Ауыл десе көз алдыма атам мен әжем келеді, атамның жантайып алып, ет бөліп "мынау таңдай саған, таңдайың тақылдап, әнші бол, мынау тіл саған шаршы топта, сөз бастар шешен бол, мынау саған көз, сен менің көзімнің қарашығысың" деп немерелеріне тамағын ыстық ықыласпен таратып отыратын.
Көк тарғындай көктемде,
Сағым қуған ауылым.
Алыс сапар шеккенде,
Сағындарған ауылым.
Ж.Бейсенов
Сол кезде ол ет одан да дәмді болып, бір мәртебең көтеріліп қалғандай сезінетінбіз. Апам екі білегін сыбанып, қазанынан қамыр түсіріп, барлығын дастархан басына жинап, мәре-сәре болып кешкі асымызды ішетінбіз. Атам мен әжемнің ықыласына бөлініп, рахаттана еркелеп, шынайы, таза махаббаты сезінетінбіз.
Ауылда барлығы шынайы, адамдардың көңілі де, пейілі де, еңбектері де адал, әрі мақтан етуге тұрарлық. Қаладағы жеңгелеріміз таңертеңмен тұруға, тиіп тұрған дүкеннен сүт сатып алуға қиналып жүрсе, ауылдағы келіндер таңертең ерте тұрып, сиыр былай тұрсын, бие сауып, таңертеңгі асты дайындап, қолдарына жусан сыпырғыны ұстап алып, үйдің есік алдын айнадай етіп ұстап отырады.
Қаладағы жеңгелеріміз балаларына "чупа-чупс" беріп, балаларының ұрты жасанды иістендіргіштер қосылған зиянды кәмпитке толса, ауылдағы жеңгелердің балаларының ұртын ауылдың иісі аңқыған, денсаулыққа пайдалы, баптап жасалған құртқа толтырады.
"Адамды адам еткен - еңбек" демекші ауыл тұрғындарының еңбегі адал, бас иерлік. Әжем тезекке таба нан көміп, ыстық піскен табанша нанды бөліп бергенде, қалада жеген круасандар мен үрлеп қойған бөлішкелер жолда қалады. Ыстықтай табанша нанға ортасына сары майды жағып жіберіп рахаттана жеген кезім мен тіл үйірген дәмі әлі есімнен кетпейді.
Ауылда таңертеңмен қайнаған қызу еңбек басталады. Қаланы да сүт-айранмен, құрт-ірімшікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл. Ауылда болашақ жоқ деп менсінбейтін қала тұрғындары сол ауылдың арқасында тоқ отырғандарын түсінулері керек. Жеп отырған ас атасы нанның өзі сол ауылдағы ағаларымыздың қара тері төгілген еңбегінің арқасында. Қырманға жиналған арпа-бидай қаншама күш пен еңбектің нәтижесі. Малды да бағып, көбейтіп, етпен қамтамасыз ететін де ауыл.
Жұмысы өте ауыр көкөніс пен жемістерді егіп, адамдарды дәруменмен қамтып отырған да ауыл. Көкөністі өсіру оңай емес, оны арам щөптен тазарту, түбін босату, суару, құрт түссе оны тазарту, піскен соң жинау – соншама еңбек пен төзімділікті талап етеді. Кешке осындай еңбекпен оралған ағаларымызды үйдегі тіршілікті жайғап отырған жеңгелеріміз күле қарсы алып, өзінің шаршағанына қарамастан ағамыздың шаршағанын басуға тырысады.
Ауыл тұрғындары осындай ауыр еңбек етіп жүрсе де жүздері жайдары, адамгершіліктері мол, қонақжай. Қала үйлерінің есігін қақсақ, не үшін келдің деп есікті ашпай сұраса, ауылда танымайтын жанның өзіне дастархан жаяды.
Міне осындай еңбек пен кеңпейілділікке қалай бас имейсің? Ауылды қалай керемет демейсің? Бала саны бойынша да алға шығып тұрған ауыл. Қалада машинамен кептеліс болса, ауылда топырлап ойнаған балалардың кептелісі көрінеді.
Ауылда шынайы еңбек бар, таза махаббат бар, атамыздың батасы бар, әжеміздің мейірімі бар, шуылдаған балалардың күлкісі бар. Қалада қанша барлық жағдай жасалған болса да, бәрі дайын болса да, ауыл тұрғындарына қарағанда жүйкелері тозған. Себебі шынайылық аз.
Қала тұрғындары таңертеңгі жұмысына барадағы кептелістің өзіне жүйкелерін тоздыртады. Сол бір жұмысқа барын салып беріледі де, ең басты сатыда тұратын міндеттерін ұмытып кетеді. Қарттар үйінде тұратын қариялардың көпшілігінің ұл-қыздары қалада қызмет атқаратындар. Ақталатындары сол бізге жұмыс керек, жан бағу керек. Ал көңіл сиса бәрі сиятынын олар ұмытқандай.
Ауылда қазір өзі қария болып отырған Бердікүл деген апай бар. Бұл кісі көп балалы ана. Бердікүл апайдың енесі он төрт жыл бойы аяқ-қолы істемей сал болып, төсек тартып жатып қалған. Бердікүл апай ол кездері отыздың үстінде болған екен. Бердікүл апайдың сабырлығы, енесін анасындай көруі, төзімділігі ерекше болды.
Енесін жас баладай күтіп, астына төсеген ақ жаймасын кірлетпеген екен. Қазіргі замандағыдай ол кездері "памперс" болмаған, барлығының орнын таза ықылас, енесіне деген мейірім басты. Енесі қою тамақ жей алмайтындықтан, әрбір берер тамағын ықыласпен дайындап беруден жалықпаған.
"Бердікүл апайдың үйіне қай кезде барсаң да жинақы, мұнтаздай таза, ауру, сал адам жатыр деп ойламайсың" деп ауылдағы үлкен кісілер үлгі етіп айтып жатады. Ол жылдары ауылда газ болмаған екен, бәрі еңбекпен, енеге де қарап, үйдегі бала-шаға, пісірілетін нан, сауылатын сиыр, жуылатын кір дегендей тіршілік.
Бірде үйге Бердікүл апайдың көршісі келіп, анаммен әңгіме айтып отыр екен. Сол әңгімесінен де естігенім Бердікүл апайдың адамгершілігі. Енесін он төрт жыл тек мейіріммен қарап, алғысын алған екен. Енесін көңілін сұрауға келген қонақтардың барлығы ақ жаймада жатқан енесін көріп, күтіп отырған келініне яғни Бердікүл апайға деген шексіз ризашылықтарын білдіріп қайтады екен. Себебі енесі тап-таза ақ жаймада ұйықтап, жанына керек барлық жағдай жасаулы болған екен.
Ауылымызда дәл осы апайдың жолын қуатын жеңгелерімізде баршылық. Мұндай мейірімді, адамгершілігі мол жандардың көп болуы ауылымыздың көркеюіне үлкен үлес қосары анық.
Мен өз ауылымда қазіргі күні болып жатқан тіршіліктер үшін қуанып қаламын. Себебі осыдан бес жыл бұрынғыны ауыл жағдайын қазіргі уақытпен салыстырып қарасам, әлде қайда жақсы жаққа өзгерген.
Осыдан бес жыл бұрын ауылда ешкім бие саумайтын, тек сиыр сауылатын, қазір сиырмен қоса бие сауылатын болған. Ауыл тұрғындары таңертеңгі асын саумал ішумен бастап, кешке асын сары қымыз сапырып отырып ішетін болған.
Ауыл жастары жылқы асырауға әбден әуестеніп, көкпарға жарысқа шетелге шығып жүргендері де бар. Жігіттер арасында жылқыны баптап, міну сәнге айналған. Бұрын ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр аяңтап қалғандай көрінуші еді, енді міне қазір ауылда қай үйге кірсең де қымыз, құрт, айран,ірімшік, боза толы.
Үйдің ішіне су кіргізіп, зәулім екі қабатты үйлер салынып, бұрынғы ескі жол жөнделіп ауылымыз әлде қайда көркейіп қалған. Әңгімемді ауылыма деген шумақ өлеңіммен аяқтағым келеді.
Ауылым менің тамаша!
Ауылымда қазынамыз қарттар барда
Келіндер сәлем жасап басын иген
Ізет сақтап , бойында иманы бар,
Үлкендердің алдынан жол кеспеген.
Ауылымды сағынып келгенімде
Тіршілігі ауылдың көз тартады,
Ақ орамал, ұзын көйлек киген жеңгем
Күбі пісіп, кесеменен айран берген.
Күн шуақты жағалап,
Әжелер отыр тізілген
Сексенге жасы келсе де
Ұршықтарын иірген.
Апыр-топыр балалар
Асықтарын шиірген
Бал-бұл жанған жүздерін
Шуағын шашып күн сүйген.
Еңбек еткен ағалардың
Маңдайдан тері төгілген,
Қамба толы ырзыққа
Алтын бидай төгілген.
Ауылымда бәрі бар,
Алма да бар, қарбыз да
Естен кетпес дәмі оның
Тіліңді шіркін үйірген.
Майы менен құрты бар
Күнге баптап кептірген
Жеңгелерге көп рақмет
Бабына оны келтірген.
Ауылым- алтын бесігім
Жүрегімді тербеген,
Ауылдың ыстық боларын
Бұрын қалай білмегем.
Оразбаева Камила Әсембекқызы
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Үлгілі ауылының тұрғыны
«Туған өлкем» («Менің Қазақстаным») жарияланымдар байқауы
Просмотров материала: 6 803