Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған мақсатты Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жыл басындағы халыққа жолдауында айқындаған болатын және қайта түлеуді іске асыру аясында саяси реформа, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру сияқты жаңғыру үдерісі жүзеге асырылатын бағыттарды көрсетті.
Егер біз мемлекет болғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн.
Н. Назарбаев.
Көп ұзамай Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында аталған саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып, оның өзегіне айналатын рухани жаңғырудыңбағыт-бағдарын айқындап, даму жолдарын нақтылап берді.
Ұлттық жаңғыру өткен тарихымызды білуден басталады және замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білуден тұрады. Өткенге көз жүгіртпей, болашақты болжау мүмкін емес деген ел аузында қанатты сөз бар. Сондықтан, еліміздің сот билігі де ұлттық жаңғыру мәселелеріне аса мән беруде.
Осы орайда ҚР Жоғарғы Сотының Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласын бүкілхалықтық талқылау шеңберінде «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» атты «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, өзекті пікірлер айтылды.
Жоғарғы сот ұйымдастырып өткізген бұл алқалы жиын жергілікті соттарға бастама болыпАқмола облыстық соты мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті бірлесе ұйымдастыруымен «Қазақ даласының билер соты – егеменді еліміздің сот-құқық жүйесінің негізі» тақырыбында ғылыми – тәжірибелікконференциясы өтті.
Конференцияның мақсаты жас ұрпақты ата дәстүр мен патриоттыққа баулу, отаншылдық рухқта тәрбилеу және тарихы тереңнен тамыр тартатын билер сотының құрылымын, оның халық алдында атқарған міндеттері мен жаупкершілігін сараптауда, билер соты еліміздегі бүгінгі сот билігінің бастау көзі, оның айнымас бірегей жүйесі екенін халыққа жеткізу.
Конференцияда Ақмола өңірінде туып өскен билер Әз Бөгенбай, Бапан би, Саққұлақ шешен, Байдалы би, Сатайұлы Әлдебек би және Түркебайұлы Етекбай би, Дүйсен мен Бекше билер және т.б. туралы ой қозғалды.
Хан алдында дат қылған, қара қылды қақ жарған, ақ пен қараны риясыз ажыратқан, ел дауы, жер дауы, жесір дауында қылау салдырмай, кінәліні жауапсыз қалдырмай, дауды дамайсыз шешкен билер кеңесі, ханға қырық кісінің ақылын берген билер алқасы, халық алдында адалдығымен абыройын асырған билер кесімінің өміршеңдігі мен өзектілігі әділетілігінде, параға былғанбайтын, сыбайластыққа, жемқорлыққа жол бермейтін бірегейліктері тек шындық құдіретіне жүгінгендігінен деп білеміз.
Шындық пен әділдікке жету қазақ құқығының оған негізделген, билердің соттық шешімдерінің түпкі негізі, түпкі мақсаты саналған. Оны мына нақыл сөзден көруге болады: «Әдет – әдет емес, жөн - әдет», «Тіл жүйрік емес – шын жүйрік», «Адал би – әділ би», «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ».
Халық жадында «Елге бай құт емес, би – құт», «Қабырғадан қар жауса – атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе – қабырғалы биге күш» немесе «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары, білімі бар» деген даналық сөздер билердің мемлекет алдындағы беделінің тым жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Билер – біртұтас мемлекеттік билік ісіне қосқан үлесі және ел басқарудағы ісі, тапқыр билігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі, даналығымен танылған құрметті тұлға.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Ә. Мәми «Сот жүйесінің рухани өрлеуінің алтын арқауы – билердің әділ төрелігінде, шешендік өнерінде жатыр», - деп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы айтып өткен қайталанбас ұлттық кодтың құрамдас бөлігі ретінде оған лайықты бағасын берген болатын.
Билердің шешендігі белгілі бір дауларды шешу үстінде көрінген, шешендік-тапқырлық сөздері белгілі мақсатпен байланысты туған. Олардың дауласқан, айтысқан мәжілістеріне екінің бірі кірісе, араласа алмаған.
Қазақ даласында би болу оңайлыққа түспеген. Оған күрделі талаптар қойылды. Би боламын деген адам тек жеке қасиеттерімен танылып қана қоймай бірқатар сатылардан тұратын сыннан сүрінбей өтуі керек болған.
Далада әділеттің ақ туын желбіретер биге табиғат берген қасиеттерден басқа шешендік, сөзуарлық, ақыл-парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермеу, және де «Қасым ханның қасқа жолында», «Есім ханның ескі жолында», «Әз Тәукенің Жеті Жарғысында» көрініс тапқан «Дала заңының» негізгі қағидалары мен нормаларын жатқа білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нәр алу секілді негізгі талаптар қойылатын.
Баласының табиғи дарынын байқаған ата-анасы оған би болу жолында дұрыс бағыт-бағдарды тәрбие беруге тырысқан. Еңалдымен отбасында оған қазақтың айшықты сөз өнерін, әдеттік-құқықтық дәстүрлері мен ережелерін үйреткен, логикалық мәселелерді шешуді, яғни соттық қызмет барысында кездесетін сан-қилы өмірлік мәселенің түпкі негізін табуды үйренуіне көмектескен, қисынды сөзбен қиюластырылған жұмбақ сөздің астарын табуға баулыған.
Аулына белгілі, танымал, көпті көрген, өзінің білген түйгенімен өмірлік тәжірибесі бар ауыл ақсақалдарынан тәлім алған. Мұндай жас жеткіншектің ерте бастан белгілі билердің алдын көріп, оларға атқосшылыққа жүріп, «далалық» сот ісін жүргізудің қыр-сырын жас күннен бастап игеруі өте маңызды шарт болып есептелген.
Абай атамыз өзінің үшінші қара сөзінде «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрыңғы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек деп айтып кеткен.
Бұл туралы академик Салық Зимановта өзінің төрт тілде шыққан «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын.
Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» дейді. Мысалы, бүкіл шығармасы философиялық ойға тұнып тұрған, он үш жасынан сот билігіне араласқан Абайдай кемеңгер данышпан, бала кезінде-ақ мұндай сынның талайынан сүрінбей өткені баршаға мәлім.
Шарапатов Асқар,
Ақмола облысы Атбасар аудандық сотының судьясы
Просмотров материала: 3 408