Қаламгер дегенді қалай түсінуге болады? Өлкемізде сондай қаламгерлер кездесе ме? Олар несімен халқы сүйген қаламгерлер атына ие болды? Оларды осы күнгі жастар ардақтап, құрметтей ме? Осы сұрақтарға жауап алу үшін бір азаматты мысал етуге болады. Ол - еліміздің мұнайлы астанасын өз шығармашылығымен қызықтыра алған қаламгер Төлеген Жаңабайұлы.
Белгілі тұлғамен жақынырақ танысудың сәті қалай түсті деп ойлайсыздар? Осыдан тура екі жыл бұрын біздің Нұрсұлтан Назарбаев атындағы зияткерлік мектебімізде жатақхана балалары үшін «Ауылдан базарлық» жобасы басталып, осы жоба аясында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы идеясын негізге ала отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге ой тастаған мектеп директоры А.Т.Айтпукешев болатын.
Туған жердің, жер-су аттарының шығу тарихы және белгілі тұлғалар жөнінде шағын зерттеу жұмыстарын жүргізіп, төмендегі мәліметтерді жинақтап, ақынмен кездесу кешін өткізіп, ұлағатты әңгімесін тыңдаған болатынбыз.
Төлеген Жаңабайұлы 1944 жылы 12 маусымда дүниеге келген. Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Балабейіт ауылында кіндік қаны тамған. Ақын Орлыкөл орта мектебін бітіре салысымен қазіргі Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен.
1966-1991 жылдары аудандық «Қызылқоға» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, облыстық «Атырау» газетінде меншікті тілші, ауыл шаруашылығы, еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыстар бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерінде істеді, алқа мүшесі болды.
Арасында 1978 жылғы қарашадан 1979 жылғы желтоқсанға дейін әскер қатарында болды, запастағы аға лейтенант. 1991-1997 жылдары «Қазақстан» телерадио корпорациясының Атырау облыстық филиалында әуелі радио, кейіннен телехабарлар жөніндегі бас редактор, төрағаның орынбасары, 1997-2007 жылдары облыстық «Қайсар» қоғамдық құқық қорғау газетінің бас редакторы қызметтерінде болды. 2004 жылдан бастап Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті және журналистика кафедрасында аға оқытушы, 2006 жылдан кейін доцент болып қызмет істеді.
«Іңкәр сезім», «Сырбаз сырлар», «Кәусар», «Есте ғой, есте сұрапыл соғыс», «Қыран қияға қонады», «Шалдығып жеткен шындық», «Зілдей сөзді Зімбіл еді-ау», «Малды ауылдың өрендері», «Жайық Беріштің Тумаш тармағы», «Атырау ақын-жыраулары» «Атырау көсемсөзшілері», «Атырау қаламгерлерінің көркем публицистикасы» атты әдеби, танымдық, ғылыми зерттеу кітаптары шықты.
Сонымен қатар, «Ығылман», «Тайсойған-Бүйрек ақындары», «Атырау арғымақтары», «Атырау журналистерінің шежіресі», «Шүкір батыр» және басқа да бірнеше кітапты құрастырып, алғы сөздері мен ғылыми түсініктерін жазды.
Ондаған жинақтарға әңгімелері мен өлеңдері, очерктері мен эсселері, сондай-ақ, «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзиясының антологиясына өлеңдері енген. Өлке тарихы, ірі ғалым және қоғам қайраткері Халел Досмұхамедов, ақындар Ығылман Шөрекұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Айтмағамбет Ұлықпанов, Таубай Шаңкөтов, Ыбыраш Мырзалыұлы, Зімбіл Тегенбайұлы, Сұлтанқұби Жұрынбайұлы, Закария Сағындықұлы, батыр барлаушы Шүкір Еркінов, Социалистік Еңбек Ері, аға шопан Қалыбай Жұмағалиев және басқа да атақты тұлғалар туралы зерттеу еңбектердің және «Сән мен сахна шырайы» деген телефильмнің авторы.
«Атырау ақын-жазушылары кітапханасы» атты сериямен шыққан 100 кітапты және «Атырау қаламгерлерінің туындылары», «Тұлға» атты сериялармен шыққан шығармаларды шығарушылар алқасының мүшесі болды.
Атырау облысының және Қызылқоға, Мақат аудандары энциклопедиялары мен «Жеңісті жақындатқан жандар» атты кітаптың авторларының бірі.
Қызылқоға аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі және штаттан тыс хатшысы, Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің, облыстық кәсіподақтар федарациясының төралқа мүшесі, сондай-ақ, жергілікті партия, кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі болып сайланған.
Төрт рет облыстық ақындар айтысында Қызылқоға ауданының намысын қорғап, жүлдегер атанған. Атырауда өткен облыстық, республикалық деңгейдегі ақындар айтыстарына бірнеше жыл қатарынан қазылық еткен.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты(1997). Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі(2014). 2005 жылы «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2008 жылы Қазақстан журналистикасын дамытуға сіңірген көрнекі еңбегі және айтулы үлесі үшін «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы беріліп, төсбелгісімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі (2016). Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын алды. «Еңбек ардагері» медалімен, көптеген Құрмет грамоталармен және дипломдармен марапатталды.
2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығына орай «Жапанға біткен бәйтерек» атты конкурстың жеңімпазы атанып, облыс әкімінің арнайы сыйлығын алды. 2011 жылы облыстық «Атырау» газетінің Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұйымдастырған «Тәуелсіздік толғауы» атты бәйгесінің жүлдегері. 2006 жылы Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының шешімімен оған «Очерк жанрының шебері» атағы берілді.
Отбасында – зайыбы Мұқанбетқызы Меңсұлу - ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері, төрт баласы және немерелері бар. Үлкен ұлы Өнербек «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Атырау облысындағы қосынының телеоператоры.
Қызы Алмагүл №7 техникалық колледждің оқытушысы, ортаншы ұлы Мұратбек облыстық «Атырау» газетінің хат, бұқаралық жұмыс және спорт бөлімінің меңгерушісі, кенже ұлы Болатбек «Атырау» футбол командасында қызмет істейді.
Немерелерінің алды Сандуғаш Өнербекқызы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген, қазір қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің бас маманы.
Қазіргі таңда Төлеген Жаңабайұлы журналист, жазушы, өлкетанушы ретінде танымал. Зерттеу барысында ақын өзі жайлы басқа да жастардың ақпарат жинағаны, жобалар қорғағаны туралы еске сала кеткен болатын.
Қаламгер жастарды тек бұл шығармаларды жазғанымен ғана емес, сонымен қатар, жұмыс бөлмесіндегі жеке кітапханасымен де, жетістіктер туралы қабырғалық материалдарымен де қызықтыра алады.
Сондай-ақ, қазақтың ұлттық бұйымдарына ерекше назар аударып, арнайы бұрыш жасақтағаны да айрықша мән бөлуді талап етеді. Олардың бәріне көз жіберген әр адам жазушының рухани бай адам екеніне де нақтырақ көз жеткізеді.
Жастар Төлеген Жаңабайұлын оның адамгершілік қасиеті мен рухани байлығы үшін де ерекше құрметтейді. Өз зерттеу жұмысымды жүргізгенде қаламгер Төлеген Жаңабайұлының шығармашылығына да өз назарымды бөлуім орынды болды.
Бұл қаламгермен мектебімізде өткен кездесуде өз тарапымнан алған тақырыбымды қорғау ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Көрермендер мен танысушылар сөреден ол кісінің кітаптарын көріп, қажетті мағлұматтар алды.
Төлеген Жаңабайұлы өз сөзінде рухани жаңғыруға байланысты өз ойларын ортаға салды. Балалық шағынан, жастық кезеңінен, ізденіс үстіндегі шақтарынан қыруар мысалдар келтірді.
Бүгінгі дәуір мен кешегі кезеңді салыстыра келіп, жас жеткіншектерді ізденімпаздыққа, ұлтжандылыққа шақырды. Оның, әсіресе, табиғатты сүйіп, қорғау туралы пікірлері үлкен ойға жетеледі. Ақынның «Жапандағы жалғыз киік» атты балладасын оқуы жанымызды тебірентті.
Жыр оқылып біткенде бүкіл оқушылар, мұғалімдер, осы кештің қонақтары дуылдата қол соғып, мақұлдаған рай байқатты. Біз қаламгер ағамызға үлкен ризашылықпен рахметімізді жаудырдық.
Надежда МЫСЫРҒАЛИ
9 "А" сынып оқушысы
Химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
Атырау қаласы
Жетекшісі: Бақытжамал Касаева
Просмотров материала: 2 545