"Көрнекті адам өз елінің не бағына, не сорына туады" деген ескі мақал бар. Дінмұхамед Ахметұлы болса, туған елінің бағына туған адам және біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық.
Ілияс Есенберлин
Исі қазақтың маңдайына бақ болып біткен Атамның атын естіген сайын ауылымның көне көз қарияларының «біздің Димекең» деп ерекше ілтипатпен айтып отырған дауыстары мен сағыныштары үндері ес жиып қалған мені кейде қатты ойландырады.
Ел сыйлаған атамның елі үшін жасаған іс-әрекетіне ауыл қарттарының көзімен қарасам, менің атам мен әкем оқыған мектептен 60-80 жылдары 10 шақты ғалым шыққан екен. Ер жеттім, қанат қағып арманға ұмтылар кезге де келген мен үшін бұл факті – ойландыратын дүние.
Бірақ, көзімді ашқалы әкеммен еріп ауылына барғанда оның саф ауасы мен шалғынды даласы, қыстағы ақ бораны мен көктемдегі ми-батпағын көретінім анық. Келген сайын осы көрініс менің көз алдыма, сондықтан мен бұл ауылды басқаша елестете алмаймын.
Алайда, әкемнің әңгімесі мен ауылдың әр жерінде үйілген үйінді фундаменттер маған мүңын шертуге дайын тұрғандай көрінеді. Тек әңгіменің шетін баста. Тыңдасам, анау үйілген үйінді 80-ші жылдары салынған екі қабатты балабақша, анау қаңқасы тұрған үйінді 300 орынға арналып салынған Мәдениет үйі.
Әкемнің айтуынша, ішінде кітапхана, қонақ үй, кафе, биллияр ойнайтын орын, оркестр отыратын орны бар үлкен сахна ... тіпті көз алдыма елестете алмаймын. Көшенің арғы жағындағы екі үйіндінің бірі – кітап дүкені, бірі – киім тігетін ателье болыпты.
Ал мына мектеп 1980 жылы қолданысқа берілгенде 800 орынға арналған екен. Соның өзіне бала сыймай, екі аусыммен оқыпты. Бүгінде жүзден аса бала ғана оқиды. Көшелері асфальт болыпты, ал анау қаңырап тұрған қырманда маусым айынан үш ауысыммен ұйымдастырылған жұмыс сонау қараша айына дейін жалғасады екен.
Ертегі. Әкемнің сөзіне күмәндана қарағаным өз алдына, тіпті мені алдағаны несі, «сонда оның бәрі қайда кетті?» деген сұрақ ойыма талай келді. Сұрайын десем, оның сағыныш толы көзі, өкінішті үні маған «уақыты келер, білерсің» деп тұрғандай әсер ететін.
Айтқанына сенейін десем, көз алдыма елестете алмаймын, сенбейін десем, әр жердегі үйінділер «Менің не жазығым бар еді, не істедіңдер? » деп өкпелеп жатқандай көрінеді.
Есімді жиып, оң мен солды таныр уақытта бала шақтан ойда қалған сан сауалға жауап іздеп, тарихқа жүгіндім. «Тарих саған не деді?» - дейсіз ғой?! Тарих маған ХХ ғасырдың 60-80 жылдары аралығында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы толығымен өзгерді.
Д.А.Қонаев өте сауатты басшы бола білді. Кез келген мәселені шешуде батылдылық пен көрегенділік танытты. Кәкімжан Қазыбаевтың естелігіне сүйенсем, «Біздің маңдайымыздың бақыты бес елі. Саналы өміріміз республиканы Димекеңдей адамның басқарған кезіне дөп келді. Біз керемет мектептен дәріс алудамыз. Ол өзімізге үйреншікті болғанмен біреуге арман, біреуге қиял. Осы мектептің босағасын берік ұстайық» деген екен.
Елінің тарихында 22 жыл ел басқарып, адами қасиеттерінің молдығымен, қарапайымдылығымен, ел аузындағы «Димекең» деген сыйлы атаумен қалған басшы «ел үшін не істеді?» дер баз біреулер. Қазақстанның Кеңес Одағындағы рөлін нығайтты.
Географиялық, экономикалық, мәдени, тарихи бағыттағы сан-салалы еңбегін айтып жеткізе алмаспын. Оны бір бетке де сыйғызу мүмкін емес.
«Мейірім-шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтықсыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент Дінмұхамед Қонаев» деп тамсанған үнді мемлекетінің негізін қалаушы Джавахарлал Нерудің сөзі менің атам мен әкемнің тамсана айтқан бақытты кезеңдерін дәлелдеп тұр деп ойлаймын.
Мен үшін аңыз, бірақ тарих пен көзкөргендердің сөзі - бұлтартпас айғақ. Қазақстанға осындай салиқалы саясатпен, ұлттық бауырмашылдықпен, жанашырлықпен қараған Д.А.Қонаев атамызға мен де ерекше құрметпен қарайтын кезге жеттім.
Қолыма түскен атамыз туралы әр ақпаратты мақтанышпен , аталарым үшін, елім үшін жасаған игі ісіне алғыс сезіммен оқитын дәрежеге келіп қалдым. Оқимын. Риза боламын.
Риза болатыным, азулы Кеңес дәуірінде дес бермей, өз ұлты үшін қайсарлық танытқан Атамның пендешіліктен жоғары тұруы, Қазақстан мүддесін бірінші орынға қоюы, еліне деген адалдығы.
«Адамдық қалыпты биік ұстау» приципін жүзеге асырған Атама таң қаламын. Таң қаламын және қапаланамын. Осындай әлеуметтік – тұрмыстық көтерілу дәрежесіне шыққан Қазақ елі қалайша қираған ауылдық дәрежеге түстік? Кім кінәлі? Неге осыншалықты гүлденген ауыл төмендеді?
Тәуелсіздікті алған кезде басқарып отырған азаматтар неге осындай жағдайға жеткізді екен? Әлде олар «Көрнекті адам өз елінің не бағына, не сорына туады» демекші, осы ауылдың соры болды ма? Д.А.Қонаев басқарып тұрғандағы гүлденген ауылдың бүгінгі мүшкіл халіне кім жауап береді?
Иә, жағадан алар сан сауалдың әлі де жауабын табар емеспін. Оны да бір күні табармын. Бірақ, бір білетінім, қазақтың маңдайына біткен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтай азаматы бар елдің үлгі тұтары бар.
Ендеше, менің де, менің замандастарымның да тарих беттерінен үлгі алып өсетін Алатаудай асқар Тұлғасы бар. Таудың кең даладан айырмасы жақындаған сайын биіктейді, биіктеген сайын дараланады.
Атамның өмір жолын оқыған сайын, елі үшін, жері үшін жасаған еңбектерімен танысқан сайын ол маған өр тұлғалы алыптай көрінеді.
Ғалымдар жұмыр жердi жайлаған бүкiл елдiң басшыларын компьютерге түсiрiп екшеп, таразылағанда Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев жетiншi орынды иеленiп, әлемдегi жетi ұлының бiрi атанғанында мақтанышпен айтуға болатын шығар.
Иә, әлемдегі жетінші ұлдың Тұлғалық қасиеттерінен үлгі алар біздер болуымыз керек. Боламыз да. Ол - сөзсіз. Тек, арманға бастар жолда қанатымыз қайырылмасын, ағайын!
Шамиль РАХЫМБЕРЛИН
10-сынып оқушысы
Абай атындағы
орта мектеп-гимназиясы
Алматы облысы
Талдықорған қаласы
Жетекшісі: Алма Досыкенова
Просмотров материала: 2 424