Қырына шықсам шолып шартарабын,
Кеудемді шабыт кернеп, артар ағын.
Тудырған батырды да, ақынды да,
О, менің қасиетті Қарқаралым!
С. Ләмбеков
Ескерткіштер – қоғам үшін маңызды тарихи дерек. Ол - өмірдің құндылыққа айналған бір бөлігі. Ерте кезден-ақ ескерткіштер өз ортасында әулие саналған ұлы адамдарды, халық жадында сақталып қалған тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туындылар болған. Дәстүр бойынша ескерткіштер дүние салған адамдар құрметіне салынған.
Қарқаралы - республикамыздағы тамырын тереңнен тартқан көне шаһарлардың бірі десек, бұл өңірден ежелгі тайпалардың қоныстары, тасқа салынған таңбалар, ортағасырдағы қалалар орны, бертіндегі бекіністер табылған. Қазірдің өзінде Қарқаралы аумағында мемлекеттік қорғау аясына алынған 309 тарихи-мәдени ескерткіштер бар.
Бұл тарихи ескерткіштер туралы шынайы деректерді кейінгі 300 жыл ішінде жазылған көптеген саяхатшы-жиһанкездер еңбектерінен табуға болады.
Қарқаралы қаласының тарихи ескерткіштері туралы тақырыпты таңдап алудағы мақсатым – ел мен жердің шежіресі – тарихи ескерткіштерді білу, қатар құрбыларымды өткенге, халқымыздың тарихына құрметпен қарау. Өйткені, Қарқаралының тарихы - таусылмас шежіре.
Қазақ халқының тарихи-мәдени орталықтарының бірі болған және болып келе жатқан Қарқаралы туралы айтар болсақ, оның ескерткіштерін баяндап, зерттесек, бұл барша Сарыарқа, барша қазақ елі туралы сөз қозғау, халқымыздың тарихын танып білуге аз да болса талпыныс жасау деген сөз.
Қарқаралы ескерткіштерін насихаттаудың таным-білімдік маңызын былай қойғанда, проблемалық мәні де көп. Өйткені, уақыт өткен сайын табиғатқа, тарихқа деген салқын, немқұрайды көзқарастар салдарынан көптеген тарихи, архитектуралық және табиғат ескерткіштері тозып, бүлініп барады.
Кейбірінің із-бедері өшіп-жоғалуға айналған (мысалы, «Қалмақ қорғаны»). Сондықтан, біздің алға қойған мақсатымыз - тарихи ескерткіштерімізді жоғалтпай, болашақ ұрпаққа мирас етуге шама-шарқымыз келгенше өз үлесімізді қосу.
Құнанбай қажы мешіті
Халқымыздың ұлы ақыны Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы ауданына 1850 жылдары аға сұлтан болып сайланады. Ол ел арасында өзінің атақ даңқын арттырып, билік беделін нығайта түсу үшін шариғат қағидасын дін күшін шебер пайдалана білген.
Сол себепті ну орманды тау қойнауындағы кішігірім шаһар Қарқаралыға мешіт салғызуды ниет етеді. Кейінде қаланың қанатындағы Қаратөбеге таяу биіктеу дөңестерде орын тепкен Құнанбай мешіті талайларға мәлім болғаны белгілі.
Қалмақ қорғаны
Қарқаралыдағы «Қалмақ қорғаны» - екі ғасырға созылған жоңғар-қазақ соғысынан қалған тарихи ескерткіш. Ұрпақтан- ұрпаққа жеткен аңызға қарағанда, ені 2-3, биіктігі 3 метрге жететін қорған қамалдың ұзындығы 5 шақырым болған.
Ежелгі «Қытай қорғаны» сияқты Қарқаралыдағы мұндай құрылысты тұрғызу үшін 100мың тонна тас плиталар қолданылып, мыңдаған адам тер төгіп, еңбек еткен.
Қазір осы тас қорғанның Қарқаралы қаласы маңындағы Таркезең, Кендара асуы арқылы өтетін жол бойында екі учаскесі ғана сақталған. Олардың ені 3-4, биіктігі 1метр.
Нұркен Әбдіров ескерткіші
Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіров Қарқаралы қаласының қазіргі Нұркен ауылында дүниеге келген. Ұшқыш шабуылшы Нұркен 16 рет шабуылға қатысып, жаудың 12 танкісін, 28 жүк машинасын, оқ – дәрі тиеген 18 машинаны, қажетті барлық құралдарын жойып жіберген.
Соңғы рет 1942 жылы 19 желтоқсанда жауынгерлік тапсырмасын орындау кезінде жалынға өртенген ұшағымен жау техникасын өртеп, қаза тапты. Нұркенге туған ауылында мәдениет үйінің алдында ескерткіш қойылды.
Ал 2002 жылы Нұркен Әбдіровтың ерлік жасағанына 60 жыл толу мерекесіне орай туған жеріне самолет қойылды.
Қасым ескерткіші
Қасым Аманжолов – қазақтың аса көрнекті дауылпаз ақыны. Ол жас кезінен-ақ халықтың бай ауыз әдебиетін, Абай поэзиясының ұлылығын табиғи дарынымен, ішкі түйсігімен бойына дарытты. Орыс пен шығыстың классикалық әдебиет үлгілерін қазақ тіліне аударған аудармашы.
Ақынның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы мәңгілік достық пен махаббатты, адалдықты жырлаған тамаша өлеңдері – мәңгі өлмейтін туындылар.
1991 жылы Қасым Аманжоловтың туғанына сексен жыл толуына орай оның туған жері Қасым ауылында ақынға еңселі ескерткіш қойылды. Талғампаздық пен көркем салынған ескерткіш – ауылдың көркі.
Мәди Бәпиұлы
Халық композиторы, ақын Мәди Бәпиұлы Алшынбаев 1880 жылы Қарқаралы уезі Едрей болысындағы Үшқара деген биік қоңыр таудың баурайында дүниеге келген. Мәди тек өнер иесі емес, найзағайдай жарқылдап өткен сазгер, сері, ақын, өзгеден ерен биік өрелі азамат.
Жақсылық үшін жаралған нәзік жан зорлық-зомбылық, әділетсіздікке қарсы болды, ақыры сол қараниеттілердің қолынан қаза тапты. 1969 жылы ардагер азаматтың басына халықтың өз ұлына деген махаббатының белгісіндей еңселі ескерткіш «Мәлік сайында» орнатылды.
Осы зиратқа оның бет бейнесі салынып қойылған кешеніне «Халық Композиторы Мәди Бәпиұлына Қарқаралы қаласының тұрғындарынан» деп жазылған. Ал 2007 жылы Мәдидің қаны тамған жерге, қала орталығына Мәдиге ескерткіш бюст орнатылды.
Тәттімбет Қазанғапұлы
Тәттімбет Қазанғапұлы қазіргі Қарқаралы округінің Едрей болысында 1875 жылы дүниеге келген. Халық композиторы – күйші, шертпе күй орындау мектебінің негізін қалаушы. Тәттімбет – ел басқарған би, күйші, ақын, күй өнерінің қазақ жеріндегі тұңғыш тарланбозы.
Тәттімбет қазақ халқының аспапты музыкасында қоңыр күйлердің дәстүрін қалыптастырып, халқына телегей теңіз күй өнерінің мұхитын сыйлаған, тұтас бір мектептің ашылуына себепші болған. Қазақ күйлерінің алтын қорын байытқан.
Тәттімбет күйлері – күйшілік өмірдің қайнар көзі болды. 1984 жылы Егіндібұлақ селосындағы өлкетану мұражайының алдындағы орталық алаңда ескерткіш орнатылды.
Қазыбек би ескерткіші
Қазақтың даңқты үш биінің бірі Қазыбек Келдібекұлы – алты арыс Орта жүздің бас биі. Ол қазақ хандары Әз Тәуке мен Абылай заманында өмір сүріп, халқымыздың азаттық күресінде зор рөл атқарған. Жалпы қазақ халқының бірлігін ұлы билер Төле, Әйтекемен бірге жүзеге асыруға атсалысқан.
Қазыбек Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінде жерленген. 1995 жылы оның туып-өскен мекені – Қарқаралы ауданының Қаз дауысты Қазыбек ауылында үлкен ескерткіш орнатылды. Ескерткіште ұлы бидің халқының қақпақылға ауыр тағдыры туралы терең ойға шомғаны болашаққа деген сәулелі үмітпен астасқан сәті әсерлі бейнеленген.
Ескерткіш халықтың қаржысына салынды. Авторы белгілі мүсінші – Жаубасар Қалиұлы.
Потанин үйі
Григорий Потанин – атақты этнограф-ғалым, қазақтың ұлы ғалымы Шоқанның жан досы, пікірлес серігі. Омбы кадет корпусын бітірген. Көптеген ғылыми экспедицияларға қатысқан. Потанин 1913 жылы Қарқаралы қаласында, Қоянды жәрмеңкесінде болып, халықтың бай ауыз әдебиеті, мәдениеті, тұрмысы туралы материалдар жинады.
Қарқаралы қаласындағы қызыл қыштан құйылған еңселі ғимараттың сыртына «Бұл үйде 1913 жылы этнограф-ғалым Потанин болды» деген жазуы бар мемориалдық тақта қойылған.
Қазір аудандық кітапхана жайғасқан Потанин үйі - өзінің архитектуралық орындалысы жөнінен Қарқаралыда сақталып қалған сирек ғимараттың бірі.
Мартбек Мамыраев ескерткіші
Ұлы Отан соғысында Днепр өзенін алғашқылардың бірі болып өтіп, ерлік көрсеткені үшін, Кеңес Одағының батыры атанған жерлесіміз Мартбек Мамыраев, соғыстан кейін туған жерге сан рет келіп, елімен қауышқаны есімізде.
«Азалы Ана» ескерткіші
Қарағандылық атақты скульптор Анатолий Билык жасаған «Азалы Ана» деп аталатын жанында мәңгі алау оты жанып тұрған ескерткіш комплексі ерекше көз тартып,жүрек елжіретеді.
Оның ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген табан тұғырына қойылған тақтадағы «1941-1945жылдардағы Ұлы отан соғысында қаза болған қарқаралық жерлестеріміздің даңқы мәңгі арта берсін!» - деп жазылған.
Бүгінгі және келер ұрпақ осынау тарихи ескерткіштерді көре жүріп Ұлы Отан соғысына аттанған 2700 қарқаралықтардың оралмағандар 1100 ержүрек жерлестері алдында тағзым етеді. Иә, кең байтақ Қазақстандағы тарихи, мәдени шежірелердің көнекөз бір өнері Қарқаралы Сарыарқаның көркіне көз тоймаған жер жаннаты атауымен бірге табиғи тұтас ескерткіш сияқты.
Қазіргі таңда, қаланы одан әрі сәулеттендірудің әр түрлі жолдары қарастырылуда. Ертеден жеткен ескінің көзі бірнеше ғимараттарға өңдеу, жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қаламыз құлпырып келе жатыр.
Осы өңірден шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің суреттері ілінген «Батырлар аллеясы», «Қарқаралы-Байтерек» кешені бүгінде көпшіліктің қызықтап, тамашалайтын орындарына айналды. Сарыарқадан шыққан әскери ұшқыштарға арналып мемориалдық комплекс салынды.
Қарқаралы қаласын одан да көрікті де әсем қылып жайната беру үшін жанашыр ағаларымыз үнемі назарда ұстап, көңілдерін бөліп отыр. Демалушылар мен келген қонақтар, ХІХ ғасырда ағаштан өріліп салынған «Орманшының үйі» мен бертінде салынған «Табиғат музейін» өте қызықтап тамашалайды.
Қарқаралы - көрсе көз тоятын, қайталанбас көркі бар, көнеден жеткен сәулет, тарих ескерткіші болып саналатын ғимараттарымен, ерекше мейірім ұялаған келбетімен, жоғары мәдениеттілігімен келушілерді қуанта бермек. Тәуелсіздігімізді алғаннан соң, бірте-бірте тарихымызды қолға алып келеміз.
Сарыарқадағы көне шаһардың бірі – Қарқаралы жұмбақ өлке. Қарқаралының іргетасы қаланғанына 2018 жылы 194 жыл толды. Қарқаралының тарихын, ескерткішін зерттеп, сыр сандығын ашып, зерделеу, мәдени оқиғаларын тізіп жазып, оқып тану мен үшін бір асқан қуаныш. Тарихын өзім біліп қоймай, жер жүзіне менің Қарқаралым осындай,-деп паш еткім келеді, шексіз арманым үнемі қиялымды қытықтайды.
«Қараңдаршы, мынау біздің тарихымыз ғой, ескеріп, елеп, қастерлеп жүріңдерші, халайық!» - деп ескерткіштерді қапсыра құшақтағым келеді. Асылы Қарқаралы өңірі Сарыарқадағы тарихи жер болғандықтан, ол туралы ғалымдар, тарихшылар, жазушылар, журналистер бұрында талай рет жазғаны белгілі.
Алайда, бұрын-соңды жасалған ерліктерді, оны жасаған адамдарды шығарма, жырға қосу, ертегіге бергісіз ерліктерін бүгінгі, болашақ ұрпаққа жеткізіп, насихаттау бір күннің, бір жылдың ғана ісі емес, ерлік туралы жыр-дастандар ешқашан аяқталмай, жалғасын тауып, айтыла беруге тиіс.
Еліміз, жеріміз үшін күрескен батырларымыз, кемеңгер ақындарымыз алдында мен бас иіп тағзым етемін! "Халық бақыты үшін күрескен арыстарымыздың рухтары өлмейді де өшпейді. Тек ендігі уақытта сол сияқты нәубеттер кездеспесін, ағайын!" – дей келе, шығармамды дауылпаз ақынымыз Қасым Аманжоловтың мына тамаша жыр жолдарымен аяқтағым келеді:
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едін.
Нендей күйге жүрегімді бөледін?!
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем.
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
Айым ЖӘМШІБАЙ
11 «А» сынып оқушысы
О. Жәутіков атындағы
№1 орта мектеп
Қарағанды облысы
Қарқаралы қаласы
Жетекшісі: Қайрат Омарбеков
Просмотров материала: 8 609