2016 жылдың күңіренген күзі. Мұң жамылған, тұңғиық тылсым сырға толы жапырақтар тізбегі бейне бір сағыныш хаттары іспетті. Ақ қайыңнан саудырап түсіп жатыр...
Қаулаған гүл, қара жер қойнауына еріксіз сүңгіп, аяқ астына тапталып, кешегі жайқалған жасыл шалғын қурап жаншылған. Бейне бір, құстар үнінен еріксіз мүлгіген ауыл тынысы тарылғандай. Түнек тынған күн болатын.
Таң атып, кеш қарайған шақта, тұңғиық бір түнекке еліткен, терезе саңылауынан сұқтана төнген сәулелі нұрдан еш жылу таба алмай, жарасымы ғайыптық күй кешіп жүрмін. Себебі, ардақты асқар тау әкемнің дүние салғанына екі жылдың жүзі болған.
Аяулы, арқа сүйер анашымның, қаладағы емханадан келер күнін санап, жолын тосып жүрген кезім. Қала жақтан сыры ұшып, сүмектей сүйретілген сары автобус, аялдамадан сәл аса бере тоқтады. Үміттене, үздіккен жанарыма үш қара көрінді. Бір әйел мен екі ер кісі.
«Бұл кім болды екен?» деп таңдана қарап тұрғанымда қабырғалас көршім «Мынау сенің туыстарың емес пе?» деді. Ести сала ентіге жүгіріп, қонақтармен амандасып, қолындағы жүктерін көтеріп, жәрдем етуге асықтым.
Бұл үштіктің қаралы хабарды да арқалап келе жатқанын қайдан білейін...
Үйге келе сала телефон желісінің тетігін сан мәрте бұрады да, әлдекімдермен күбірлей сөйлесті. Сәлден соң үйге жұрт жинала бастады. Жүрегім бір жамандықты сезгендей бір сөзді әлденеше қайталап:
- Анам. Анашым қайда? - дедім.
- Ботам, алтыным... Сен, ақылды баласың ғой. Сен бәрін түсінесің, солай емес пе?
- Ия, Гүлнар тәте. Бірақ анашым қалада ғой. Неге бірге келмедіңіздер?!
- Ақылдым сол, сенің анаң...
- Тәте, анама не болды? Анашым қайда? Жайшылықта келмейтін мына жұрттың бәрі неге үйге жиналып жатыр? Айтыңызшы...
Сәл кібіртіктеп, "жаным-ау менің. Анаң сәл ауырыңқырап келе жатыр. Күт" деді де, тұншыға жылады. Үрей құшағында сансыз ой арпалысып, маза берер емес. Алыс-жақын, мен білер-білмес жандардың біздің үйде бас қосқаны ұнамай тұр. Шақырусыз қонақтарды күту шаруасымен жүргенде кеш қарайды...
Есік алдына ақ түсті жедел жәрдем көлігі келіп тоқтады. «Анашым келді» деп қуана жүгіре жөнелгенімде, қаусыра ұстаған көрші Қанат аға әрі қарай жібермеді. Сол аралықта жоқтап жылаған дауыстар естілді. Қанат аға да үнсіз қостап «Балапаным-ау, Жаратқанның алдында не жазығың бар еді?! Анаңнан айырылып қалдық» дегенде, үстіме мұздай суды құйып жібергендей күй кештім.
Аза тұтқан екі күннен соң қаумалаған қауым кілт тынып, ақ кебін жабынған табыт көтерген, ақ сәлде киген пенделер жазық алаңқайға анамды алып шықты. Жазмыштың заңды құбылысына көндіге алмайтын, жер бауырлап жылаған жетім жүректің жасы көпті бей-жай қалдырмағандай. Жұбанышты сөзін жаудырып, жұбатып әуре.
«Фәни мен Бақи сынды екі әлемді мекен еткен әр пенде ерте ме, кеш пе, өлімнің дәмін татары анық! Сондықтан, бүгін жантәсілім етіп, жалғаннан шын дүние мекеніне аттанған игі жақсымызды еске алып, дұға етейік, құрметті жамағат» деп ұлық сөйлеген имам, «Қане, бұл кісі қандай адам болып еді?» - деп сұрағанда, бәрі жамырай "Жақсы жан еді" десті.
Аяқ-қолды дәрменсіздік билеп, сұлқ тұрған күйі қаттым да қалдым. Мұң артқан мұнарлы көш көз алдымда ұзай берді. Сәл уақыттан соң біздің үйді бетке алған манағы қара қайта көрінді. Есеңгіреп жүргенде қабір басына бара алмаған ескінің адамдарына «Марқұмның мекенін жұмақтан еткей, жұбайының жанына қойдық» дегені санада ұмытылмастай сақталып қалыпты.
"Жалғыздың жары Құдай" деп Жаратқанға тапсырған дүйім жұрт тарқасып, адам аяғы басылған соң анам жерленген зиратты бетке алдым. Күн қызарып, қызыл іңіріне асыққан шақ.
Асқар тау, асыл әкемнің зиратын білуші едім. Жүріп келемін, жүріп келемін... Ата-анам «Жалғызым, ботам» деп, алдымнан құшақ жайып қарсы алатын тәрізді. Жете салысымен әкемнің оң жақ қапталынан орын тепкен ана бейітін көргенде ет жүректі езген ыстық жас жанардан төгіліп, керең жерге лық етті.
Өксігін баса алмай өксіген жүректен әрең сусыған қол мөлтілдеген мөлтек жасты жасырып әуре. «Әттең» деп ботадай боздаған жетім үнін ессіз өмір елемей, жұтымыр жер қостап тұрғандай көрінді. Жол бойы жылап келемін. Үйге жете қараңғы, ең түпкі бөлмеге ентіге кірдім. Буылтық болып іскен жүзден әр, сұлбадан әл кеткен қалпы көзім ілініпті. Сол күннен бастап бір ғана түс көремін...
...Көк майсаны желек еткен, өзеннің арғы жағында, ұлы мен қызының қызығын қызықтап отырған әке-шешемді көріп, жүздерін жүзбе-жүз көруге асықтым. Бұйра толқынын жарға соққан жылымық тұнған көлшікті кешіп өткім-ақ келеді. Жүрген сайын тереңдей түсетін, жүзген сайын алыстап, жеткізбейтін арғы жағалауға жетуге шамам жетпей, кері қайтамын үнемі.
«Жаратушы ие әрбір пендесінің маңдайына бұл жарық дүниеде не істеп, не қоятынын жазып қояды» деседі. Мендік пайымдағы «Өмір» керемет, театр іспетті. Ең шебер режиссердің өңдеуінен өткен тағдыр туындысын сомдаушы - біз, пенделер.
Сәнді безендірілген уақыт сахнасында бірде аш, бірде тоқ, бірде бар, бірде жоқ, дүрбелеңге толы дүние-дүбір сынынан сүрінбей өту міндеті тұр. Таңертең жесір әйел, түсте балалығын ұмытқан оқушы, ал кешке еркелікті білмейтін ересектің рөлін сомдау бұйырыпты. Қолда тұрмас сынап уақыт сырғып өтіп, жансыз ана бейнесін құшақтаған күйі мен қалдым.
Қан сорғыш сүліктей, қадалған жерден қан алмай тынбайтын, намысына тисе қамшы көретін, албырт көңілде сағым жасқаған ана бейнесі. Өңімде де, түсімде де бірге. Үнемі жанымда жүргендей сезілетін.
Жалған заман көшін сүйреп, анамның дүние салғанына міне, екі жылға таяпты. Балапаннан бау тағып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, алғашқы қоңырау сыңғырында ет жүрегі елжіреп, тілеу еткен тірегі едім.
Анасыз соғылған соңғы қоңырау төрінде тұрмын. Жұрт қуаныштан еріксіз көзіне жас алса, мен сіздерді сағынғаннан егілемін. Болашақтың жарқын боларына сенгім-ақ келеді. Бірақ, сене алмай тұрмын...
Ерсұлтан БҰҚАРБАЕВ
11 сынып оқушысы
№7 мектеп-гимназиясы
Рудный қаласы
Қостанай облысы
Просмотров материала: 2 263