махмұтов ұстады. Тағайындалған сәтте былғары қолғап кигендер мен кидіргендерді қасына түгел жинады. Бәріне сөз кезегін ұсынды, пікірін тыңдады. Ұстанымын сұрады. Сосын зерттеуге көшті. Ой шалдырып, із кесті. Қисынмен кезбеген ұңғыл-шұңғылы жоқ. Жаңа леп, тың серпін әкелуді ойлады. Бекет аға қауымдастық тізгінін ұстаған соң Аркадий Топаев әлем кубогының иегері атанды. Аракдийді күтіп алу, құрмет көрсету ісіне бел шешіп, кірісті. Ол бір тойға бергісіз күн еді. Өзін ғана емес. Өзгедегі мықтыларды да іздеді. Мысалы, 1995 жылы әлем чемпионаты Будапеште өтті. Біздің Бекет аға келе сала Ласло Паппты сұраған ғой. Оны венгерлердің өзі де ұмыта бастаған. «Ақсақалға сәлем бермей жарысты бастай алмаймыз, үш дүркін олимпиада чемпионы батасын берсін», - деп талап қойған соң Ласло Паппқа барудан басқа амал қалмайды. Бекет ағам сәлем беріп, шапан жауып бокс саңлағын риза қылады. Қуаныштан жанары жасаурап, көңілі көтерілген Ласло Паптпы көріп, бокс мамандары қазақ азаматының қолын алыпты.
Бекет Махмұтов әлем боксына қазақы қарым-қатынасты, сыйласу әдебін енгізді. Ендігі жерде ағамызды үлкен-кіші «ШЕФ» деп атайтын болды. Өйткені кез келген жарысқа ағамыз тыңғылықты дайындық көріп, қоржынын сайлап барады. Үйленгеніне құтты болсын айтып, нәрестелі болғандарға бауы берік болсын айтып, кісісі қайтқандарға бата жолын ұсынып, жетістікке жеткендерге байғазы мен көрімдігін беріп, жан-жағын көл-көсір қуанышқа бөлейді. Төрде орны болса да, VIP емес, қарапайым кісі секілді ұстады өзін.
Кез келген елге бара қалса, сол жердің ұмыт бола бастаған ардагерлерін іздейді. Тірісіне сәлем береді. Өлісіне дұға жасады. Бекет ағам беделді осылай жинады. Адамгершілікке негізделген қарым-қатынаспен. Бәрінің ағасы болуға ұмтылды. Жабыққанын жұбатты, тарыққанын қолдады. Бекет Махмұтов залға енгенде бокс әлемі тік тұрып, қолдау көрсететін. Тамақтану орнына бара қалса, үстел басындағыларды бір шолып шығады. Тіске басары аздауына дереу қосымша тапсырыс бергізеді. Қарны ашып қалғандарды да қалт жібермейді. Ұлтқа бөлу, нәсілге қарау деген ой мүлде жоқ. Қоңырын құшақтап тұрып, жиренінен де жиіркенбейді. Қайта туған жиенін кекілінен сипағандай мейірленіп, көптен көрмеген туысын тапқандай шаттанады. Жақсы адамды өзгелер жатсына ма? Өзіне балайды. Көзіне түсуге тырысады. Олардың да Шеф дегенде шығарға жаны бөлек. Ұсынғанын алғысы келмей, әдеп сақтайды. Сөзге шешен ағам тосыла ма, «Өй, сен маған түкке де қажет емессің. Үйдегі бәйбішең ше? Ол менің туған жиенім. Мынау соның үлесі. Сені тек тасымалға ғана пайдаланып отырмын. Әрі ол үшін бір тиын төлемеймін. Өзің үшін барасың, жиеніме. Нағашың берді деп ұстатуға қанша күш шығындайсың айтшы», - деп қабағын түйіп, табан астында «ашулана» қалады.
Шын тарыққандар мен көмекке зәрулер де ағаның маңында жүреді. Бекет ағаның жеке қасиеті ме, оларды сезе қояды. «Әй, бері кел, көңілің пәс қой. Не болды? Шыныңды айт!», - деп сырын суырып алады. Кейде солармен бірге мұңая қалады. Анасы сырқат, туысы төсек тартқанын естіп. «Біздікі сол жұбату ғана, бәрі бір Алланың қолында. Тілекшіміз. Бәрі жақсы болады, жасыма». Басынан сипайды, арқасынан қағады. Қамкөңіл жанның жанары оттай жанады.
Тұрсынғали Еділов ше? Оның да адамдармен тіл табысу қабылеті керемет. 1999 жылы Ньюстонда әлем чемпионаты өтті. Бәріміз бір қонақ үйде тұрдық. Түкемнің есігі үнемі ашық. Бес құрлықтың баласы кіріп, шығып жүреді. Бәрі дос. Бапкерлер кеңес сұрайды. Бұрынғы боксшылар әңгімелескісі келеді. Бір күні бөлмесінің тұсынан өтіп бара жатсақ, таудай болып Теофильо Стивенсон тұр. Әлем боксының саңлағы. Мәскеу олимпиадасының чемпионы. Финалда Петр Заевті қалай жеңгені әлі көз алдымызда. Аяп ұрып, жекпе-жек аяқталғанда тік көтеріп алып еді ғой. Күші қаншалықты көп екенін паш етіп. Сол Стивенсон Тұрсын Еділовтің есігін қағып тұр. Қатты ұрамайды. Ақырын қағады да, «мистер Дурсун», -деп әлсіз дауыстайды. Жұдырығы кісі басындай, бір ұрса бүкіл қонақ үй қозғалар еді ау. Бірақ Еділовке деген құрметі ғой. Сырттай мақтанып біз тұрмыз. Қазақ бапкерін Стивенсонның өзі іздеп келді дегенге кім сенеді?
Түкем де сәлден кейін есік ашты. Екеуі ішке енді. Артынан сұраймын ғой. Шырт ұйқыда жатқан бапкерді ұйқыдан оятататындай не күн туды деп. Бапкер ағам күледі. «Қарны ашқан ғой. Қазы-қартаға деген ықыласы ерекше».
Сидней олимпиадасының ширек финалына жеті бірдей қазақ боксшысы жолдама алды. Бұл енді теңдессіз табыс. АІБА бас хатшысы Жанер Доганели елінен бір ғана спортшы шығыпты. Ол – Рамзан Палиани. Жәкем желкесін қасып, Әнуар көке Чаудриге жақындайды ғой. «Президентім жүлдесіз келсек ренжіп қалуы мүмкін. Жеті қазақ ширек финалды. Оның үстіне Палианимен шығатыны тым жас екен. Болашағы алда. Шефке тіке айтудан жүрексініп отырмын. Не ақыл қосасыз?» - деп. «Бекеңді құрметтеймін. Ол қалай қабылдар екен? Көңіліне алмай ма? Сенің де жағдайыңды түсінемін. Бірақ оң қанатым, екіншің сол қанатым. Екеуіңнің де орның бөлек. Былай болсын. Бекене барайық. Әңгіменің шет жағасын шығарайын. Көшелі кісі ғой. Өзі түсінер, ашып айтпасақ та», - дейді Чаудри. Екеуі көп ұзамай бекеңді ертіп келеді. Мамұтов екеуінің суыт жүрісінен ақ мән-жайда бағамдайды. «Әнеке, осы келіске қарап топшылап тұрмын. Жанер достың менде бір әңгімесі бар секілді», - деп жымияды. Чаудари басын шайқап, «Досым-ай, айтуға тілді бұра алмай қатты қиналып келе жатыр едім. Тағы да құтқардың». – деп құшағын ашады. Доганели сөзі өзі бастайды. Бұйымтайын жеткізеді. Сонда Бекет аға, «Президент менде де бар. Көпе-көрнеу спортшымды жығып берсем, төбемді ояды. Былай істейік. Өзің сенетін төрешілерің бар ғой? Соларды тағайында! Қысқасы, одан басқа қолымнан ештеңе келмейді», - деп шорт кеседі. «Әділеті осы дейді», - Әнуар Чаудри, - «Бекең бұдан артық не айтады». Қуанған Жанер алғысын жаудырып, төреші іздеуге кетеді. Сәлден соң Бекет Махмұтов Тұрсынғалиды шақырып алады. Болған оқиғаны баяндайды. Еділовтің есі шығады. «Әй, сен күні бұрын құтыңды қашырма! Түйсігім алдамаса, төрешілер Палианиге бұра тартпайды. Барды бағалайды. Бекзатқа дұрыстап түсіндір! Қорықпай соғыссын! Шамасы жеткенше сабасын. Палиани жақсы боксшы. Бірақ сендер де дайындық көрдіңдер. Сын сағаты туды деген осы!».
Жекпе-жек басталды. Жымың қағып Жанер отыр. Қапталдың бәрінде сенімді кісілері. Палианиа есінен танса да, келесі айналымға алып шыға алатын күйі бар, олардың. Бекзат тартынған жоқ. Бас бапкер арқылы жеткен Бекет ағасының тапсырмасына мұқият қарайды. Қорғанысын мықтап, шабуылын шыңдап білгенін көрсетті. Үзіліс кезінде Еділов ағасының ақылына да әбден құлақ түрді.
Төрешілер ше? Бас Хатшыдан түскен әмірді баста ұстап отыр. Бірақ кімге қарсы шығады, енді? Ыстық ықыласына шомылдырған, талай жыл демеу болған, қамқор ағасының елінен келген боксшыға балта сілтеуі керек пе? Шеф қалай түсінеді? Тіпті түсіне берсін, бірақ бетіне қарай қарайды? Астан ақша үнемдеуге көшкенде ағасы байқап қалып, аста-төк дастарханға шақыратын ше? Дәмді аттау қиын. Қанша жерден Бас хатшы өтініш айтса да. Тіпті Шеф келісімін берді дейді. Егер шын құлшынса бес адамды тамұққа тастамас еді. Боксшысын жарысқа шығармайды. Біреудің жанын табаға шыжғырмайды, Шеф. Демек, бір шикілік бар. Әлде сынап отыр ма? Осылар қалай екен деп? Құрысын, көргенімізді бағалайық. Бес төреші де дәл осылай ойлапты. Нәтижесі белгілі. Бекзат жартылай финалда. Чаудари бас шайқапты. «Бекең берік қамал соғып тастаған. Оған қиянат жасау мүмкін емес. Не деген ақылды адам», - депті сосын.
Бір сәттің немесе бір күннің нәтижесі емес ол. Боксқа барған күннен дос жинады. Соның жемісі. Өз ісінің дұрыстығына Бекет ағам шүбәсіз сенген. Сол үшін де Жанер Доганелиге кезек берді. Өзіне сенбесе, олай айтпас еді. Бас хатшыдан тіке тапсырма алған төрешілердің өзі белден баса алған жоқ. Тіпті сол күні Палианиге жеңісті беріп жіберсе де ешкім оларды сөкпес еді. Алайда олар арды биік қойды!
Журналист Амангелді Сейітханның желідегі жазбасы
Автор: Амангелді Сейітхан -
Просмотров материала: 1 212