Ұлттық тәрбиенің бастауы, қайнар көзі саналатын – әжелер өнегесінің қай қоғамда болмасын алар орны ерек. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды”, - деп атап өтіп, әжелер тәрбиесінің маңызын осылайша ашып көрсеткен.
Өйткені қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс ізге салуда, жеткіншіктерді жастайынан адами келбет ауанынан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықты әженің бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше десек артық болмас. Себебі, әжелер өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ғасырдан-ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі. Бұл - ұлттық болмысымызға тән қасиет әрі құндылық.
Осы орайда, қазақы қаймағы бұзылмаған Мақтарал ауданында Мақтарал аудандық ардагерлер кеңесі ұйымының жанынан ашылған аудандық «Әжелер алқасының» атқарып келе жатқкан жұмыстарын мақтанышпен айтып өтпеске болмас. Негізгі мақсаттары өскелең ұрпаққа әже өнегесін беру, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып, жастардың санасына сіңіру болып табылатын алтын құрсақты аналарымыздың бүгінде барлық ауылдық округтерде бастауыш ұйымдары бар.
Өйткені көненің көзі саналатын ақ самайлы аналарымыздың бүгінгі батысқа еліктеп ес жиып келе жатқан ұл-қыздарымызға берері мол. Сонау ықылым заманнан бері әр отбасындағы әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы деп есептелген қазақ қоғамында сүттің бетіндегі қаймағындай болған Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов сынды асыл тұлғаларымыздың тәрбиесінде Айғаным, Зере, Дінәсіл әжелердің сіңірген еңбегі, алар орны зор екендігі қазақ прозасынан белгілі.
Сондықтан, әже тәлімі мен өнегесі – қашанда тәрбиенің сарқылмас бұлағы, қайнар көзі болып табылған. Ал, әжелер даналығы – тіпті таптырмайтын философиялық ойлар мен күрмеуі қиын сұрақтардың шешімі десек асыра айтқандық емес.
Жастардың санасына ізгілік пен инабаттылықтың дәнін сеуіп, ибалы келін, көреген ана болуларына оң септігін тигізіп жүрген аудандық «Әжелер алқасы» ұйымының төрайымы Айжамал Ермаханқызы Қоңырбаева апамыз бүгінде мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Сонау 1942-жылы 29-қазанда бұрынғы Қызылқұм ауданы, Шолаққорған шаруашылығында дүниеге келген Айжамал апайымыздың жүріп өткен өмір жолы, бағындырған белестері мен қиындықтарға мойымай жеткен жетістіктері бүгінгі өскелең ұрпақ үшін өнеге боларлық құндылық. Өйткені қандыбалақ екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында өмір есігін ашып, балалық шағынан бастап еңбекке ерте араласқан апамыз бүгінде 2 ұл мен 3 қыздың ардақты анасы, 14 немеренің ақыл айтар шежірелі ақылгөй әжесі. Елінің сыйлы азаматшасы.
Жастайынан алғыр, тілалғыш болып өскен апамыз 1958-жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебін бітірген соң білімін жетілдіру мақсатында Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында оқып жүріп-ақ алдына биік мақсат қоя білген Айжамал Ермаханқызы өзінің қоғамдық және мәдени істерде белсенділігін көрсете біліп, қатарластарының құрметіне бөленеді.
Қол босаған сәттерде оқу бағдарламасынан тыс кітапханаларды аралап, білімін жетілдіреді. Жаңаша ізденіс жасайды. Осылайша өзінің табандылығының арқасында оқу орынын жақсы жетістіктермен тәмамдап, алғашқы еңбек жолын өзі білім алып, қанат қаққан Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Мұнда да білім беру үрдісінде тек оқулықпен шектеліп қана қалмай оқушыға түсінікті тәсілдерді пайдаланады. Нәтижесінде шәкірттері жоғары жетістіктерге жетіп, ұстаз үмітін ақтайды.
1964-жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Киров аудандық оқу-ағарту бөлімінде инспектор-әдіскер болып қызмет атқарады. Сол жылы коммунистік партия мүшелігіне кандидат ретінде де тіркеледі. Бір жылдан соң, яғни, 1965-жылы жас та болса ұйымдастырушылық қабілеті мен ізденімпаздығы, жеткен жетістіктері ескеріліп тұңғыш ашылған Жетісай педагогикалық училищесіне шақырылып, орыс тілі және әдебиеті пәнінен дәріс береді.
Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде табыстарға жетіп, аталмыш оқу орынының өркендеп-өсуіне елеулі үлесін қосады. Колледж қабырғасында еңбек ете жүріп аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс бірінші хатшысы, бюро мүшесі, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы болып жұмыс істейді. Тынымсыз адал еңбегінің арқасында аудандық атқару, комсомол комитеттерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, 1965-жылы коммунистік партия мүшелігіне қабылданды.
1965-1972-жылдар аралығында Жетісай аудандық партия комитетінің бас нұсқаушысы, үгіт-насихат бөлімдерінің меңгерушісі лауазымдарында болады. Ұстаздық еңбегі мен партиялық жұмыстарды ұштастыра отырып, қатар атқарған апамыз аудандағы барлық қоғамдық-мәдени жұмыстарға белсене қатысып, училище қабырғасында құрылған алғашқы ұлттық ән-би ансамбльінің мүшесі атанады.
Өнер ұжымымен бірлікте ауылдарды аралап, адал еңбегімен елдің құрметіне бөленген еңбек озаттары мен мақташыларға, шопандардың атарларына барып концерттік бағдарламаларын ұсынады. Ел аралай жүріп қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайында білімін жетілдіріп, ел арасында ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан ауыз әдебиеттермен, ертедегі қазақ қыздары мен аналараның болмысымен танысады.
Солардай болуды, еліне, жеріне қызмет етуді сол кездің өзінде алдына мақсат етіп қояды. Осылайша көпшіліктің көңілінен шыққан өнер ұжымы араға көп уақыт салмай-ақ Өзбек ССР-нің Гүлістан, Ержар, Ташкент қалаларының сахналарында өнер көрсетіп, көрерменнің алғысына бөленеді.
Жоғары санатты ұстаз Айжамал Ермаханқызы жастайынан адалдық пен әділдікті өмірінің негізгі қағидасына айналдырғандықтан болар күні бүгінге дейін өзгенің ақысын жеп, ала жібін аттаған емес. Ешкімге пайдасы болмаса зиянын тигізбеген.
1998-жылы құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай кәсіпкерлікпен айналысуды бастады. Өз кәсіпкерлігін ең алғаш өзінің сүйікті ісі гүл өсіруден бастаған апамыз Жетісай қаласындағы М.Әуезов көшесі бойынан «Гүлдер» дүкенін іске қосты. Дүкенді тек іске қосып қана қоймай алыс-жақын шет елдерден жаңа тұқымдар әкеліп екті.
Осылайша шыдамдылық пен ерекше ілтипатты қажет ететін гүл өсіру ісін өрге домалатқан ақ көңіл Айжамал Ермаханқызы көпшіліктің алғысына бөленіп, аудан көлеміндегі қайырымдылық шараларында даралана бастады. Табысынан тағдыр тәлкегіне ұшырап мүгедек атанған, асыраушысынан айырылған жетім балалар мен көп балалы отбасыларына шамасының келгенінше қол ұшын созып, жәрдем беріп келеді.
Өткенге сын көзбен қарап, өмір тәжірибесін арттыра білетін, ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене араласатын жанның қолға алған ісін ұршықша иіріп алып кететін ерекше қасиеті, халыққа қызмет көрсетіп, кәсіпкерлік саласын дұрыс жолға қоя білген еңбегі елеусіз қалмады.
Қажырлы ерен еңбек сол Одақ кезінде-ақ әділ бағаланып ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін бірнеше рет аудандық партия комитетінің, облыс, аудан басшыларының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Атап айтар болсақ 1979-жылы ЦК КПСС, ВЦСПС, ЦК ВЖСМ-нің «Социалистік жарыстардың үздігі» белгісімен, 1985-жылы Қазақ ССР оқу-ағарту Министрлігінің «Еңбек Ері» медалімен марапатталып, 1987-жылы «Үздік ағартушы» құрметті атағы берілген.
2010-жылы 3-желтоқсанда Елбасының Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Алғыс хатымен», 2014-жылы наурыз айында «Мақтарал ауданының дамуына қосқан үлесі үшін», 2014-жылдың жетоқсанында «Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.
2014-жылдың сәуір айында «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаевтың алғыс хатын иеленсе, қазан айында Шымкент қаласында өткен ҰОС Жеңісінің 70 жылдық мерекесіне арналған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» облыстық фестиваліне қатысып, ұлттық «Киіз басу» биін билеп, Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұловтың атынан берілген дипломмен марапатталды.
2015-жылы Мақтарал ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі ескереліп, «Мақтарал ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе, 2016-жылы облыс әкімі Б.Атамқұловтың атынан қоғамдық саяси жұмысқа белсене қатысқаны үшін алғыс хатымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Мәслихаты депутаттарын сайлауда «НұрОтан» партиясының сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған.
Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде белсенділік танытқаны үшін ОҚО ПД ЖПҚ-нің бастығы полиция полковнигі А.Сейдуалиевтің 2017-жылы тамызда алғыс хатымен марапатталды.
1-қазан 2017-жылы қарттар күніне орай ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімі Ғ.Исмаиловтың және Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәслихатының хатшысы Қ.Балабиевтің алғыс хаттарымен марапатталды.
Қоғамдық-саяси істерге белсене араласа жүріп ел мүддесінен өзінен биік қоя білетін Айжамал Ермаханқызының бастамасымен әжелер арасында волейбол командасы құрылып, салауатты өмір салты кеңінен насихатталуда.
Сонымен қатар, ұлттық қасиеттер мен құндылықтарды жастардың бойына сіңіру мақсатында әжелер алқасы жыл сайын «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын», «Ата дәстүр – асыл қазынамыз», «Зерделінің ойы озық» және «Тәрбие – тал бесіктен басталады» сынды тәрбиелік маңызы жоғары іс-шараларды өткізіп келеді.
Тағы бір айта кетерлік жәйт – еліміз өз алдына бөлек шаңырақ көтеріп, егемендігін алғалы елдің ертеңгі жарқын болашағы үшін тынымсыз еңбек етіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп жүрген осындай аналарымыздың есіл еңбектерін кейінгі ұрпақтарға үлгі ету мақсатында «Атамекен» баспасынан жарық көрген Кенжебек Тұманбайұлының 10 бөлімнен тұратын «Ел ардақтылары» кітабына Мақтаралдық 368 ананың жүріп өткен өмір белестері мен еңбек жолдары жазылған.
Міне осылайша ел-жұрттың алғыс-тілегін арқалаған аяулы ана, ардақты ұстаз Айжамал Ермаханқызы Қоңырбаева мерейлі 75 жасқа толып отыр. Өмір белестерінде жүріп өткен жолы бүгінгі жас ұрпақтар үшін үлгі-өнеге аларлықтай-ақ. Өйткені – өмірде өзіне емес өзгенің жеткенін, өзінде емес өзгеде болғанын шын көңілімен қалайтын мұндай жандардың қатары сирек.
Қайраттылығы мен мақсатына ұмтыла білетін табандылығының арқасында атқарған игі істерінен атқарар істері әлі алда екенін ел білетін Айжамал Ермаханқызына мерейлі мерекеңіз құтты болсын дегім келеді.
Аружан АБДУАЛИ
8 сынып оқушысы
№1 М.Горький атындағы
мектеп-гимназиясы
ОҚО Мақтарал ауданы
Жетісай қаласы
Жетекшісі: Нұрбақыт Сұраншиева
Просмотров материала: 3 962