Тарбиған Тарбағатай жердің құты
Төгіліп Бурабайға жатыр мұрты
(І. Жансүгіров)
Біздің ауыл аудан орталығынан шалғайда жатса да, өзіндік ерекшелігі бар. Қарапайымдылық пен мейірімділіктің қаймағы бұзылмаған, қазыналы қарттары бар, үлгі боларлық ел ағалары бар, тентегін «тек» деп түзеген әжелері бар, салт-дәстүрін ұстанған келешек ұрпағын түзу жолмен тәрбиелеп отырған ерекше ауыл десем сәбилік сөзімнің жоққа шықпасы анық.
Ауылдағы мектебіміз «Өкпеті» орта мектебі деп аталады. Ал осы Өкпеті - ауылымызға көрініп тұрған биік таудың аты. Заманнан-заманға, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, уақытпен бірге бізге жеткен бұрынғы жер атауларының шығу тарихы мен аңыздарға сүйенейік.
Иә, Орта жүзді құрайтын Арғын, Найман, Керей, Уақтың, Қыпшақ, Қоңырат толықсыған кезде, шығысы Алтай сағасынан басталып, батысы Жетісу өңіріне тірелетін байтақ жерде Найман елі мекендеген екен. Сонда Тарбағатай ата қонысы болып есептеледі. Шыңғысхан шабуылынан кейін атамекен жат жұрттың қолында қалған.
Содан жер аттары да солардың тіліне өзгерген. Яғни тарбыға - суырлы, тай-тау деп, содан Суырлы тау - Тарбағатай болып аталып кете барған. Басынан мұнар мен бұлт арылмайтын Өкпеті шыңы атылуға оқталып, атылмай шөкелеп қалған арыстан бейнесіндей болып көрінеді. Өкпеті атауы монғолша «өгіз жайылатын бет» деген атауды білдіреді екен.
Көнекөз қариялар әңгіме арасында: «Өкпеті тауына қараған адамның кеудесінің тынысы кеңіп, еңсесі көтеріледі. Ерекше бір рух, күш пайда болады, бұл өзі қасиетті тау» - дейтін әңгімелерін бертінге дейін естіп өстік.
Осыдан кейін «Е, біздің мектебіміздің балаларының көптеген үлкен жетістіктері осы әңгімемен тікелей байланысты екен-ау» деген ойға келдім. Бұл жайлы ауылымыздан шыққан жазушы Қайнар Олжайдың мақалаларында да кездеседі. Оның да себебі жоқ емес-ті. Мектебімізден түлеп ұшқан, қазір елге танымал шәкірттері қаншама.
Атап айтар болсам, айтыскер ақын Рүстем Қайыртайұлы, тележурналист Жанжігіт Омарханов, 31-арнаның тележүргізушісі Манас Қайыртайұлы, Мерей Қартов сияқты ағаларымызбен мақтана аларымыз анық. «Ауыл дегеніміз- халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміздің, дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнары» деген Елбасымыз Н. Ә Назарбаев. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы еліміздің, ұлтымыздың жаңғыруын көздеген.
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін, жаңаруын білдіреді. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жөн-жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Ал осы рухани құндылықтың тамыры- ауылда екен. Мен де өз ауылымның барына мақтана алатын ұрпағының бірі емеспін бе?!
Осы рухани құндылықтың негізі бізге мектебімізде қаланары анық. Мектебім туралы сөз қозғамасам шәкірттік тілегімнің, ниетімнің көрінісі қайсы? Мен ең бірінші мектеп туралы айтпас бұрын, қандай істің, қандай да бір мекеменің игілікті істері, жеткен жетістіктеріне тікелей сол мекеменің басшысының ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігінің қатысы бар деуші едім.
Өйткені біздің мектебіміздің игі істерінің басы-қасында жүретін, бірге көріп, бірге күлетін, жұмысына мығым, білгір де білікті басшымыз-Ақылбеков Қайыртай ағамызды үлкен құрметпен атап, ісін үлгі еткім келеді. Иә, үлгі етерлік, себебі отбасы жайлы айтар болсақ, айтыскер ақын Рүстемнің әкесі,4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, жетістікке жеткізген, ұлағатты әке.
Өткенде «Айтыскер» атты интернет порталында мектеп директоры Қайыртай Ақылбековтың сұхбатын оқып, жұбайы Айжан апайдың да өлеңге, суырып саларлық өнеріне таң қалдым. Менің жетекшім Райгүл апай: «Атқа мінсе жерін ұмытпайтын, таққа мінсе елін ұмытпайтын, басшы болса да түсін суытпайтын, таулар қанша биік болса да, табаны жерде тұрғанын есіне сақтайтын басшылардың болғаны ұжым үшін-зор жетістік. Мен де бұл кісіге кешегі шәкірті ретінде алғысымды білдіремін. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель»,- десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп кеткен екен.
Ендеше, менің құрметтейтін ұстазым өмірдегі үйренерім – қазақ тілі пәнінен сабақ беріп жетік меңгерткен - Зүбайла Сабиханова, Аманғайша Қабдолова апайларға рахметім шексіз. Адам өзіне ұстазын үлгі санап, үйренуге талпынса көздеген мақсатына да жетері анық. Мен де сондай жандардың қатарына Айжан Оралованы жатқызар едім.
Ол кісінің алғаш мектепке келген кездегі мұғалімдік келбеті әлі көз алдымда. Әрбір сабағы мен үшін керемет бір рухани күш беретін дүние боп саналатын. Өзім шебер де ұлағатты ұстаздарға ұқсағым келіп, арман жолын қуып мұғалімдікті таңдадым.
Менің есімде қалғаны, бастауыш сыныпта дәріс берген Айша апайдың әсерлі үнінен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен, әрбір оқушыға деген қамқорлығынан, аналық сезімінен дана ойдың ыстық лебі есіп тұратын еді...
Ыстық ықыласпен өтетін сабағынан кейін мұғалім болуды армандайтын ем. Оқуды бітіріп келіп, өзім білім алған мектебіме шәкірттік сезіммен имене басып кіргенім де есімде. Талап пен таланттың тұлпарын жетілдіруге қол ұшын беріп, еңбек баспалдағымның қалыптасуына жол сілтеген ұстаздарым да осы мектепте. Мың мәрте басымды иіп, рахмет айтамын. Арманым орындалып, міне бүгін мұғалім болғаныма да талай жылдар болыпты-ау!», - деп тебірене сөзін аяқтады.
Мен де жетекшімнің сөзіне ұйып отырып, «Менің үлгі етер ұстазымның ұстазы да керемет жандар екен- ау!» деген ойға келдім. Өзінен өзгенің биік болуын тілейтін екі жан бар. Оның бірі- ұстаз, ал екіншісі - әке. Ұстаз шәкіртінің өзінен озғанын қаласа, әке балаларының өзінен биік болуын қалайды.
Мен осы мектепте білім алып жатырмын. Жақсылық нәрін бойыма жинаған шәкірттік арман-тілегімді, өмірге деген құлшынысым мен көзқарасымды нақтылап, бір арнаға тоғыстырған ұстаздарыма алғысым шексіз. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық мамандық.
Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Мұғалімінің өзі жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жетуі мүмкін емес. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ұстаздықтың алдына қойған міндеті өте ауқымды: білім жүйесін іштей қайта құру жəне сол арқылы бүкіл қоғамдағы ағарту жүйесінің барлық аймағын өзгерту» деген.
Адам шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап өмірге деген құлшынысы басталары хақ. Жарқын болашақ үшін, әрдайым кемел келешектің кілтін жастардың қолына ұстатып жататын атадан қалған дәстүрімізді жалғап келе жатқан ұрпақтарымыз.
Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан қысқы демалыс та артта қалды. Ерекше бір қуаныш сезімі бойымды билеп, мектепке асыға басып келемін. Әне алыстан мектебіміздегі Мемлекетіміздің Көк Туы желбіреп, қуанышымды еселей түскендей. Жетекшіміз Райгүл апайдың алдынан жүгіріп шығып, мәре-сәреміз.
Тіпті демалыстағы қызықтарымызды жамырай айтып жатырмыз. Көздерімізде үлкен үмітпен ұстазымызды сағына қарсы алып жатқан бүлдіршіндік көңіл, шіркін! Бізді көріп ұстазымыздың да ынта жігерінің арта түскенін байқадым.
Дәл осы мезеттің өзі келешегіміздің кемелденіп, қуанышымыздың еселене түскенінің көрінісі-ау. Еліміздің жарқын болашағы үшін осы келешек ұрпақты білім нәрімен сусындатып жатқан ұстаз қауымының адал еңбегін айтпасқа болмас. Біздің ел-шынайы, ақылды, іскер адамды дәл танып,оны қадірлеп, қажет болар жерінде демеу бола білген ел.
Дүние жүзінде материалдық игіліктері бойынша дамыған елдердің қатарына енетін күндер де алыс емес. Армандарымыздың адастырмай тура жолдан тайдырмауын тілеген, тәлімі мен тәрбиесін үлгі еткен халықпыз. Өнегелі әңгімелердің бірінде:
Бірде қария жігітке:
— Арман деген не? — депті.
— Ата, арман деген қиял, — депті жігіт.
— Жоқ, балам, арман дегеніміз — ақыл-ойдың- шыңы. Құс — ұшсам дейді, бала — өссем дейді, қыз — көpiктi болсам дейді, жігіт — бақытты болсам дейді, қарт — жүзге жетсем дейді, ақылды — дана болсам дейді, ұстаз — шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмай кетеді. Ақымақтың арманы болмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді — депті қарт.
Осындай ізгілікті әңгімелерді жазудағы мақсатым, арманына ақылмен асыққан ауылдың қарапайым қызының ауыл жайлы жазары көп. Кейбіреулер ауылдың қызымын деп айтуға арланып, ұялып жатса мен мұны мақтанышпен айта аламын.
Өйткені көненің көмілмейтін асылдары бар, қазағымның, ұлтымның қаймағы осы ауыл екеніне күмәнім жоқ. Иә, осыдан кейін мен де өзімнің ішкі ойымды өлеңмен түйіндей бастадым:
Тарихыма тағзым етіп келемін
Елім енді түсірмесін беделін.
Кемелденген келешегі нық болып,
Елімнің мен ертеңіне сенемін!
Ендеше, сол асқақ армандарымыздың орындалуын тілейік. Биылғы алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы көрсеткіш көрсетіп, мектеп мерейін үстемелейік деп ырымдап бұл мақаланы да аяқтайын. Еліміздің тыныштығы мен болашағының жарқындығына, халқымыздың мерейінің үстем болатынына сенейік!
Іңкәр АБЫЛҚАСЫМОВА
Өкпеті орта мектебінің
11-сынып оқушысы
Шығыс Қазақстан облысы
Тарбағатай ауданы
Үштөбе ауылы
Жетекшісі: Райгүл Искакова
Просмотров материала: 4 495