«Бензин қымбаттапты. Бензин бағасы тағы қымбаттайды екен», деген жарапазан жарнамалардан жұртшылық мүлде жалықты. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, қазақстандықтар күз бен көктемде бензин бағасының неше теңгеге көтерілетінін алаңдай күтуді әдетке айналдырды. Биыл да еліміздегі жанар-жағармай стансалары крандарының құлағын ұстағандар «дәстүрлерінен» жаңылмады. Қыркүйек айында бензин бағасы бірден 10-11 пайызға көтеріліп шыға келді. Қазан айында көлік жүргізушілер ең көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің литрі 153 теңгеге шарықтап шықты.
Қалталары тақырланған көлік жүргізушілер бензин бағасының күрт қымбаттауының себебін білгісі келіп, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың аузына қарайды. Ал министр жалтақтап Ресейге қарайды. Оның айтуынша, еліміздегі АИ-92 бензиніне деген сұраныстың 30 пайызы Ресейден әкелінген өнім арқылы қанағаттандырылады. Үстіміздегі жылғы мамыр айынан бері Ресейден тасылатын бензиннің көтерме бағасы тоннасына 517 доллардан 560 долларға дейін қымбаттаған көрінеді.
Әлемдік санкция қыспағында отырған Ресей тауар өндірушілерінің алдағы уақытта бағаны тағы қалай құбылтатындығы Бозымбаевқа беймәлім екен. Тәуелсіз мемлекеттің білдей бір министрінің жауабын екінші бір мемлекет өнімінің бағасына тәуелді қылып қойған қандай құдірет? Мұнай шикізатының үстінде отырған Қазақстанның мұнай өнімдері бойынша үнемі Ресейге тәуелділіктен құтыла алмай келе жатқандығының сыры неде? «Қазақстан феномені» атанған экономикалық жетістіктерін әлемге танытқан егемен елімізде ширек ғасыр бойына бір мұнай өңдеу зауытының салынбауын қалай түсінуге болады?
Ең бастысы, біздің елімізде бензин бағасы қашан тұрақтайды?
Көпшіліктің көңілін күпті қылған осы бір ащы сұрақтарға ашық жауап іздейтін уақыт жеткен сияқты.
«Бақсам, бақа екен» дегендей, бұл тағдыршешті сұрақтардың сыры «жабайы капитализмдегі жекеменшіктің бас пайдасын өсіруге құныққан «бармақ басты, көз қысты» атты бақай есепте жатыр екен. Оған Қазақстандағы бензин бағасын белгілеу құрылымының қыр-сырын зерттеу арқылы көз жеткізуге болады.
Мәселен, Ресейде бензин бағасын белгілеген кезде оның құнының 50 пайызын бюджетке аударылатын акциздер мен салықтар құрайды. Ал Қазақстанда бензин бағасының 50-60 пайызы шикізат құнынан, 20-30 пайызы қайта өңдеуге және тасымалдауға жұмсалатын шығындардан, тек қалғаны ғана бюджетке түсетін акциздер мен салықтардан құралады.
Яғни бензин бағасынан түсетін пайданың 80 пайыздан астамы бір қолға шоғырланған еншілес (аффилированные) компанияларға тиесілі. Өйткені шикізатты жеткізетін де, дайын өнімді алатын және тасымалдайтын да осы барлық пайдасын бір қожайынның қалтасына құятын үлесі бір еншілес компаниялар болып табылады. Сонда осы қалталы қожайындар дайын мұнай өнімдерінің белгілі бір бөлігін қымбатқа шетелден тасығанша, еліміздің сұранысын қанағаттандыратын жоғары сапалы бензинді толықтай Қазақстанда шығаруға неге мүдделі емес?
Бұл сұрақтың жауабы да сол еншілес компаниялардың мүддесін көздеген көзқараста жатқан сияқты. Мәселен, соңғы Үкімет отырысында Премьер-Министр еліміздегі бензин бағасын қалайда тұрақтандыру қажеттігін алға тартып, Энергетика министрін сұрақтың астына алып-ақ бақты. Қ.Бозымбаев болса, «Барлық мәселе Ресейден тасымалданатын 20 пайыз көлеміндегі бензиннің бағасына байланысты.
Егер оның бағасы бүгінгідей тоннасына 560 доллар болса, ішкі рыноктағы бағаны реттеуге болатын шығар. Ал оның бағасы көтерілетін болса, осы шеттен жеткізілетін 20 пайыздың өзі біздің елімізде бензиннің қымбаттауына әкелуі мүмкін», деп екіұшты жауаппен құтылды. Бұдан шығатын түйін: егер сұранысты қанағаттандыратындай бензин көлемі өз елімізде шығарылатын болса, оның бағасын реттеуге болады. Ал оның белгілі бір бөлігі импортқа тәуелді болса, ішкі рыноктағы бағаны реттеу Үкіметтің де құзырына бағынбайды.
Яғни жанар-жағармай стансалары крандарының құлағын ұстаған «алыпсатарлар» импортты сылтауратып, бензин бағасын үнемі көтере береді. Міне, гәп қайда...
Бензин мәселесінде импортқа тәуелділіктен құтылудың жолы қайсы?
Оның жолы біреу – қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын түбегейлі жаңғырту немесе төртінші мұнай өңдеу зауытын салу. Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу туралы мәселенің көтерілгеніне жиырма жылдың жүзі болып қалды. ҮИИД бағдарламасы қабылданған кезде де жаңа МӨЗ салу мәселесі күн тәртібіне өткір қойылды. Тіпті мұндай зауытты Қазақстанның қай өңірінде салу тиімді болатыны да белгіленді.
Мемлекет басшысы 2014 жылы 17 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігін нақты экономикалық мысалдармен дәлелдеп берді. Ал сол жылдың желтоқсан айында ҮИИД бағдарламасы бойынша іске қосылатын кәсіпорындардың тұсаукесер салтанаты өткен телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өзіміздің мұнайымыз бола тұра, кім-көрінгенге алақан жайып, әлдекімдерге жалынып, мұнай өнімдерін сұрамау үшін бізге қалай болғанда да жаңа өңдеу зауытын салу керек», деп атап көрсетті.
Бұдан артық енді қалай айтуға болады?!
Содан бері де үш-төрт жыл өте шықты. Алайда МӨЗ салу мәселесі сиырқұймышақтанып, күн тәртібінен көмескіленіп барады. Тіпті тиісті министрліктер мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстанға үшінші мұнай өңдеу зауытын салудың ешбір қажеті жоқ екенін дәлелдеп бағуда. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов «Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты жеткілікті. Кеңес заманында ол екі кезеңмен 12 миллион тонна өнім шығаруға жобаланған. Құрылысшылар үлгермегендіктен бірінші кезеңінің қондырғылары ғана орнатылды. Осыған байланысты жоспарлы түрде Шымкент зауытының қуатын арттырып, еліміздің мұнай өнімдеріне сұранысын толық қанағаттандыруға шешім қабылданды», деп мәлімдеді.
Сонымен бірге ол төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі демографиялық жағдайға тікелей байланысты, ал еліміздегі демографиялық ахуал тағы бір мұнай өңдеу зауытын салуға негіз бола алмайтындығын да алға тартты. Қазақстанда жаңа мұнай зауытын салу туралы Мемлекет басшысының тікелей берген тапсырмасын орындаудан осындай негізсіз сылтаулармен жалтарған мемлекеттік топ-менеджерлердің біліктілігін бағалауды уақыт еншісіне қалдырып, қолда бар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мәселесіне келейік.
Белгіленген жоспар бойынша еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту 2009-2015 жылдары жүргізіліп, 2016 жылы Қазақстан отандық жоғары сапалы бензинмен толық қамтамасыз етілуге тиіс еді. Қазіргі күнге дейін белгілі болған деректер бойынша, еліміздегі осы үш мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жаңа зауыт салуға жұмсалатын қаржыдан да көп қаржы жұмсалып отыр. Мәселен, Атырау МӨЗ-ді жаңғырту және қайта құруға – ароматты өндіріс кешеніне 1329 миллион АҚШ доллары, терең өңдеу кешеніне 2050,1 миллион доллар қаржы жұмсалса, Шымкент МӨЗ-ін жаңғыртуға 1853,5 миллион доллар, Павлодар МХЗ-ын жаңғыртуға 831 миллион доллар қаржы шығындалды.
Осы ретте осыншама қаржы жұмсаған жаңғырту жайы қалай болып отыр деген орынды сұрақ туындайды. 1985 жылы пайдалануға берілген Шымкент МӨЗ еліміздегі үш МӨЗ-дің ең жаңасы болып саналады. Оның қуаты жылына 5,25 миллион тонна мұнай өңдеуге негізделген. 90-шы жылдардағы «жекешелендіру» кезінде бұл зауыт түп-тұқиянымен «Витол» атты нидерландтық компанияға 60 миллион долларға сатылды. Нидерландтық «инвесторлар» мұнай өнімдерін терең өңдеу үдерістерінің бәрін жиып қойып, тез пайда табу үшін толықтай мазут өндіруге көшті. Мемлекет кейіннен Нидерланд инвесторларынан Шымкент МӨЗ-ін қымбат бағаға зорға дегенде қайта сатып алып, жаңғырту мәселесінде «жұмақ» жасауға уәде берген канадалық инвесторларға сатты.
Бірақ олар да уәдесін орындамай, зауытты тұралатып кетті.
Қазір Шымкент зауытының 50 пайыз үлесі Қытай инвесторларының қолында.
Сондықтан еліміздің ішкі рыногына ауадай қажет болып отырған жоғары сапалы бензин маркаларын шығару үшін мұнайды терең өңдеуге қатысты жаңғырту кешенді жүргізіле ме, жүргізілмей ме – Қытай инвесторларының қас-қабағына байланысты. Атырау МӨЗ-і 1945 жылы америкалықтардың басшылығымен салынған болатын. Соғыс жылдарындағы күрделі кезеңде салынған зауыттың технологиялық кемшіліктері көп еді.
Соңғы жылдары зауытта екі рет күрделі жаңғырту жұмысы жүргізілді. 2000 жылы Атырау МӨЗ-ін қайта жаңғыртып, жаңа қондырғылар орнатқан Жапонияның «Джей Джи Си» және «Марубени Корпорейшн» компаниялары жоғары сапалы жанар-жағармай өнімдерін шығаруға уәде берген. Іс жүзінде зауыт әлі күнге дейін жоғары сапалы бензин өнімдерін шығаруға қабілетсіз. Павлодар МӨЗ-і 1978 жылы пайдалануға берілді.
Павлодар зауыты негізінен Батыс-Сібір кен орындарында шығарылған мұнайды өңдеуге бағытталған. Павлодар МӨЗ-і 90-шы жылдары жекешелендіріліп, арзан бағамен Р.Сәрсенов деген кәсіпкердің меншігіне өтті. 2009 жылы Сәрсенов бұл зауытты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына 1,2 миллиард долларға қайтадан сатты. Соңғы кезде Павлодар МӨЗ-ін жаңғырту бойынша сметалық жобалау құжаттары жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бірақ бұл зауыт баяғысынша елімізде өндірген мұнай шикізатын терең өңдей алмайды.
Қазыналы қазақ жерінің қойнауындағы барлық мұнай мен газ қорына иелік жасап отырған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қолдағы үш МӨЗ-ді уақыт талабына сай жаңғырта алмай ма, не бір жаңа МӨЗ салуға шамасы жетпей ме? Әбден жетеді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы осыдан бір-екі жыл бұрын Румынияда бір МӨЗ сатып алып, оны аз уақыттың ішінде жан-жақты жаңғыртқан болатын. Өйткені Еуропада жанар-жағармай өнімдері қымбат. Сондықтан мүдделері бір еншілес компанияларға түсетін пайда жоғары.
Ал біздің еліміздің жағдайында кен орындарының иелеріне жан қинамай-ақ әлемдік жоғары мұнай бағасымен шикізат сатқан тиімді.
Қорыта айтқанда, дайын мұнай өнімдерін сататын бизнесмендер мен олардың әртүрлі мемлекеттік органда отырған лоббистері үшін еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің импортқа тәуелді болғаны тиімді. Сондықтан олар елдегі мұнай өңдеу зауыттарын терең жаңғыртуға да, жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға да мүдделі емес. Ендеше жылда қайталанатын бензин бағасының қымбаттауы туралы бестселлерге біздегі бензин бағасы Ресейдегі бензин бағасымен теңескенше нүкте қоя алмайтын сияқтым.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Просмотров материала: 2 376