Біздің әулетіміздің тарихы өзім туып-өскен Ақтөбе өңірімен тығыз байланысты. Атамның айтуынша, ата-бабаларым көршілес Орынбор облысы мен Арал теңізінің арасындағы ұлан-ғайыр жерді алып жатқан осы киелі өлкені бағзы заманнан мекен етіп келген.
Ақтөбе – Қазақстанның батысында орналасқан, ел аумағының оннан бір бөлігінен астам жерін алып жатқан, аумағы жағынан республикада екінші орын алатын алып өңір.
Соңғы ғылыми зерттеулерге сәйкес, Еуропа мен Азия шекарасы Жем өзенінің бойымен өтеді деген пікір басымдық алып келеді. Демек, Ақтөбе қос құрылықтың тоғысқан тұсында орналасқан, Батыс пен Шығыс өркениеттерін ежелден бойына сіңірген алтын көпір іспетті.
Қысы қатал, жазы ыстық өлкеміз ежелден көшпенді тұрмысқа қолайлы болған. Еліміздің басқа өңірлеріндей үлкен қалалары, дамыған отырықшы мәдениетінің болмауы осымен түсіндірілсе керек.
Осы аймақта көшіп-қонған ежелгі арийлер, сарматтар, ғұндар, түркілер, берідегі оғыз және қыпшақ тайпалары номадтардың көшпенді өмірге адалдығын күні кешеге дейін сақтап келген.
Өңіріміздің әр қиырының табиғаты да өзіндік ерекшеліктерге толы. Солтүстігі орманды-нулы, өзен-көлді болып келсе, оңтүстігі шөлді, құмдақ жерде орналасқан. Анам туып-өскен Мұғалжар жері тау-тасты болса, әкемнің кіндік қаны тамған Шалқар жағы шет-шегі көрінбейтін кең дала дерсің.
Жем мен Қарғалы өзендеріне шомылып, Шалқар көлінің сұлулығын көріп өскен мен үшін туған өлкемнің қай қиыры да ыстық. Осындай өлкеде шынығып өскен адамдардың да осал болмасы анық. Ақтөбе топырағынан түлеп ұшқан талай тұлғалар еліміздің дамуына әрдайым зор үлес қосып отырған.
Олардың арасында Кіші жүздің төбе биі Әйтеке, дәулескер күйші Қазанғап, мемлекет қайраткерлері Ұ.Құлымбетов пен Т.Жүргенов, батыр апамыз Әлия, Жұбановтар әулетінен шыққан Құдайберген, Ахмет, Ғазиза, ақын-жазушылар Т.Ахтанов пен Қ.Шаңғытбаев, кезінде «кіші Жазушылар одағы» атанған Байғанин ауданынан шыққан ақындар Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Бәкір Тәжібаев, Сәбит Баймолдиндер бар.
Ақтөбе – батырлар мекені, батырларын қадірлейтін мекен. Қос Есет, Қобыланды, Бөкенбай мен Әлия, басқа да көптеген батырлардың ескерткіштері мен кесенелері өткен күндердің куәсіндей болып мен мұндалайды.
Өзім тұратын Ақтөбе қаласы көшелерінің көпшілігі ел қорғаған ерлердің есімдерін иеленген, ескерткіштер де негізінен солардың құрметіне тұрғызылған. Қаланың қақ төрінде шешуші Аңырақай шайқасының бас сардары Әбілқайыр ханның ат үстіндегі алып бейнесі орнатылған.
Ата-бабаларымыздың ісін ұрпақтары бейбіт заманда лайықты жалғастырып келеді. Бүгінде облысымыз экономикасы жан-жақты дамып келе жатқан өңірлердің бірінен саналады. Мұнда өндіріс те, ауыл шаруашылығы да, құрылыс та, шағын және орта кәсіпкерлік салалары да қарқынды даму үстінде.
Өлкеміз пайдалы қазбаларға аса бай: бізде мұнай мен газ, алтын, мыс, темір мен басқа да металл түрлері өндіріліп, өңделеді. Ал хром қоры бойынша Ақтөбе облысы Оңтүстік Африка Республикасынан кейін әлемде екінші орын алады. Бірақ біздің хромымыздың құрамы әлдеқайда бай саналады.
Облыс экономикасының дамуына ірілі-ұсақты мұнайгаз компаниялары, хром қосындылары, заманауи ферроқорытпа және рельс-арқалық зауыттары, Дөң кен-байыту комбинаты сынды алып компаниялар зор үлес қосып келеді.
Тәуелсіздік жылдары салынған Хромтау-Алтынсарин, Бейнеу-Шалқар-Сексеуіл-Жезқазған темір жолдары, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі облысымыздың транзиттік әлеуетін еселеп арттырды.
Облыс өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес аймақтарға, алыс-жақын шетелдерге де өнім жөнелте бастады. Бұл жетістіктерге облыстың отандық және шетелдік инвесторлар алдындағы тартымдылығы зор сеп болып отыр.
Сүйікті қалам Ақтөбе – Қазақстанның ең ірі қалаларының бірінен саналады. Кезінде қаланың ескі бөлігіндегі үлкен төбенің басында шағын бекініс ретінде салынған қалашық бүгінде ірі мегаполиске айналып келеді.
Кеңес Одағы тұсында қатардағы облыс орталығы саналған қала бүгінде жарты миллионға жуық халқы бар, құрылысы ерекше қарқынмен жүріп жатқан әсем қалаға айналды. Көшелері кең, өзіндік сәулеттік бет-бейнесі айқындалып келе жатқан Ақтөбеде қолайлы өмір сүру үшін бар жағдай жасалуда.
Содан болар, халықтың табиғи өсімімен қатар, қала көршілес аймақтардың тұрғындарын да өзіне магнитше тартуда. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе еліміздегі төрт агломерацияның бірі болып белгіленді.
Бұл дегеніміз - қала мен оның жапсарлас аймақтарында болашақта миллионнан астам адам тұрады деген сөз. Еліміздің батыс өңірінің орталығы болу мәртебесі біздің қаламызға бұйыруы бойымызға қуаныш сезімін ұялатады және үлкен жауапкершілік жүктейді.
Агломерация мәртебесі экономика ғана емес, мәдениет, спорт, әлеуметтік, инфрақұрылым салаларын дамыту міндетін де қояды. Осы бағытта атқарылып жатқан істер көңіл қуантарлық.
Облыс орталығында соңғы екі-үш жылдың өзінде салынған Шығармашылық академиясы, Өнер орталығы, мешіттер мен мектептер, «Жұбановтар әуені» музыкалық орталығы, Жекпе-жек сарайы, хоккей модулі мен жабық футбол алаңдары, 50 метрлік бассейн, еліміздегі бірегей жедел-жәрдем стансасы, биыл пайдалануға берілетін облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Аналарға тағзым» атты мұражай, теннис орталығы, Мұз сарайы, Неке сарайы сияқты еңселі ғимараттар қаламыздың көркіне сән қосып, жастардың жан-жақты дамуына жағдай туғызып отыр.
Ақтөбе-Атырау-Хажы-Тархан тас жолының күрделі жөндеуден өтуі барыс-келісті жеңілдетіп, облыстың экспорттық мүмкіндігін арттырары сөзсіз. Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген осы келелі істерге ел ағасы Бердібек Сапарбаевтың мұрындық болғанын айта кеткен жөн.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге келген кезекті сапарында өлкемізге «Ақтөбе – құтты мекен» деген анықтама берген еді. Қазір бұл сөздер облыс жұртшылығы арасында кең қанат жайып, шындыққа айналды.
Қазіргі заманда «Мемлекеттердің дамуын қалалар анықтайды» деген қағида қалыптасты. Менің туған өлкем де Қазақстанның басқа аймақтарымен жарыса дамып, елімізді ілгері сүйрейтін локомотивтердің біріне айналады деген сенімдемін.
Қаламыз ғана емес, шалғай ауылдар да заман ағымына сай дамуын тілер едім. Осы турасында былтыр елімізде тұңғыш рет өткізілген жерлестер форумы игі бастама болды. Әлем мен еліміздің түкпір-түкпіріне тарап кеткен 300-ден астам танымал ақтөбеліктер «Туған жер» жобасы аясында құны 5 милиард теңгеден асатын 610 жобаны іске асырып, күллі республикаға үлгі болды.
Бұл биыл да «Мен ақтөбелікпін!» ауқымды жобасы арқылы жалғасын табады. Осы өңірден түлеп ұшқан әр адам қолынан келген көмегін беріп отырса, өлкеміз гүлдене түсер еді.
Біздің отбасымыз да облыстың дамуына әр салада үлес қосып келеді.
Марқұм атам Әбдіқани Аймағамбетов еңбек жолын Шалқар аудандық газетінде тілші ретінде бастап, кейін жауапты хатшы, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі секілді жауапты қызметтер атқарған, өмірінің 40 жылдан астамын сүйікті мамандығына арнаған жан.
Әжем Балсұлу Әбдікәрімова да - мен үшін үлкен мақтаныш. Ол Шалқар аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында экономист, бөлім бастығы, есептеу стансасының бастығы, кейін Ақтөбе қаласындағы №3 автокөлік басқармасының экономисі, жоспарлау бөлімінің бастығы, кәсіподақ ұйымының төрайымы, партком хатшысы, кәсіпорын басшысы қызметтерін атқарған.
Менің әжем – КСРО тұсында Қазақстанда автокөлік кәсіпорнын басқарған жалғыз әйел адам. Әкем - аудармашы, анам - мектепте ұстаз болып қызмет етсе, әпкем Айнұр химик-технолог мамандығына оқып жүр.
Болашақта мен де биолог мамандығын алып, осы мамандық арқылы қаланың дамуына өз үлесімді қосуға ниеттімін. Себебі Ақтөбенің даңқты перзенттерінің ісін абыроймен жалғастыру - мен сияқты жастарға аманат.
Айдана ӘБДІҚАНИ
11 «а» сынып оқушысы
№10 орта мектеп
Ақтөбе қаласы
Жетекшісі: Мейіргүл Балтабайқызы
Просмотров материала: 12 112