«Рухани жаңғыру» бағдарламасының қазақ тілінде жарық көргенін білесіз. Есіңізде болса, бір жыл бұрын ҚР Бас прокурорының кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина «Рухани жаңғыруды» алға тартып, БАҚ өкілдерінің орысша қойған сұрағына мемлекеттік тілде жауап берген болатын.
Бұл расымен де заң қадағалаушы органның мемлекеттік тілге деген ұстанымы ма, әлде көзбояушылық па? Ұстанымы дейтін болсақ, бүгінге дейін мемлекеттік тілге байланысты заңсыздықтардың орын алғанын көріп келдік.
Мемлекеттік тілді қорғау үшін артына шам алып түскен прокурор көрмедік. Қазақ тіліне келгенде, заңдарымыз әлсіз болып шыға келеді. Тілді заң емес, қоғам қайраткерлері қорғап келді десек, артық айқандық емес. Бір жылдың ішінде не өзгерді? «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ тілінде жарық көруі мемлекеттік тілге деген көзқарасты өзгерте алды ма? Тек «Қайырлы күнмен» басталып, «Сау болыңызбен!» аяқталатын қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтті деп ойлайсыз ба?
Дос Көшім, қоғам қайраткері:
─ Біріншіден, қазақ тілінің мәселесі «рухани жаңғырудан» басталған жоқ және оны «рухани жаңғыру» да шешпейді. Бұл — біздің қоғамымыздың дерті, қазақтың намыссыздығы мен рухынан ада бола бастағанының көрсеткіші. Екіншіден, Нұргүл сияқты қарындастарымыздың мемлекеттік мекемеде, заң саласында қызмет жасай отырып, қазақ тілін қолданғанына қазақ қоғамының риза болуы — мемлекеттік тілдің қазіргі кезеңдегі сорлы жағдайының көрсеткіші ғана.
Қазақ тілді әрбір азаматтың осы Нұргүлдей, Рузадай, Доғандай бола алмауының көрсетікші. Бірақ, Аллаға шүкір, «сондай болуымыз керек» деген ойдың да көрсеткіші болар. Мемлекеттің қазақ тіліне деген көзқарасы, өкінішке орай, өзгерген жоқ. Меніңше, өзгермейді де… Естеріңізде болар, «Президент Парламент пен Үкімет тек қана қазақ тілінде сөйлесін» деп еді, сол сөздің жаңғырығы бітпей жатып, Ақпарат министрі «тек қана» деген сөз тіркесін «жоғалтып жіберуге» тырысты.
Оның себебі де түсінікті — Дәурен ініміз өзін ойлап отырған жоқ, Парламент пен Үкіметтің қазақ тілінде жұмыс істеуге ниеті жоқ екендігін білгеннен кейін, ертең Президенттің сөзі далада қалып, масқара болмайық деп, биліктің беделін ойлап отыр.
Сондықтан бір нәрсені мықтап түсінуіміз керек: мемлекетке, мемлекеттің қызметкерлеріне қазақ тілінің қажеті шамалы, алайда қоғам деген тағы бір күш бар ғой. Қазақ деген тағы бір ұлт бар ғой. Әрине, қоғам мен сол қоғамға қызмет жасаушы биліктің екі түрлі ұстанымда болуы жақсылық емес, бірақ бұл мәселеге 30 жылда киноның билеттерін немесе кассаның талонын мемлекеттік тілде бере алмай отырған Мемлекет қана кінәлі.
Енді баяндаманың басын бірауыз қазақшамен бастап, соңында бірауыз қазақшамен бітіретін жандар туралы бірауыз сөз.
Өз басым, талай жиындарда осы алдауды қоюға шақырдым. Қазақтың басқа адамдар бірауыз қазақша сөйлесе балаша мәз болатын бала мінезі бар. Мүмкін, мұхиттың арғы жағынан келген әртістердің, әншілердің сахнада тұрап, «Алматы, мен сені жақсы көремін!» деген жаттанды сөзі құлаққа жағымды естілер, алайда мемлекеттің беделді қызметкерлері, лауазымда тұлғалардың қазақ тілінде ғана сәлемдесіп-қоштасуы — біздерді балаша алдаған сияқты ой қалдырады.
Бұл «менің осы екі ауыз сөзім сендерге жеткілікті болар» деген сияқты мазақты ғана білдіреді.
Үкіметтің қазақ тіліне деген бетбұрысы 85 пайыздың (Мәдениет министрлігі есебі бойынша) көңілін аулау ма, әлде Үкімет бүгінгі тілдік ахуалдың өзгергендігін сезіп отыр ма?
— Өз басым, мемлекеттің қазақ тіліне деген бетбұрысын көрмей отырмын. Оны Президенттің сөзі-ақ растап отыр. Қай елдің Президенті мемлекеттік тілдің статусы белгіленгеннен соң, 30 жыл өткеннен кейін «Заң шығарушы билік пен Атқарушы билік тек мемлекеттік тілде сөйлесін» деп ауызша бұйрық берді?
Сонда осыған дейін биілктің екі тармағы да мемлекеттік тілді жинап қойып, басқа тілде сөйлеп келген ғой… Ең қызығы, Президенттің осы сөзінен кейін Бақытжан Сағынтаев, ең болмаса, өтірік болса да, «Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтудің жолдары» деген Үкіметтің қаулысын қабылдады.
Парламент неге үнсіз қалды?
— Парламент қазақ тілі туралы жаңа заң қабылдау туралы мәселе көтерген жоқ. Бұл олардың Президентке де, қазақтілді қауымға да «сендерді ұрғаным бар» деген жауабы сияқты қабылданды. Иә, Мәдениет министрлігі қазақ тілін меңгерген адамдардың есебі 85 пайызға жетіп қалғанын жариялады. Алайда, біріншіден, «қазақ тілін білетін адамдар» санатына жатқызу шарттарымен таныспағаннан соң, шындығында да, осынша пайыз азматтарымыз мемлекеттік тілді меңгерген екен деп айта алмаймын.
Президенттің 2020 жылға дейін тұрғындардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі керек деген межесінен шығу үшін, жыл сайын 1-2 пайыз қосып, сол межеге алып келетініне де күмәнім жоқ. Бірақ әңгіме басқада — қазақ тілін қолдану қажеттілігін тудыруда жатыр. Сонда ғана «қанша адам қазақ тілін меңгерді» деп есеп-қисап жүргізбейміз.
Мені еліміздегі адамдардың қаншасы мемлекеттік тілді меңгерді деген сұрақ ешқашан қызықтырған емес. Үкімет мүшелерінің Б.Сағынтаевтан бастап 99 пайызы қазақ тілін жақсы меңгерген, бірақ ездік пе, орыстілінде сөйлеу олар үшін «комфортный» ма, әлде Қазақ елінің болашағын ойламау ма, олар осы уақытқа дейін өздерінің отырыстарын көрші елдің тілінде өткізеді, қазақ тілін — мемлекеттік тілді ғана меңгере отырып, осы елде еркін өмір сүре аламын ба деген сұрақ көбірек ойлантады.
«Оғыз феномені» ненің көрінісі деп ойлайсыз?
— Егер бұл «феномен» болса, тек шетелдік азаматтың қазақ тілі үшін күрескенінің феномені болар. Ал Оғыз сияқты өзінің қай тілде сөйлеу құқығы үшін күресіп жүрген жандар біздің азаматтардың ішінде де жеткілікті. Бұндай жағдайлар Кеңес одағы кезінде де болған. Мен үшін «Оғыз феноменіндегі» көңіл бөлерлік мәселе — оған, оның жасап жүрген іс-әрекетіне қарсы шығушылардың пайда болуында.
Бұл не, «біз неге сондай болмадық» деген жаман намыс па, әлде «біздің ішкі мәселемізге шеттен келіп араласпаңыз, өзіміз-ақ қатырамыз» деген ақымақ патриотизм бе? Меніңше, бұл — журналист болғаннан кейін сауатты жұмыс істей білетін адамға деген іштарлық пен осы адамның ісі басқаларға, қазақстандықтарға үлгі болып кетер ме екен деген қорқыныш қана.
«Өз адамдарымыздың» осындай іс-әрекеттеріне пысқырып та қарамайтын немесе жан-жақтан шабаланып, аузын жауып тастайтындар шетелдің азаматына келгенде тосылып қалды. Осы уақытта оның қасынан ұлтшыл заңгер де табыла кетті. Менің оларға рақметтен басқа айтарым жоқ. Бәріміз солардай болайық.
Қазіргі таңда қала қазағының қазақтану процесі жүріп жатыр. Қаланың өзінде орыс тілін мүлдем түсінбейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. «Оғыз феномені» ертең «Самат феномені», «Асхат феномені», «Арай феномені» болып жалғасын табуы мүмкін бе?
— Егер мемлекет тез арада қазақ тілін, шын мәнінде, мемлекеттік деңгейге көтермесе, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданбаса, қазақ тілін қолдау, қорғау мәселесін халықтың өзі шешеді. Сол уақытта билік «жер митингісімен» жылап көрісетін болады. Бұл — ешкімге керек емес, қоғамды ғана емес, ұлттарды да бөлшектеуге әкеліп соқтыратын қауіпті жағдай тудыруы ғажап емес.
Соңғы уақыттарда тіл туралы заңды қайта қарау керек, өзгертулер енгізу керек деген сияқты пікірлер жиі айтыла бастады. Бұның себебі неде? Егер «Тіл туралы» заңның өзгеру уақыт талабы болса, қандай баптарын, тармақтарын өзгерту керек?
— Соңғы төрт жылдың ішінде орыстілді аймақтарда орыстілді азаматтармен 167 кездесу (10 облыс орталығы, 12 қала, 60 аудан орталығы, т.т.) өткізіппін. Мыңдаған орыстілді қауымның өкілдерімен кездесіп (олардың ішінде Казактар қауымдастығы, «Лад», «Орыс, славян, казак ұйымдарының қауымдастығы» сияқты орыстілді ұйымдардың өкілдері де бар), олардың қазақ тіліне, оның болашағына деген ой-пікірлерін тыңдадым, кейде қызу пікірталасқа кіріп, кейде осы уақытқа дейін басқаша қабылданған заңдар мен терминдерге түсініктеме бердім. Қысқасы, орыстілді қауымның қазақ тіліне деген көзқарасын бір кісідей білемін деп ойлаймын.
Сол кездесулерде қойылған басты сұрақтардың бірі «Қазақ тілінің мемлекеттік статус алғанына 30 жылдай болып қалыпты. Неліктен осы уақыттың ішінде миллиондаған отандастырымыз, оның ішінде осы отырған Сендер де барсыңдар, оның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар да бар, өздерінің мемлекеттік тілдерін үйреніп ала алмады?» — деген сұрақ болатын. Орыстілді қауым бұл сұраққа (дәл қазақтілділер сияқты) «Қазақстанда мемлекеттік тілге деген қажеттілік жоқ», — деген жауап берді.
Қарапайым шындық. Бұлтартпас ақиқат. Қажеттілік болмаса, ешкімге, ешбір тілді үйрете алмайсыз. Оның қажеті жоқ… Қажетке жарамайды… Демек бүгінгі қоғамның басты мәселесінің бірі — «қазақ тіліне деген қажеттілікті қалай жасауға болады?» деген сұрақ деп білемін. Барлық өркениетті, құқықтық елдерде Тілге деген қажеттілік тек заңдық жолмен жасалынады. Мен бұрынғы заңға — қостілділікті сақтап қалуға бағытталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге толықтай қарсымын, бізге жаңа заң атауынан бастап, соңғы нүктесіне дейін қайта жазылған жаңа заң керек.
Алайда сөздің басын қазіргі қолданыстағы «Тілдер туралы» заңнан бастайық. Біздің қазіргі қолданыстағы заңымыз Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңы 1989 жылдың 21 қыркүйек айында қабылданып, 1997 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл — буыны қатпаса да толқыны кемерден асып бара жатқан ұлттық жаңғыру мен демі бітіп бара жатса да, басқа ұлттарды уысынан шығарғысы келмейтін ұлыдержавалық шовинизмнің арасынан аман өтуге тырысқан екіұдай кезең болатын.
Әрине, заңда қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусы берілді, бірақ, шын мәнінде, бұл — қостілділікті сақтайтын, дамытатын, қолдану жолдарын реттейтін заң болатын. Шынын айтқанда, бізге «қазақ тілі — мемлекеттік тіл» деген статус қана керек болатын, соған қолымыз жетіп, той жасадық… Қазақ тілінің орыс тілімен тең дәрежеге көтерілгеніне шүкіршілік еттік… Бұл менің ойымша, өтпелі кезеңнің заңы болатын. Барлық республикалар алғашқы кезеңде арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін заң қабылдады да, төрт-бес жылдан соң мемлекеттік тілдің қажеттілігін тудыратын жаңа заң жасап шығарды.
Мысалы, Латвия 1989 жылғы заңға 1992 өзгертулер енгізіп қайта қабылдаса, 1999 заңдарын тағы да жаңартты. Ал Эстония 1989 жылдан кейін 1995 жылы «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабалдап, тілдік ахуал өзгергеннен кейін, 2011 жылы тағы да заңдарын жаңартты. Литва 1989 жылдан соң 1995 жылы, 2011 жылы тағы да заңдарын жаңартты. Балтық елдерін былай қоғанда, көрші Тәжікстан мен Өзбекстан да мемлекеттік тіл туралы жаңа заң шығарып үлгірді. Бұл — ұлтшылдардың жеңісі емес, тілдік ахуалдың өзгеруінен туған өмірдің талабы болатын.
Қазақстандық жағдайда, тілдік ахуалдың өзгермеуі ғана деп ойлайсыз ба? Өзбектер сонау тоқсаныншы жылдарда дүкеннен өзбекше нан сұрамасаң, сатып ала алмайтындай етіп жағдай жасады.
— Осы мемлекеттердің арасынан тек қана Қазақ елі бұрынғы, Кеңес заманында, отаршылдық кезеңде қабылданған қостілділік заңымен қалды. Себебі бұл заң орыстілді ұлт өкілдеріне ғана емес, ана тілінен мақрұм қалған мемлекеттік қызметкерлерге, шенеуніктерге де тиімді болатын. Жылдар өтіп, қазақ тілді қауымның саны көбейген сайын, кезінде саяси мақсатпен қабылданған «Тілдер туралы» заңымыз, мемлекеттік тілді дамытудан гөрі, оның дамуын тежейтін құралға айналды.
Демек біздер бүгін осы шындықты мойындай отырып, қазіргі қолданыстағы «Тілдер туралы» заңымыздың қай жері бүгінгі өмір талабына сай келмейді, қай жерлері мемлекеттік тілді дамытудың орнына қостілділікті «ұстап тұр», қай баптары «шаршап қалды», т.т деген сұрақтарға жауап беруіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заң «ҚР Мемлекеттік тіл туралы» заңның — қоғамға қажеттілігін дәлелдеуіміз керек.
Бұл — өте күрделі, Парламент депутаттарынан бастап, тілші ғалымдар мен әлеуметтік тіл білімін зерттеушілердің еншісіне жататын ауыр да қасиетті жұмыс.
Біріншіден, заңның атауы өзгертілу керек. Барлық дерлік елдердің заңдары «Мемлекеттік тіл туралы» деп аталады да, тек Қазақ елінің заңы «Тілдер туралы» деп аталады екен. Ең қызығы, заңымыздың орыс тіліндегі атауы «Закон Республики Казахстан «О языке в Республике Казахстан» деп аталады. Қазақшасы — көпше формада болса, орысшасы — жеке формада.
Әрине, елдің ішінде сан түрлі ұлт өкілдері бар, олардың өздерінің қатынас тілдері бар, бірақ бұлардың барлығы теңдігі, қолдану аясындағы шектеудің болмауы Конституцияда белгіленген. Ал мемлекеттік тілдің статусы, қолданылуы, жауаптылығы, т.т. жеке заңның міндеті. Сондықтан да ол «Мемлекеттік тіл туралы» деп аталынуы шарт. Екіншіден, заңда орыс тілінің статусы нақтылануы шарт.
Біздің қолданыстағы заңымызды қарасаңыз орыс тілі мен қазақ тілінің статусы бөлек те, қолданылуында ешқандай айырмашылық жоқ. Бесінші баптағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген сөйлемнен бастап, барлық дерлік баптарда «мемлекеттік тілде» деген сөзден кейін «қажетіне қарай», «мүмкіндігінше» дей келе «орыс тілінде де беріледі» деген сөз тіркесімен аяқталады. Жылдан жылға аясы тарылып, өшіп бара жатқан орыс тілін мемлекеттің тілімен қатар қою — ақылға симайтын жағдай.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін, Кеңес өкіметі кезінде де Қазақстанда екі мемлекеттік тіл болатын; біреуі — қазақ тілі болса, екіншісі — орыс тілі. Алайда орыс тіліне мемлекеттік деңгейде, жасанды түрде қажеттілік жасау арқылы қазақ тілінің қоғамдық өмірден шығып қалғанына бәріміз куәміз. Енді осы тілді заң арқылы тағы да тықпалау — қазақ тілінің қолдану деңгейін тұзақтаудың нақты саяси жолы болып табылады.
— Жаңа заң қабылданып жатса, орыс тілінің мәртебесі қандай болу керек?
— Меніңше, жаңа заңда орыс тіліне ешқандай мәртебе берілмеуі керек. Мемлекеттік тілден басқа тілдердің құқықтары бірдей. Демек орыс тілі — Қазақстандағы көптеген диаспоралардың біреуінің тілі. Әлемдегі орыс тілінде сөйлейтіндердің саны 1991 жылы 312 миллион болса, 2004 жылы 278 миллионға кеміген. Ал 2010 жылы 260 миллион болса, 2025 жылы 215 миллион ғана қалатын көрінеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын азаймаса, көбейметіні анық.
Құжат мәселесіне келейікші. Мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан орыс тіліндегі құжатты, орыс тіліндегі мәтінді қазақ тілімен қатар беруді талап ету бар. Бұл қаншалықты заңды?
— Бұл «қызық» та, күрделі мәселе. Бұл заңсыздық пен бассыздықтың шектен шыққаны соншалықты, Әділет министрлігі заңды тұлға болып тіркелу үшін өткізілетін құжаттардың екі тілде берілуін ұялмай-ақ талап етеді.
Өткен жылы Дін және азаматтық қоғамды дамыту министрлігі жақсы жұмыс істеген үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы тағайындады. Біздің қоғамдық бірлестік те өзінің құжаттарын дайындай бастап еді, Сыйақы тағайындау Ережесінің соңындағы «берілетін құжаттар қазақ және орыс тілінде болуы керек» деген сөйлемді көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды да, министрліктің орыс тіліндегі құжаттарды талап етуге құқы жоқ деп тапқан біздің ұйым конкурсқа қатысудан бас тартты…
Осыдан соң бұл мәселенің заңдық негізін анқтау үшін Қазақстанның Бас Прокурорына, Мәдениет министрлігіне арнайы сауал жолдадық. Республикалық деңгейдегі қозғалыстың сауалына жауап беруді өзінің дәрежесіне сай келмейді деп санаған болуы керек, Бас Прокурор біздің сауалымызды Алматы қаласының прокурорына жіберіпті.
Ал Алматы қаласының прокуроры, бюрократияның алтын заңын бұлжытпай сақтай отырып, біздің хатымызды Алматы қалалық тіл басқармасына бағыттапты. Қысқасы, Бас Прокурор мырза жауап бере алмаған мәселеге қалалық тіл басқармасы жауап беріпті. Меніңше, егер олар өздерінің жауап беру құзіретін біріне-бірі жолдаса, соңғы жауапты Қазақстанның Бас Прокурорының жауабы дап қабылдауға әбден болады.
Сол жауаптың қысқаша мәтінін ұсынайын:
«…Қойған сауалыңыз бойынша төмендегіні хабарлаймыз:
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан басқа да ұйымдардың (олардың қызметкерлерінің) жеке азаматтар мен ұйымдардан құжаттарды орыс тілінде жазу мен толтыруды және орысша сөйлеуді талап етуге құқығы жоқ.
2. Құжаттарды орыс тілінде толтыруды талап еткен жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясы 7-бабының 1-тармағы, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 4 және 8 баптары бұзылды деп есептеледі.
3. Қазақстан Республикасында мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан басқа да ұйымдар (олардың қызметкерлері) ешқандай заңға сүйеніп азаматтардан құжаттарды орыс тілінде жазу мен толтыруды және орысша сөйлеуді талап ете алмайды
Басқарма басшысы: Р.Шимашева»
Енді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің (тіл комитеті осы министрлік қарайды) жауабынан үзінді:
«…Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелері немесе заңды тұлғалары азаматтардан тек орыс тілінде құжат толтыруды талап етуі, Конституцияның, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 10-бабы және ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 11-бабы өз деңгейінде орындалмауына әкеп соғады.
Жоғарыдағы аталған тіл туралы заңнаманың талаптары бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 75-тармағының 1) тармақшасына сәйкес лаузымды адамның тіл білмеуін уәж етіп жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәні бойынша қарамауы – ескерту жасау немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде… айыппұл салу жолымен әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеп соқтырады.
Вице-министр: Е. Қожағапанов»
Бір сөзбен айтқанда, бесінші бапты арқаланған орыстілді шенеуніктер Қазақстанды баяғыда-ақ қостілді елдердің қатарына қосып қойды. Оған мүмкіндік беріп отырған да — өздеріміз. Ал орыс тіліндегі құжаттардың көшірмесін сұраудың не талап етудің ешқандай құпиясы жоқ — сол жерде отырған қызметкерлер мемлекеттік тілден мақрұм, сондықтан аударманы өздерінің жұмыстарын жеңілдету үшін біздерден сұрайды. Ол — заңсыз талап, сондықтан бұл заңсыздықпен бар күш-жігерімізді салып күресуіміз керек! Ал Жаңа заңда бұл мәселе жеке бап есебінде нақты көрсетілуі шарт.
Қолданыстағы «Тілдер туралы» заңның басты кемшілігі неде?
— Біздің қазіргі қолданыстағы заңымыздың басты кемшіліктерінің бірі — жауапкершіліктің жоқтығы. Тілге қатысты заң баптарын бұзғандарға жауапкершілік көзделмеген, мемлекеттік тілді мазақ қылған немесе қорлаған жандарға да айып белгіленбеген. Біздер әлі күнге дейін көшедегі, бір қайнауы ішіндегі, жарымжан аудармаларды дұрыстай алмай, күлкіге айналдырудан аса алмай жүрміз. Францияда қоғамдық жерлердегі мемлекеттік тілде жазылған жазуларда қате жіберілсе, сол жазбаның иесі 5000 евро айыппұл төлейді.
Егер бізде де сондай бап болса, мен Алматының бір көшесін бойлай өтіп-ақ миллионер болар едім. Соңғы уақытта ғана бұндай жағдайларда айыппұл салу мәселесі заңға кірген сияқты, алайда ол үшін бірінші ескерту беру керек те, бір жылдан соң ғана, ескертуден нәтиже шықпаса, айыппұл салынатын көрінеді. Бір жылда не есек өледі, не хан да келмеске кетеді емес пе… Ал орыстілділердің саны көп Латвияның «Мемлекеттік тіл туралы» заңына сәйкес «Әкімшілік Кодексінде» тілге қатысты заң баптарын бұзғандарға арналған 14 бап берілген. Солардың ішінде маған мынау бап ерекше ұнады: Статья 20130.
«Представление документов не на государственном языке в органы государственной власти, государственного управления и самоуправления»
«Представление документов учреждений, предприятий или организаций не на государственном языке в органы государственной власти, государственного управления или самоуправления – влечет наложение штрафа на руководителей учреждений, предприятий и организаций в размере от одной тысячи до пяти тысяч рублей»
Енді сөзіміз дәлеледі болу үшін көрші Әзірбайжан еліндегі заңнан да бір бапты мысал ретінде көрсете кетейік: 18.1. В Азербайджанской Республике запрещаются ведение скрытой или явной пропаганды против государственного языка, оказание сопротивления использованию данного языка, попытки ограничить его исторически установленные права. Бізде де соңғы уақытта, ұлтымызға, мемлекетімізге, тілімізге, жерімізге қатысты ауыр сөздер сырттан да, іштен де айтылып жүр, сондықтан осындай баптың қажеттілігін дәлелдеп жату артық болар.
Тағы бір кемшілігі заңда ешқандай нақтылық жоқ. Бұл ойымды дәлелдеу үшін бірнеше бапты талдасақ та жеткілікті болады.
Мысалы, 9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi
«Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн»
«Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленеді»… Неге «мемлекеттік тілде қабылданады» деп, нақты айтылмайды… Заңды қолданушылар үшін оның қай тілде «әзірленуінде» тұрған ештеңе жоқ, әңгіме қай тілде талқыланып, қай тілде қабылданатынында жатыр.
Бірақ біздің заңгерлер бұл жерде тоқтап қалмай, әрі қарай шұбырта берген: «қажет болған жағдайда», «басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз ете отырып», «мүмкіндігінше», деп айналдыра отырып, негізгі мақсаттарын — «оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін» деген сөз тіркестерін содан кейін ғана қосқан. Қысқасы, «нан пісіріп берер ем, майым болса» деген қу әйелдің қанатты сөздері бұған қарағанда далада қалады.
Меніңше, бұл жерде бұлаңқұйрыққа салмай «Мемлекеттік органдардың актілері қазақ және орыс тілдерінде әзірленіп, қабылданады» десе де болар еді. Ең қызығы, қалай деп жазылса да, актілердің тек қана орыс тілінде әзірленетінін және сол тілде қабылданатынын бәріміз де білеміз…
11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi
«Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi». Барып тұрған ақымақ бап! Меніңше, заң жасаушылар қазақ тілінен басқа әлемде тек орыс тілі бар деп ойлайтын болуы керек. Бұл заң бойынша өтініштерді Қазақ елінде тұратын 137 ұлттың тілінде беруге болады және оны барлық мемлекеттік орган қабылдап, сол тілде (араб, кәріс, хорват, т.т.) жауап бере алады деген сөз. Бұл — ешқандай жүзеге аспайтын бос сөз. Ал заңда бос сөз болмауы керек.
Тіл туралы заңда «Қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi» депті. Бүгінге дейін өзге елдердегі қазақ көп шоғырланған жерде Үкімет ана тілінде оқытатын мектеп салып беріпті дегенді естіген жоқпын.
— Бұл сұраққа Үкімет адамдары жауап бермесе, мен ештеңе айта алмайтын шығармын. Бір білетінім, басқа елдер, оның ішінде Ресей мемлекеті орыс диаспораларына орыс тілін сақтап қалу, дамыту бағытында үлкен көмек беруде. Өз еліміздегі ана тіліміздің мәселесін шеше алмай отырып, басқа жақтағы қазақтардың ана тілінің жағдайын жетістіреміз дегеніміз ақылға симайтын мәселе сияқты көрінеді.
Өзіңізге мәлім, жақында қазақша аударылған «100 оқулықтың» тұсаукесері өтті. Ағылшын тіліне 100 пайыз басымдық беріліп отырған кезеңде (үштілділік, нақты пәндерді ағылшынша оқыту), ғылым тіліне қауіп төне бастаған кезеңде биліктің осы бір бастамасын қалай бағалар едіңіз?
─ Бұл жобаны, өз басым, сөзсіз қолдаймын. Кезінде 50-жылдары барлық дерлік шетелдік классиктердің туындылары қазақ тіліне аударылған болатын. Біздер Марк Твеннің «Том Сойерінен» бастап, Джек Лондон, Сервантес, Дефо, Жюль Верндердің барлық дерлік кітаптарын оқып өстік.
Орыс әдебиетінің барлығы қазақ тіліне аударылып берілді. Сонымен қатар «Банту халықтарының ертегілері», «Жапон әңгімелері», «Индия жазушыларының әңімелері» деген сияқты сериялар да көп болатын. Қысқасы біздер 60-70 жылдардың ұрпақтары, ағылшын тілін білмесек те, аударма арқылы әлемнің барлық елдерімен, олардың мәдениеттері, тұрмыс-салттары, тарихымен танысып шықтық. Ал ағылшын тіліне келетін болсақ, оны бәрімізге міндеттеуді артық талап деп санаймын.
Біреуміз француз тілін қаласақ, енді біреуміз жапон еліне еліктейміз. Әркімнің таңдауы болуы керек. Бәріміз бірдей ғылыммен айналысамыз деп тағы да айта алмаймын. Мектеп қабырғасында ғылымның негізін ана тілінде алуы керектігі де талассыз мәселе. Осыны Білім және Ғылымы министрінің әлі күнге дейін мойындамай отырғаны өкінішті жағдай.
Айтпақшы, Қазақстан Конституциясының 19-бабы бойынша (Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар.) мектептегі оқу тілін таңдау — біздің құқығымыз. Демек мемлекет оқушылардың ата-анасының рұқсатынсыз жоғарғы сыныптардағы негізгі пәндерді ағылшын тілінде бере алмайды. Білім саласы бойынша қолданыстағы заңның 16- бабы есіме түсіп отыр.
«Балалар үйлерiнде және оларға теңестiрiлген ұйымдарда оқыту, тәрбие беру тiлiн жергiлiктi атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгiлейдi». Осыдан 7-8 жыл бұрын «Ұлт тағдыры» қозғалысы мемлекеттің қарауындағы мекемелердегі (тастанды балалар үйі, жетімдер үйі) оқу-білім беру процесінің қай тілде жүргізілетініне мониторинг жасап, жағамызды ұстағанбыз.
Сол уақытта Қазақ еліндегі 33 мемлекеттің қамқорлығындағы мекемелердегі 33 мектептің 16-сы орыс тілінде де, 17 аралас тілде білім беретін болып шықты. Балалардың қай тілдегі мектепке баратынын ата-анасы шешетіні белгілі. Ал ата-анасы — мемлекет болса, мемлекеттің тілі — қазақ тілі болса, мемлекеттің қамқорлығындағы балалардың басқа елдің тілінде білім алып жатқанына не айтуға болады?
Бұндай жағдай әлемнің бір де бір елінде жоқ. Жоғарыдағы заң бабын бізге жауап берген Білім және ғылым министрлігінің қызметкері де алға тартып, «енді жетімдер үйіне алынған баланың ұлттық құрамын анықтап, сол тілдегі мектепте оқытамыз» деген «жаңалық» айтыпты.
Демек, шешен баласы болса — шешен тілінде, татар баласына татар тіліндегі мектеп ашып беретіндей болып отыр… Меніңше, мемлекет қамқорлығындағы барлық мекемелердегі білім беру тек қана мемлекет тілде болуы тиіс. Себебі олардың ата-анасы — Қазақ елі. Демек бұл бап та өзгертілуі керек.
Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Дереккөз: kazakhstanzaman.kz/
Просмотров материала: 4 817