Біздің елде кәсіпқой спорт клубтарының тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатынын айтып жүрміз. Ел қазынасынан миллиардтаған қаржы алып отырған спорт түрлерінің бірі - шайбалы хоккей.
Негізі хоккей қазақ қоғамына сәл таңсық спорт. Бірақ солтүстіктегі көршіміз аса сүйіп айналысатындықтан, солардың әсерімен біз де бұл спорттан қаржыны аямаймыз. Ең өкініштісі қанша қаржы салсақ та өз ұлтымыздан, өз елімізден мықты хоккейші шықпай жүр. Өз ұландары өнер көрсетпеген соң, хоккей спорты қазақ қоғамының құрметіне бөлене алмай отыр.
Қазақ шенділері спорттағы жетістік елді әлемге танытады деп есептейді. Экономикамен, білім-ғылыммен емес, спортпен әлемге танылғымыз келетіні жасырын емес. Бірақ «елімізді әлемге танытатын» спорт клубтарында көбіне шетелдіктердің өнер көрсететіні сәл қызық. Біз сөз етіп отырған хоккейді де тек легионерлер ойнайды. «Барыс» деген хоккей клубымыз бар, құрамында екі-ақ қазақ ойыншы бар.
«Барыста» тек легионерлер ойнайтынын аз десеңіз, хоккейден ұлттық құрамамызда да шетелдіктер өріп жүр. Өз азаматтарымыз бұл спортқа қызықпағандықтан, өзге елдің екінші-үшінші сортты хоккейшілеріне жаппай азаматтық таратып бергеміз. Сол сансыз легионерлердің арқасында ұлттық құрамамыз бен астаналық «Барыс» халықаралық турнирлерде тәп-тәуір нәтиже көрсетеді. Біздің шенділердің хоккейге ақшаны аямай төгуіне осының өзі жеткілікті болып тұр.
«Барыс» хоккей клубы 1999 жылы құрылған. Содан бері «Барыста» кім ойнамады. Ресейлік, канадалық, швециялық, финляндиялық хоккейшілер қазақ даласына бірі келіп, бірі кетіп жатты. Өкініштісі 20 жыл жанталассақ та, «Барыстан» бірде-бір әлемдік деңгейдегі қазақстандық хоккейші шыққан жоқ. Қазақ билігі сонда да қайтпайды, бос мақтан үшін шетелдік ойыншыларды шақырудан шаршамайды.
Біз бұған дейін «Барыс» хоккей клубына 2018 жылы 3 450 840 000 теңге, ал 2019 жылы 3 653 490 000 теңге бөлінгенін жазған едік. 2020 жылғы бюджеті бұдан көп болмаса, аз болмағаны сөзсіз.
Оның үстіне «Барыс» хоккей клубының құрамында тағы үш-төрт команда бар. «Барыстың» бас командасымен қатар «Номад», «Снежные Барсы», «Барыс-жас» және «Томирис» әйелдер командасын ұстап отырмыз. Мұның алғашқы екеуі «Барыс» секілді ресейлік командалармен бірге халықаралық турнирге қатысады. Демек, бес команданы бағуға жоғарыда біз көрсеткеннен әлдеқайда көп қаржы жұмсалуы мүмкін.
«Барыс» хоккей клубының әкімшілігі:
Президент — Иванищев Борис Анатольевич
Бас менеджер — Вячеслав Белан
Пресс-секретарь — Акманов Евгений Владимирович.
Клубтың негізгі командасында 3 ғана қазақ ойыншы тіркелген. Оның үстіне Құрлықтық хоккей лигасының ережесіне сай, «Барысқа» легионер саны жағынан шектеу қойылмайды. Құрамын тек легионерлермен жасақтаса да өз еркі. Ал ресейлік клубтар ойын хаттамасына тек бес шетелдік хоккейшіні ғана тіркей алады. Бұл өз ойыншыларының деңгейін көтеру үшін жасалып отырғаны сөзсіз. Ал «Барысқа» бұндай шектеу жоқ. Осы ереженің әсерінен 2018/19 жылғы маусымда «Барыс» сапында 8 легионер және Қазақстан азаматтығын алған 11 ойыншы өнер көрсеткен болатын.
«Барыс» хоккей клубының бюджеті, басшылығы, құрамы жайлы айттық. Енді клуб ойыншыларының жалақысы қанша деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Біздің елде спорт клубтары халықтың ақшасымен күн көріп отырса да, ел алдында есеп бермейді. Бюджеті қанша, ойыншыларға қанша жалақы төлейді, нәтиже қандай деген сұрақтар шенділерді ешқашан мазалаған емес. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінетін футбол, баскетбол, велоспорт, біз сөз етіп отырған хоккей бәрі жұмсалған қаржы жайлы жұмған ауызын ашпайды.
Жақында ресейлік басылымдар «Барыс» хоккей клубының кейбір ойыншылары қанша жалақы алатынын жариялады. Ресейлік «Спорт-Экспресс» сайтының ақпаратына сүйенсек, елордалық команда сапында ең көп жалақыны қорғаушы Даррен Диц алады екен. Канадада туып, Қазақстан азаматтығын алған ойыншы жылына 75 миллион ресей рубль (1 миллион доллардан астам) жалақы алады. Бұны теңгеге шаққанда 430 миллион болады.
-Барыс» жалақысының шегі 75 миллион рубльді құрайды. Бұл Даррен Дицтің жалақысы. Одан көп ақша табатан хоккейші қазақстандық команданың қатарында жоқ, - дейді аталған басылымның журналисі Игорь Еронко.
Ал елордалық клубтың шабуылшылары Мэтт Фрэттин мен Линус Виделль команда капитаны Дицке қарағанда әлдеқайда «аз» жалақы алады екен.
Мәселен, «Барысқа» биыл ғана аусып келген 32 жастағы канадалық хоккейші Мэтт Фрэттин бонустарды қоспағанда 32 миллион рубль алады (185,6 млн теңге). Ал 35 жастағы швед хоккейшісі Линус Виделль бұдан сәл көбірек, 36 миллион рубль (208,8 млн теңге) жалақы алады (бонустарды қоспағанда).
Бұл түрлі бонустарды есептемегенде алатын таза жалақысы. Бұған көрсеткен өнері мен клубтың нәтижесіне қарай бонустар қосылады.
Тағы бір мәселе, хоккей қазақстандық жалғы спорттық арна Qazsport-тың да сүйікті спорты.
Бұл туралы аталған арнаның басшысы Павел Цыбулиннің өзі айтқан.
- ҚХЛ плей-офф кезеңіндегі «Барыс» матчтарының трансляциясы маңызды екенін ескеру қажет. Хоккей тартыстарының барлығы тікелей эфирде таратылады, бұл тіпті, талқыға да салынбайды. «Барыс» және оның жанкүйерлері үшін біз барлық чемпионаттарды таратуға дайынбыз, - дейді Павел Валерьевич.
Қазақ жанкүйерлері үшін ең қызықты спорт түрлері бокс, күрес және ауыр атлетика екені белгілі. Еліміз спортшыларының оң жамбасына келетін спорт түрелрі де осылар. Бірақ хоккейді телеарна басышалары жақсы көргендіктен шығар, тұтас көрерменге тықпалап көрсетіп жүрміз.
Мемлекет қаржысын майшелпекке айналдырған жалғыз хоккей емес дедік. Велоспорт та ондаған шетелдік спортшы үшін миллиардтаған бюджет қаржысын пайдаланып отыр. Мәселен, Bikeandme.com.ua спорттық порталының мәліметіне сүйенсек, «Aстана» велокомандаcының жылдық бюджеті - 18 миллион еуро (8,15 млрд теңге). Бұл көрсеткіш бойынша, әлемдегі қаржысы көп 10 үздік команданың қатарына кіреді екен.
Халқы қоңырқалта күн кешетін, оның үстіне көпшілік қауым велоспортты спорт деп санамайтын Қазақстанның командасы әлемдегі бюджеті ең көп 10 команданың қатарына кіріп отыр. Бұл неткен дарақылық демеске амал жоқ!
Ел-жұрт велоспортты көп білмейді деп бекер айтып отырған жоқпыз. Astana Pro Team велокомандасының 2020 жылға арналған құрамына назар салсаңыз, біздің елде шайтанарбаны кім теуіп жүргенін көресіз. Команда сапында жалпы 28 шабандоз өнер көрсетеді екен. Оның 8-і ғана қазақстандық. Қалғаны легионер. Ал қазақ шабандозы біреу ғана екен.
Ал футбол жайлы көп жазып жүрміз. UEFA ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда Премьер-лигасында бақ сынайтын 12 командаға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 30-40 миллиард теңге бөлінеді. 2019 жылы бір ғана елордалық «Астана» футбол клубының жылдық бюджеті 9 миллиард 800 миллион теңге болды.
Жоғарыда біз айтқан 1 млн доллар жалақыны футболшылар да алады. 2018 жылы футболшыларға жалақы төлеуге 80 млн еуро (33,5 млрд теңге) жұмсалған көрінеді. Тағы бір мәлімет бойынша, елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады. Ала допта да қаптаған легионер легі ел бюджетін суша сапырып жүр.
Сөз соңында айтарымыз, Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының президенті - Асқар Мамин. Үкімет басшысы өзі басқарып отырған спорт түріне жұмсалған қаржыны бақылауда ұстаса, қанеки. Миллиондап жалақы төлеп легионер шақырып, оларға азаматтық таратып ел спортын дамыта алмаймыз. «Шам жарығы түбіне түспейді» дегендей, премьер-министрдің «сүйікті» спорты бақылаудан шығып кетпесін деген ниет біздікі...
Қуаныш Қаппас
Дереккөз: Abai.kz
Просмотров материала: 943