Оңтүстік Қазақстан дегенде кез-келген жанның көз алдына қонақжай, жүздері күлімдеп тұратын, бәрін туғанындай көріп, құшағына алатын жайдары жандар мекені әсем де шуақты Шымқаламыз елестейтіні анық. Шымкент қаласы – терең тарих қойнауынан ойып орын алған, сан жылдық тарихы бар көне қала, оңтүстіктің жүрегі.
Тек Шымкент қаласы ғана емес, оған қарасты барлық қала, ауыл-аймақ сонау тарихтан сыр шертетін асыл мұраға толы. Оңтүстік көзін аша түссең, мөлдір суы сарқылмайтын бұлақ секілді.
Айтпағым, бұл мекен өте көп зерттеуді қажет етеді. Қазақ халқының басынан өткен қиын-қыстау жаугершілік кезеңнен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күндерден, қазақтың кешегісі мен бүгініне дейінгі кезеңді баяндайтын дүниелер жетерлік.
Уақыт өткен сайын біраз аумақ зерттеліп, жаңа орындар табылуда. Түркістан қаласының өзінде зерттелуге тиісті 200-ден астам орын бар деседі.
Өздеріңізге белгілі, Түркістан – Қазақстанның, күллі түркі жұртының рухани астанасы. Екінші Мекке атанған – киелі қала. Мұнда түркі перзенттері көзінің қарашығындай сақтаған құнды мұра Қожа Ахмет Йассауи кесенесі орналасқан.
Сондай-ақ оңтүстік өңірде Қазығұрт, Отырар, Сауран сынды тарих теңізінде сырға толы қасиеттерімен орын тепкен өңірлер баршылық. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе, өзіме «Туған өлкемнің өркендеуіне қалай үлес қоса аламын?» деген сауал қойдым.
Сөз басында айтқанымдай, Оңтүстіктің әрбір тау-тасы тарихқа, кесенелері сәулет өнеріне бай. Соларды түркі халықтарына ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі етсек екен деймін. Оған жүз пайыз мүмкіндігіміз бар. Ол үшін, ең алдымен, туризм саласын дамытуды қолға алып, осы істі өрге домалатуымыз шарт.
Туризм саласындағы мамандар, өкінішке орай, біздің елде аз, дамуы баяу. Сондықтан мектепті әне-міне бітіргелі отырған мына біздер мамандықты дұрыс таңдауымыз қажет. Елімізге қажетті, заман талабына сай, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіміз керек.
Бұл – елімнің тұтқасы болып қаланып келе жатқан менің өз өлкемнің өркендеуіне қосқан алғашқы үлесім деп білемін.
Сонымен қатар, әрбір өңірдің құпия сыры ашылмаған, әлде де терең зерттеуді қажет ететін орындары жетерлік. Менің туған қалам Түркістанда Оңтүстік тұрғындарының көбі біле бермейтін жерден өзі атқылап ағып жатқан жылы су орны бар. Иә, иә, жылы да ыстық су.
Ол көптеген асқазан, ішек ауруларына ем дегенді естігенім бар. Тегін ағып жатқан су болғандықтан, ол маңайда моншалар көп. Онда барған халық денсаулығын реттеу үшін емдік суды ішіп, арнайы ыдысқа құйып алып кететіндері де бар көрінеді.
Өкінішке орай, сол судың құрамы, қандай ауруларға ем екендігі, оны қабылдаған адамның ағзасына қалай әсер ететіні әлі күнге зерттеліп, нақтыланбай келеді. Бұл судың тағы да қандай пайдасы бар екенін білу үшін ғалымдардың зерттеу жүргізгенін қалар едім.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елімізде асқазан, ішек аурулары күннен күнге артуда. Егер осы суды зерттеп, қажетіне қарай өңдеп шығарсақ, бір жағынан, күн сайын қымбат дәрі алуға қаржысы жетпейтін қарапайым халық үшін үлкен көмек болар еді.
Бір жағынан, Оңтүстік өлкеміздің экономикасына оң ықпалын тигізер еді.
Оңтүстік өлкесінің өркендеуінде бау-бақша дақылдарын экспорттаудың да пайдасы зор болар еді. Толығырақ баяндасам, Оңтүстік ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық үлесін арттыру. Климаттық жағдайға байланысты өңіріміз ауыл шаруашылығының барлық бағытын егіп, игеріп, өндіріп, дамытуға қауқарлы.
Ресейдің кейбір сауда орындары жақында бау-бақша өнімдерін тұтыну туралы Оңтүстік Қазақстанмен келісім-шартқа қол қойды. Жеміс-жидектерді тек Ресейге емес, тереземіз теңесіп келе жатқан кез-келген мемлекеттің нарқына шығаруға жол тапсақ, ел экономикасына көп пайда түсірер еді.
Бұл істі оңтүстік, солтүстік, батыс болып бөлінбей, білек сыбана кіріссек, тек оңтүстік қана емес, бүкіл Қазақстан бұдан да биікке, зор жетістікке қол жеткізер еді.
Сонымен қатар, қала тазалығына ерекше мән беріп, қаламыздың, өз өңіріміздің жасыл желекке айналғанын қалар едім. Жасыл желек адам өміріне ең қажетті оттекті бөліп шығаратыны анық. Жақында теледидардан экологиялық зардап шеккен Қазақстандық қалалардың тізімін көрсетті.
Сол жерде біздің оңтүстіктен Түркістан қаласының корсеткіші өте жоғары - 94 пайызды көрсетіп тұр екен. Ортақ шаңырағымыз – Оңтүстік Қазақстанның тазалығы, жасыл желекті аймаққа айналуы айлық шаралармен, көктемде ғана жүргізілетін маусымдық істермен шектеліп қалмауы керек.
Өзін, отбасын сыйлайтын әрбір тұрғын өз өңірінің тазалық жұмыстарына жылдың барлық мезгілінде атсалысуы қажет. Ортақ мекеніміздің тазалығына, оның өркендеуіне барлығымыз жауаптымыз.
Қазақтың кемеңгер тұлғасы, біртуар азамат М.О.Әуезов «Қай істің болмасын өнуіне үш шарт бар. Ең әуелі – ниет керек,одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деп айтқандай, еліміздің бүгінгі күнге дейінгі бар жеткен жетістігі ауызбіршілігіміздің арқасы емес пе?! Осы ұстанымды санамызда мықтап ұстасақ, алар асуымыз алда.
Менің қазіргі айтқанымның бәрі көп болып бітірер іс. Ал өзім жеке санасы қалыптасқан жас ретінде еліме, туған өңіріме қалай пайдамды тигіземін? Отан алдындағы перзенттік борышымды өтеу арманым. Бірақ қалай?
Өз ішкі түйсігіме сенер болсам, ел дамуына қосар үлесім мына қолымдағы қалам мен ақ парақтың демеуімен болмақ. Себебі болашақта «Оңтүстігім – жүрегім» атты кітап жазу арманым, алдыма қойған мақсатым. Көптің көңіліндегіні, өз жүрегімдегіні хатқа түсіру арқылы пайдамды тигізгім келеді.
Бұл кітапта қазақтың салт-дәстүрінің кешегісі мен бүгінгісін, жергілікті жердегі атаулардың шығу тарихын, халық арасында айтылып жүрген ауыз әдебиеті үлгілерін, оңтүстіктен шыққан ақындар мен шешендердің кестеленген әсем сөздерін жинақтап, жүйелеп жазамын.
Туған өлкеме деген перзенттік борышымды ата-баба қалдырған көсем сөз, өрнекті ойларды жинақтап, барша халқыма таныту арқылы өтегім келеді. Оңтүстік туралы, оған деген махаббатым туралы жаза берсем, түгесілмек емес.
Алдағы уақытта бұл арман-мақсатым жүзеге асса, көптің елге істеген жақсылығының бір пайызын ғана құрамақ. Мына кеудемде жұдырықтай жүрегім дүрсілдеп тұрғанда, өңірімнің барлық жағына дамуына үлесімді қосарым хақ!
Анам маған үнемі «Жасаған жақсылық ісің болса, еш уақытта дауыстап, міндет етіп айтушы болма» деп айтып отырады. Бұл сөздер тек адамзат баласына жасаған жақсылық туралы ғана емес, туған жер, туған елге жасаған қызметім туралы екен-ау.
Елге қандай да пайдам тисе, сырттан қарап бақытқа бөлену деген сөзбен жеткізу мүмкін емес сезім секілді. Мойныма осындай жауапкершілік алу үшін әлі баламын деп ойлаушы едім. Қателесіппін. Туған өңірге еңбек еткің, оны биікке көтергің келсе, алапат күштің де қажеті жоқ екен.
Тіпті жас мөлшері де маңызды емес екен. Тек туған еліңе деген махаббатың жүректе таза ниет, пәк күйінде, елге деген сүйіспеншілігің шынайы, адал күйінде сақталғаны да жеткілікті екен. Өйткені ондай жүректен болашақта еліне, халқына қызмет етер саналы тұлға қалыптасары хақ.
Мен туған жерімнің әсем табиғатына, иманды халқыма қалай етсем пайда тигіземін деп, шамамның жеткенінше қара сөзден маржан тізіп, жүректегі еліме деген бар сүйіспеншілігімді жеткізуге тырыстым.
М.Әлімбаев «Жақсылық жасаған адам ұзақ өмір сүреді» дейді. Еліме жасаған жақсылықтар менің өміріме жарық сәулесін түсіріп, алға жетелер, сол жарықтың ізімен жүре отырып, бір ізгі істің соңынан екіншісіне жолығармын.
Сонда менің өмірім нұрға толып, халқым жеткен жетістіктермен масаттанармын, мақтанармын. Қазақ халқының қаншалықты ұлы халық екенін, дана халық екенін, кеудесін ешкімге бастырмас батыл халық екенін мақтан етіп отырармын.
«Отан - оттан да ыстық» деген дана халқымыз, адам баласының жүрегінде, ең бірінші, ақ сүт берген туған анасына деген сезім орын алса, екінші, Отанға деген жалынды, ыстық сезім орын алады екен.
Мен өз Отанымды, туған жерімді, құдіретті елімді сүйемін және мақтан етемін. Атам қазақ «Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деп бекер айтпаған.Өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосам деп сеніммен айта аламын.
Қызсұлу ҚЫДЫРБАЙ
11-сынып оқушысы
Т.Бигелдинов атындағы
№16 жалпы орта мектеп
Оңтүстік Қазақстан облысы
Түркістан қаласы
Жетекшісі: Гүлсім Елғонова
Просмотров материала: 2 708